$ 447.4  477.55  4.76

Еңселі жұрттың Елтаңбасы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  25 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты акция бастау алды. 25 жұлдызды күн аясында өтетін шаралар жүріп өткен жемісті жылдардың нәтижесін жария етуге бағытталып отыр. Айтулы шараның алғашқы күні ел Конституциясының құрметіне арналса, бүгінгі мезет – Мемлекеттік рәміздер күніне  орайластырылды.

1991 жылғы Қазақстанның тәуел­сіз ел болуы болашақ Елтаң­ба авторы Жандарбек Мәлібек­ұлы­ның да тағдырын күрт өзгертті. Осы жылдың аяғында ол Әмір Темір кешенін жасау жөніндегі ха­лықаралық конкурсқа қатысу мақсатында қызу дайындық жасап жүрген болатын. Бір күні Алматы­дан жерлестері «Егемен Қазақ­стан» газетіндегі «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Мемлекеттік туының, Елтаң­басының және Әнұранының ең таңдаулы жобасына жарияланған конкурс туралы» ақпараттың шыққанын хабарлап, соған неге қатыспайсың деген сауалдар қойды. Бұл төтенше хабар анау-мынауға қозғала қоймайтын, жасы елуді алқымдап қалған сәулет­шінің Отанына деген сезімін оятып, қызығушылығын арттырғаны даусыз. Ең бастысы, туған елдің тағдырына қатысты дүние жасау ниеті, соған үлес қосуға ұмтылыс күндіз-түні мазалап, ойдан шықпай қойды. Толып жатқан тарихи және археологиялық еңбектерді ақтарды. Орталық Азия мұражайларына қойылған сақтардың экспонаттары және ғылыми әдебиеттермен танысты. Содан Елтаңба қазақ тұрмысының ғасырларға кеткен тарихы мен бүгінгі күнін біріктіруі, ол үшін Ұлы Дала тұрғындарының тарихы үш мың жылдан асатын, ежелден тұрағы, құтты мекені, имандылық ұясы, дәстүрлі ордасы болып келе жатқан қасиетті де киелі киіз үйді идеяның арқауы ету керек деген ой санадан шықпай қойды. Көшпелі скиф тайпаларының киіз үйде тұрғаны Геродот, т.б. ертедегі грек тарихшылары жазбаларынан белгілі. «Шаңырағың шайқалмасын!», «Керегең кең, босағаң берік болсын!» деген баталар ұлтымыздың санасында берік орнағаны қашан. Қазір киіз үй мекенжайдың тұрмыстық символына айналып келе жатса да, өзінің өмірге қолайлылығы, құрылымының күр­делілігі мен әсемдігі кәсіпкер­лерді қызықтырып, олар осы жобамен іштері кең де зәулім ресторандар салулары тегіннен-тегін емес.

Жандарбек Мәлібекұлы өз идея­сын жүзеге асыру үшін барын салды, үлгер­ді, байқау талабына сәйкес болашақ Елтаңбаның жоба­сын Ташкенттен алып келіп, Қазақ­стан Республикасы Жоғарғы Кеңесі­нің кеңсесіне тапсырады. Содан 293 жұмыстан комиссия назарына 10-ы ілікті. Ол жобалар сан рет сарап­қа салынды. Солардың ішінде Жандарбек Мәлібекұлының жұмысына қызығушылар қатары­ның көптігі бір­ден көзге түсті. Алайда, макеттегі «қошқар мүйіз­ге» көнерген деп үрке қараған­дар, «жұлдызға» кешегі Кеңес өкіме­­тінің қалдығы деушілер комиссия қатарында болмай қалмады.

1992 жылғы маусымның 4-і күні Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжі­лісінде Қазақстанның жаңа мем­лекеттік рәміздерімен ресми танысу болды. Осында сөйлеген сөзінде Президент Н.Ә.Назарбаев былай деді: «Ұлттық рухты осыншама кемел жеткізген елтаңба әлемде сирек кездеседі десек те артық болмас. Қазақ өмірінің ұлы белгісі – шаңырақтан тараған таң шапағатындай уықтар аясындағы ай мүйізді, алтын қанатты ғажайып пырақтар халқымыздың болашаққа ұмтылған асқақ арманы­ның бей­несіндей болып көрінеді. Қос пырақтың ортақ шаңырақты қанатымен қорғап тұрғаны да көп ой салады. Елтаңбада өте-мөте келісті көркемдік шешімін тапқан ұлы идея – ЕРКІНДІК идеясы біздің есімізге қазақтың: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген қанатты сөзін еске салып тұратын болсын. Айбынымызды асырып, рухымызды аспандатар елтаңбамыз құтты болсын!».

Бұдан кейін тапсырма бойынша үш айдың ішінде Елтаңбаның қоладан құйылған үлгісі дайындалып, 1992 жылы ол ресми түрде қабылданды. Ал 1996 жылғы қаңтардың 24-інде Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Мем­­ле­кеттiк рәмiздерi туралы» консти­туциялық заң күшi бар Жар­лығы­мен Елтаңбаның құқықтық мәртебесі айқындалды.

Елтаңба өте күрделі, толып жат­қан қызықты да киелі мәні бар киіз үйдің шаңырағы, уығы, желбауы, керегесі, басқұры, босағасы сияқты әмбе­бап ұғымдарға толы. Сол себепті оны осы кезге дейін жан-жақты түсіндірумен келеміз. Ол орынды. Біз де Елтаңба туралы кейбір түсініктерге өз қатысы­мызды білдіре кеткенді жөн көрдік. Өйткені, бұл оның мәні мен мазмұнын аша, айқындай түседі.

Мемлекетіміздің басты рәміз­дерінің бірі – Елтаңба қазір мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен бейнелер жиынтығын білдіреді. Ол қазақтың ұлттық дәстүрінен туған ұғым, бейне. Таңба – қазақта ежел­ден келе жатқан меншік иесінің де бел­гісі. Жылқыға да таңба басқанды, уақ малдарға да ен салғанды бала кезімізде талай көргенбіз.

Ұлы Дала тұрғындарының қол өнері­нің үлгілері дәл және әсем бейнеленген, тіршіліктің негізгі бастауының бірі болып саналған, көк күмбезді еске түсіретін, көгіл­дір түс аясындағы ең басты жоға­ры жүйе құраушы бөлігі шаңы­рақ бейнесі – Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік Елтаң­басының негізгі бөлігі. Бұл елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қасиетті қонысын, біртұтас Отанын бейнелейді.

Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі күн арайларын еске түсі­ретін оның уықтарына байланыс­ты. Күн сәулесі секілді тара­ған, кереге мен шаңырақты жал­ғас­тырып тұрған 72 дана уық тәуел­сіз елдің бірлігі мен тірлі­гін иықтаса көтеріп тұрған көп этнос өкілдерін танытып тұр. Және ол уықтар соншалықты бір-бірі­не ұқсағанмен әрқайсысының шаңы­рақ қаламдығында өзіне ғана тиісті орны бар. Кез келген уық кез келген жерге қадала да, орналаса да бермейді.

Шаңырақтың оң және сол жағы­на орналастырылған бейнелер – аңыз­дардағы қанатты пырақтар. Бұл – қазақ поэзиясында кең тараған, қалаған уақытыңда Ұлы Даланың о шеті мен бұ шетінен жеткізетін құстай ұшқан дүлдүл бейнесі ұшқыр арманның, самғаған қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың көрінісі. Ол ер-аза­маттың сәйгү­лiк серігі, жауға шабар ең бас­ты көлігі, жеңiске жеткізер қай­раты, жасымас жiгер мен мұқал­мас қажырдың қуаты, алға, еркін­дік­ке құлшыныстың бейнесi. Пырақтың қанаты – көп этносты халқымыздың шынайы биікке самғаған ой-арманы мен жасам­паз­дыққа құштарлығының белгі­сі. Ал тұлпардың масақ­ты бейне­ле­ген алтын қанат­тары қазақ­стан­дық­тардың еңбексүйгіш­тігі мен мате­риалдық игіліктерін танытады.

Елтаңбаның жоғары бөлігінде – қиылған конустың бүйір беті­не көлемді бес бұрышты жұл­дыз орналасқан. Оны адамзат ежелгі заманнан бері пай­дала­нып келеді. Мемлекеттік Елтаң­­баның тәжi тәрізді жұлдыз қазақстандықтардың әлем­нің барлық халықтарымен ынты­мақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытумен қатар, өз бақытын, өз жұлдызын табуды бейнелейді.

Шынына келгенде, әрбiр адам­ның жол нұсқайтын жарық жұл­дызы бар, сондықтан ол әруақытта қазақтың «жұлдызың жансын, жұлдызың жарқырасын» деп бата бергендегі қа­сиетті ырымдық ұғымды танытып тұр. Ырымнан көп қаша бермеу керек. Бұл адамның өзіне деген сенімін арттырудың психологиялық, рухтық жолы болған, солай болып келеді.

Елтаңбадағы мүйізді көш­пен­ділер өз әдет-ғұрыптарында кие­­­лілік­тің, ерекшеліктің, оқшау­лық­тың, қасиеттіліктің символындай пай­даланылған. Дала тағылары ақбөкен мен бұғы мүйі­зінің шипалық қасиеті ежелден белгілі. Сондықтан, көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халық­тар­дың символдық композицияларында елеулі орын алады.

Шаңырақ табанына симметриялы орналасқан кереге – киіз үй тұлғасы. Киіз үйдің алдыңғы шығыңқы бөлігі, Елтаңбада кертпеш элементтермен бірге төменгі бөлекте орналасқан босағаның ортаңғы бөлігінде ірі әріппен жазылған «ҚАЗАҚСТАН» деген қасиетті сөз барлық белгілерді біріктіріп ұстап әрі көтеріп тұр. Бұл  – еркіндік алған, бос­тан­дық­қа жеткен, өз билігі өзінде, өз бақы­тын өзі жасайтын тәуелсіз қазақ халқы­ның алтын әріпті жарқырап тұрған Отанының аты.

Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік Елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы Дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан, дөңгеленіп келіп тұратын өмір мен мәңгіліктің символы. Сонымен қатар, Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі ашық аспан мен тыныш тіршілік ұғымдарын танытып тұр. Алтын ежелгі қазақ ұғымында байлықтың символы, металдың ең асылы да тазасы және адам өміріне пайдалысы.

Қорыта келе айтқанда, Мем­лекеттік Елтаңба қазақ елінің Сақ дәуірінен соңғы ғасырлардағы мемлекеттіліктің қалыптасуының тарихи кезеңдерін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, философиясын, ой-қиялын, арман-мүддесін, талғам-түсінігін таныта отырып, мемлекеттің тұтастығы мен бірлігін, ұлттық үйлесу мен жарасымдылықты тамаша ұштастырған. Сондықтан да бұл символдық композицияның мәнділігі мен мазмұндылығы, тартымдылығы мен әсемдігі, көркемдігі мен көріктілігі ғажайып та өміршең, баянды да жасампаз.

Мұның барлығы Елтаңба авторы­ның ата-баба мұрасын, ұлты­мыз­дың баға жетпес құнды­лықтарымен таныс­тығын, оның асылдарын жүйе­лі игер­генін байқатады. Әсемдік­ке құмарлық, ерен еңбекқорлық, алған іске деген ерек­ше жауапкершілік оны өмір бойы алға тартып, жеңіске жеткізді, еліміздің мемлекеттік асыл рәміздерінің бірін дүниеге келтіруге жетеледі.

Елтаңба авторының туған елімен байланысы 1998 жылдардан бас­талды. Ол Қызылордадағы Айтпай мешітін қайта қалыпқа келтіріп, Асқар Тоқмағамбетов атындағы филар­мо­ния реконструкциясын жасап, халық игілігіне жаратты. Ал 2002 жылы Астанадан қоныс тапқаннан кейін оның сәулет саласындағы жұмысы қыза түсті. 15-тен астам ірі нысан­ның жо­басы дайындалды. Нейрохирур­гия инс­титутының техника-экономи­калық негізін дайындауға, «Нұр Астана» мешітінің эскиздік жоба­сын қалыптастыруға, Опера және балет театрының жобасына жарияланған конкурсқа қатысып, «ЭКСПО-2017» алып құрылыс нысанында салынып жат­қан Қазақ хандығының 550 жылдық құрметіне арналған символдық ғима­рат бар.

Тәуелсіздік таңымен дүниеге келген Мемлекеттік Елтаңба соңғы жеті-сегіз жылдық еңбек­тің арқасында биылғы тәуел­сіздігіміздің жиырма бес жыл­дық тойына байланысты жаңа мемлекет­тік стандарт (ҚР СТ 989-2014) үлгісіне ие болып, оның қырықтан астам элементі белгілі атауларды иемденді. Енді ұлты­мыздың рухани һәм материалдық құнды­лықтарын бойына жинақтаған Елтаңба Мәңгілік Елдің де басты мем­лекеттік рәміздерінің бірі бола бере­тініне сенім мол.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы, профессор

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары