$ 444.32  473.33  4.76

Жастарға үлкен үміт артылып отыр

«ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамы еліміздің мұнай-газ саласындағы жетекші компания болып табылады. Компанияның өзіндік өндірістік және еңбек дәстүрі бар. Соңғы жылдары мұнда өндірісті жаңаша ұйымдастыруға, нарықтық қатынастарды дамытуға және адам ресурсын тиімді пайдалануға бағытталған сәтті қадамдар жасалуда. Соның бірі компания келешегі жастарға сенім арту, олардың жастық жігері мен ғылыми ізденістерін өндірісте тиімді пайдалануға серпін беру екені сөзсіз.

Ақтөбеде өткен «Қаз­Мұнай­Газ» ҰК» АҚ жас­тары­ның III слетінде осы және бас­қа мә­селелер талқыланды. Слеттің «Өзгерісті өзіңнен баста» деп аталуында да үлкен мән бар. Бұл – компанияда жұмыс іс­тейтін әр жасты уақыт тала­бы­на қарай икемделе еңбек ету­ге ұмтылдырудың бір жолы. Форум іс жүзінде ҚМГ компания­лар тобындағы 45 серіктес және тәуелді кәсіпорын жастарының ашық әңгіме алаңына айналды. Жастар слетінің негізгі мақсаты – жас жұмысшылар мен компания басшылығы арасында өзара түсіністікті қа­лыптастыру, өндірісті дамы­ту­дағы жастардың рөлін кү­шейту бағытында жұмыс істеу, жастар бастамаларын жүзеге асыруға ықпал ету және қолдау көрсету.

Алқалы жи­ын­ға­ Ақтөбе өңірі­н­дегі бірқатар мұ­­­­­­най-газ ком­па­ния­лары­ның жас­ ма­ман­дары шақырылды. Жас­­­­­­тар жиы­­нын жүргізіп отыр­­ған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жас­­­­тар кеңесінің төрағасы Са­ят Қай­­­гелдинов мұндай кез­­­­де­су­лер­­ді ұйымдастыру дәс­­­тү­р­ге ай­­налғанын жет­кіз­­ді. Слетте сөз алған «Қаз­Мұ­найГаз» ҰК» АҚ вице-пре­­зиденті Серік Әб­денов тран­сфор­мациялау бағ­дар­ла­масы, оның аясында ен­гі­зіліп жатқан жаңалықтар, сондай-ақ, адам ресурстарын басқару ба­ғытындағы жоспарлар туралы тарата баяндады.

– Қазір ҚМГ компания­лар тобында НR трансформациялау бо­йынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл қайта құруды әрбір қызметкерге жеткізу өте маңызды болмақ. Сондықтан ком­пания басшылығы жобаны жүзеге асырушы ретінде оның мән-маңызын түсіндіру үшін қандай да бір әңгіме алаңын тиімді пайдалануға мүдделі. 2014 жылы 6 қазанда Елбасы Н.Назарбаев ҚМГ-нің негізгі акционері «Самұрық-Қазына» компания­лар тобында трансформация бағдарламасы басталғаны туралы мәлімдеді. Оны жүзеге асырудың бас­ты мақсаты компанияның қаржы жағдайын жақсартуға бағытталған, – деді ол.

Баяндамашы корпоративтік басқарудың тиімділігін артты­ру­ға, өндірісті басқарудың жа­ңа жолдарына, компания жұмы­сының маңызды ба­ғыт­тарына, активтер ба­ға­сы­на тоқталды. Ол, сон­дай-ақ транс­формация­­­лау бағ­дар­­ламасының негізгі бу­­ы­­­­ны ең алдымен адамдар еке­нін атап өтті.

Серік Әбденовтің айту­ынша, ҚМГ компаниялар тобында 90 мың адам ең­бек етеді. Олар жылына елі­міз бойынша өндірілетін мұнайдың 22 мил­лион тоннасын қамтамасыз етеді, мұнай мен газдың 60 пайы­зын магистральды құбырмен және басқа жолдармен тасымалдайды. Мұнайды өңдеу – толықтай осы акционерлік қоғамның еншісінде. Ком­па­нияның мұнай сервистік кәсіпорындары бар. Олар жаңа кен орындарының жұмысын қамтамасыз етеді, бұр­ғылау үшін жаңа ұңғы­ма­лар­ды құ­рады, барлау жұ­мыс­тарын жүр­гізеді. Өткен жылы компа­ния бюджетке 840 миллиард теңге аударды, Ұлттық қорға да тиісінше төлемдер жасады.

Вице-президент бұдан әрі ҚМГ-нің операциялық шы­ғындарына, жалпы ш­а­руа­­шылық қызметіне тере­ңі­р­ек тоқталды. Бұл бағытта еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік үрдістерді, еңбек және тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағыт ұсталатынын жеткізді. Ол үшін өндірісті жетілдіру, дамуды қамтамасыз ету қажет. Бұған компанияның мүмкіндігі мол жетеді.

Серік Әбденов трансформациялау бағдарламасының мәнін аша келіп, жүргізіліп жатқан қайта құрудың ком­панияның алға қойған стра­тегиялық міндеттерінен бас­тап кадрларды даярлау және ірік­теп алуға дейінгі барлық буын­ын қамтитынын атап өтті. Бұл бағдарламада тек өнді­ріс­тік жағдайлар ғана емес, ұжы­мдағы тұрақтылық пен ұйым­шылдыққа негізделген әлеу­меттік мәселелерді шешу қарастырылған.

Жалпы трансформациялау бағдарламасында таяу және ұзақ мерзімді даму стратегиясы, бизнестің басым ба­ғыттары, үрдістік және опе­рациялық модельдер, ұйым­дастыру құрылымы, қыз­мет­керлерге қойылатын талаптар ойластырылған. Олар­ды жүзеге асыру еңбек өнімділігін арттыруға, жаңа технологияларды игеруге, сыртқы нарыққа бұрынғыдан гөрі кең көлемде шығуға ал­ғы­шарт жасайды. Серік Әбденов трансформация­лау бағ­дарламасының компания жұ­мысын жаңа деңгейге кө­те­руге серпін беретінін, бұл ба­ғытта резервтердің әлі де мол екенін тілге тиек ете келіп, ком­­панияның қазіргі жағдайын ше­телдік әріптестерінің дең­гей­імен салыстыра әңгіме­леуі тартымды шықты. Қазір ҚМГ жаңа кен орындарын барлау, мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеу бойынша әлемдегі жетекші 50 компанияның қата­рына кіреді. Мұнда бола­шақ­та жұмыс тиімділігін арттыра отырып, отыздыққа ену көзделуде.

Бүгінгі таңда компанияның ел аумағында 73 өндірістік активі бар. Сондай-ақ, шетел­дік әріптестерімен бірлесіп бас­қаратын активтері де жетерлік. Материалдық-техникалық ба­засы жақсы, 15 өндіру кә­сіп­орыны, 20 кен барлау орны, 8 мұнай сервистік компаниясы, 11 мұнай тасымалдау, 9 газ тасымалдау, 3 мұнай өңдеу зауыты, автокөлікке май құю стансалары және басқа бөлімшелері бар. Сондықтан, таңдап алынған бес бағыт – мұнай және газ өндіру, өңдеу маркетингі, мұнай-газ тасымалдау, мұнай сервистік қызмет бойынша даму көзделуде. Серік Әбденов биз­­нестің әркімнен нені талап ететінін, компания алдына қан­дай басымдықтар қойып отыр­ғанын алға тартты.

Одан кейін сөз алған «Қаз­МұнайГаз» ҰК» АҚ жастар кеңесінің төрағасы Саят Қай­гел­динов кеңес жұмысын бая­ндай келіп, алда тұрған міндеттерді айтты, жастардың кәсіби өсуі, инновациялық бастамалар, әлеуметтік қолдауға тоқталды. Жастар кеңесінің мәртебесін көтеріп, оның үміткерлерді жұмысқа алу, кадрлық резервті анықтау бойынша іріктеу конкурстарына қатысуы туралы ойларын ортаға салды. Ол Өнер­тапқыштар клубы туралы айта келіп, ҚМГ-де құрылған өнер­тапқыштық ұсыныстардың идея­лар банкі жастар бастама­ларына серпін беріп қана қой­май, олардың инновациялық қыз­метін кеңейте түсетінін атап өтті.

Слетте «Пікірталас клубы», «Брейнг-ринг» зияткерлік ойыны» және «English club» жоба­ларының тұсаукесері болды.

– Біздің кәсіпорында белсен­ді жастар күшімен 2013 жылдан бері «Бабалар жүрген ізбенен» жобасы жүзеге асырылуда. Жыл сайын арнаулы экспедиция жасақталып, туған еліміздің табиғи-тарихи орындарында болады. Экспедиция «Ақсу – Кендірлі», «Қараған босаға» және басқа тарихи-табиғи орын­дарда болып қайтты. Бұл жобаның танымдық-тағы­лым­дық өнегесі мол, – дейді «Өзенмұнайгаз» АҚ жастар кеңесінің төрағасы Бәйімбет Бауыржан.

Мұнайшы жастардың алқа­лы жиынында кәсіби өзін-өзі дамыту, қызмет бабында өсуді жоспарлау мәселелері сөз болды. Панельдік сессиялардың бірінде ҚМГ компаниялар тобында кәсіптік білім берудің
дуальды жүйесін енгізу жолымен жастарды даярлау мә­селелері талқыланды. Тіке­лей жұ­мыс орнында оқыту бағдар­ламасы алдыңғы қатарлы, тиімді және әлемдік тәжірибеде дәлелденген бағдарлама болып табылады. «Ембімұнайгаз» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС және Челябі құбыр прокат зауыты мамандары оқытудың осы жүйесін енгізу және оқу сынақ алаңын құру туралы тәжірибелерімен ой бөлісті.

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-де оқытудың дуальды жүйесі 2013 жылдан бері енгізілген. Осы кезеңде онда 83 студент білім алып, оның 53-і жұмысқа орналасқан. Қазір 50 адам өндіріс және оқу жүйесі бойынша оқып жүр. Ал, «Ембімұнайгаз» АҚ дуальды оқыту жүйесін былтырдан бері пайдалануда. Бастапқы кезеңде Атырау мұнай және газ институты мен «APEK Petrotechnic»-тің 39 үшінші және төртінші курс студенті қатысқан.

Слет аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Неміс қолөнершілер палатасы ұсынған өндіріс ше­берлері мен тәлімгерлерін оқы­ту жобасы бойынша жұ­мы­с­тар талқыланды. 2016 жы­лы «Ембімұнайгаз» АҚ-тың 6 маманы тәлімгерлер үшін «Кә­сіби және еңбек педа­го­ги­касы» тақырыбында үш мо­ду­льді оқудан өткен. Жастар жиы­­-
н­ын­да оларға «Тәлімгер» мә­р­тебесін беру туралы сертификаттар тапсырылды.

Слет аясында жастардың облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесуі өте қызғылықты өт­ті. Өңір басшысымен жас мұ­най­шылар ашық әңгіме-дү­кен құрды. Жастармен ашық әң­гі­меде Бердібек Машбекұлы ел экономикасы үшін мұнай-газ саласының маңызы зор екенін, мұнай өнімінің бағасы төмен екеніне қарамастан, Елбасының салиқалы саясатының арқа­сын­да еліміз экономикалық қиындықтан шыға білгенін айтты.

– Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы жастар саясатына ерекше назар аударды. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты жастар мәселесін шешу, олардың әлеуетін көтеруге бағытталды. Халықаралық стандарттарға сай білім алу үшін барлық жағдай жасалды. Мемлекет басшысының бастамасымен жиырма жыл бұ­рын «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, оны оқып келген жастар қазір ел экономикасын көтеруге атсалысып жүр. Сіздер қуатты, ақылды, талантты жастарсыздар. Қазір сіз­дер­дің қай салада болсын тың идея­ларды іске асыруға мол мүмкіндіктеріңіз бар. Мемлекет қашанда жастардың бастамасын қолдайды, – деді өңір басшысы.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Серік Әбденов форумды қорытындылай келе, жастарды компанияның дам­уына, өндірістік көрсеткіштерді көтеруге, инновациялар мен жаңа технологияларды енгізуге қатысуға шақырды. Жиын барысында белсенді жастар облыс әкімдігі мен компанияның Алғыс хаттарымен марапатталды.

Слеттің екінші күні жас­тар Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­­ның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атын­дағы орта­лық саябақта ағаш көшетте­-
рін отыр­ғызды, осында ұйым­д­ас­­ты­рылған флеш-мобқа қа­тыс­­ты. Мұнайшы жастардың екі күнге созылған ал­қалы жиы­­­ны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы жас қы­з­­меткерлерінің күшімен ұйым­­дас­тырылған концерттік бағ­дар­ламамен аяқталды.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары