$ 446.49  475.38  4.79

Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянына жаңаша көзқарас

«Дәуірге айналған есім. Нұрсұлтан Назарбаев: өмірбаянды жаңадан оқу» – кеше Мәскеуде тұсауы кесілген ресейлік жазушы Николай Зеньковичтің кітабы осылай аталады.

Жауапкершілігі мол саясаткер

Кітаптың Қазақстанда кең көлемде атап өтілетін  тамаша мереке – Тұңғыш Президент күні қарсаңында басылып, тұсауы кесілуінің айтарлықтай нышандық мәні бар. Тұсаукесерде ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман атап көрсеткендей, «бұл жолғы кездесудің осы оқиғамен тікелей байланысты екені жасырын емес».

Шараға Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы білетін және басылымға объективті баға бере алатын адамдар қатысты. Солардың бірі – М.Ло­мо­носов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий. Оның сөзіне қарағанда, «бұл – ұлы саяси қайраткер, Ұлт Көшбасшысы туралы кітап».

– Өте қызықты кітап. Мұнда біз бір кездері естуіміз әбден мүмкін, бірақ 25 жыл ішінде көпшілігі естен шыққан қызықты фактілер, даталар, ой-пайымдар жинақталған.

Виктор Садовничий түсін­дір­геніндей,  басылымда дәуір рухы өте жан­ды көрініс тапқан. Оқырмандар сол бір күрделі жылдарды құдды бір бастарынан қайтадан өткергендей болады.

– Көптеген беттерін толқымай оқи алмайсың, – деп атап өтті ол.

Кездесуге қатысушылар кітапта Мемлекет басшысының өмірбаянынан бөлек, Президент қатысушысы болып табылған әлемдік оқиғалар да көрініс тапқанын айтып жатты. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың  1991 жылы ГКЧП-ны неге қолдамағаны, еліміздің «түрлі-түсті революцияларды» қалай айналып өте алғаны және күні кешегі оқиғалар туралы айтатын болсақ, Отанымыздың Путин мен Ердоғанды бітістірудегі рөлі қаншалықты болды деген сияқты көптеген сұрақтарға жауап табуға болады.

Кітап Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өмірінің барлық кезеңдерінде қалай дамығаны мен эволюцияланғанын кезең-кезеңімен ашып көрсетеді. Бірақ, Президенттің алғашқы күннен бастап-ақ өзін жауапкершілігі мол саясаткер ретінде көрсеткенін және тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ, бүкіл посткеңестік кеңістікте үлкен танымалдыққа ие болғанын ерекше атап өткен жөн.

Мемлекет басшысына кезінде КСРО басшыларының бірі болу ұсынылғаны да кездейсоқ болмаса керек. Бұл туралы кітапта жан-жақты әңгімеленеді. КСРО премьер-министрі Николай Рыжков зейнетке шыққаннан кейін дәл Нұрсұлтан Әбішұлы оның ізбасары ретінде көрінген-тін.

Басылымда биліктің жаңа органдарын жасақтау мәселелері бойынша өткен кеңесте Михаил Горбачевтің премьердің кандидатурасын қарауды ұсынғаны егжей-тегжейлі жазылған.

Әуелі академик Примаков пікір білдіреді:

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты!

КСРО Ішкі істер министрі Вадим Бакатин Примаковтың ұсынысына қолдау білдіреді:

– Нұрсұлтан Әбішұлын!

Кітап авторы былай деп жазады: «Екеуі де Қазақстан Президентіне тамаша мінездеме берді. Горбачев олардың пікірлерімен келісетінін білдірді, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеуге көшуге келісімін берер ме екен дегендей сыңай танытты. Өткен жылы болған КОКП-ның ХХVIII съезінде Назарбаевтың КОКП ОК Бас хатшысының орынбасары лауазымына ұсынылғанын, алайда, оның бұл жоғары қызметтен бас тартқанын еске алды. Бұл ұсынысқа қазір қалай қарайтынын да айту қиын.

Назарбаев Горбачевке сенім көрсеткені үшін ризашылығын білдіргенімен, КСРО Министрлер кабинетіне басшылық жасау туралы ұсынысты қабылдамады. Кейінірек, 1991 жылдың шілдесінде Горбачев Ельцинмен бірге тағы да оған одақтық үкіметтің басшысы лауазымын ұсынды».

Мемлекет басшысы өте дәл өлшеп-пішілген саясат жүргізді. Бір жағынан ыдырай бастаған КСРО мен экономикалық байланыстарды сақтап қалу үшін бәрін жасады, екінші жағынан республикалардың еркіндігін қабылдағысы келмеген орталықтың диктатымен белсенді күресті.

Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың тамызында маңызды сынаққа төтеп бере алды. Президент ГКЧП-ға қарсы шыққандардың бірі болды.

«19 тамыздың кешінде Назар­баев халыққа радио арқылы үндеу жа­сады. Сабыр сақтауға, абай бо­луға шақырды. Кез келген адам­ның көңіл-күй ауанына беріліп, іс-әрекетті дұрыс түйсінбеуі әлеуметтік жарылыс туындатуы мүмкін екенін ескертті. Қазақстанда төтенше жағдай енгізілмейтініне сендірді. Саяси сезімталдығы оны күрделі жағдайларда тығырықтан талай мәрте алып шыққан еді, бұл жолы да қателестірген жоқ», – деп жазылған кітапта.

Тарихи бастамалары

ММУ ректорының сөзіне қара­ғанда, кітапта «саяси қайрат­кер­лердің порт­рет­тері жақсы қыры­нан көрсетілген, бірақ олардың бәрінде басты оқиғалар мен бас­ты ақпарат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланыстырылып беріледі».

В.Садовничий өзіне Қазақстан басшысын осындай биік тұрғыда көру мүмкіндігі берілгенін айта келіп, осыдан 20 жыл бұрын болған кездесуді есіне алды.

– 1994 жылы мен Нұрсұлтан Назарбаевты Мәскеу мемлекеттік универси­те­тінде дәріс оқуға ша­қырдым. Бұл тарихи дәріске айнал­ды. Онда Еуразия­лық эконо­мика­лық одақ құру идеясы ұсы­нылды. Кейінгі оқиғалардың барлығы бастаманың дұрыстығын қуаттап берді деуге болады, – деді ректор.

В.Садовничий Николай Зень­ковичтің «тамаша кітабын» жо­ғары бағалай келіп, авторды осы үлкен оқиғамен құттықтады және басы­лымның тарихты, экономика­ны, политологияны және филосо­фияны оқу тұрғысынан қыз­ы­ғу­шылық туғызатынын атап көрсетті. Оның үстіне, кітап тек жай саяси қайраткер туралы ғана емес. Бұл кітап Мәскеу университетінің профессоры туралы.

– Мен оны біздің кітабымыз деп санар едім, өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеу университетінің екі бірдей жоғары атағына – құр­мет­ті доктор және құрметті профес­соры атағына ие болған, – деп қосты ММУ ректоры.

Ал Дүниежүзілік орыс баспа­сөзі қауымдастығының президенті Виталий Игнатенко бұл басылым орасан еңбектің нәтижесі екеніне тоқталды.

– Мен осы ұлы адамның өмір­баянын бірінші рет көріп отырған жоқпын, тіпті бір кітаппен жұмыс істеген кезім де болды. Айтайын дегенім, Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын жақынырақ зерделеген сайын Қазақстан Президентінің рөлі мен оның әлемдік саясатқа қосқан үлесі де соншалық сал­мақты бола түсетіні, – деді В.Иг­натенко. Оның пікірінше, Қазақ­стан Президенті «бар өмірін өз хал­қына қызмет етуге арнаған Көшбасшының көрнекті мысалы». Оның идеялары бүгінде бүкіл әлемде бағаланады. Ол – әрдайым адамдардың, халықтардың, елдердің арасындағы достық байланыстарды қадірлейтін ғажайып дарынды адам.

В.Игнатенко Қазақстан Прези­­дентінің Еуразиялық экономи­калық одақ құру туралы идеясын да жо­ғары бағалады.

– Нұрсұлтан Назарбаев бұл идеяның бірден болмаса да түбі қажет болатынын түсінді. Сырты­нан әңгіме айту, дүдә­малдық болды. Алайда, біз бүгін оның қан­шалық көреген болғанын көріп отырмыз, – деп атап өтті Дүние­жүзілік орыс баспасөзі қауым­дас­тығының басшысы.

«Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетінің әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің деканы Сер­гей Караганов Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде татулық пен келісімді сақ­таудағы рөліне тоқталды. Бұл реттегі алғашқы қадамдар КСРО-ның ең нашар жолмен күй­реуін болдырмауға талпыныс еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың ор­тақ экономикалық байланыс­тарды сақтауға қаншалық күш-жігер жұмсағаны еске түседі. Ка­рагановтың айтуынша, еуразиялық ықпалдастық идеясын Ресейде бас­тапқы кезде, өкінішке қарай, теріс қабылдады.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың дұ­рыс жайттарды айтып отырғаны айқын еді. Бүгінде оның идеясы Еуразиялық экономикалық одаққа айналды, – деді С.Караганов. Ол сондай-ақ Президенттің өзге де маңызды бастамалары туралы айтты. Мысалы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі жалпы еуро-азиялық қауіпсіздік құрылымының түпкі үлгісі бола алар еді.

Нұрсұлтан Назарбаев Батыс­тың Шы­ғыстан алшақ, өзара ынты­мақтастықсыз, өзара түсіністіксіз өмір сүре алмайтынын, шығыстың дәстүрі мен құндылықтарын ескермейінше орнықты дамымайтынын жақсы біледі. Сол себепті де АӨСШК базасында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым құру бастамасын ұсынды. С.Караганов бұл идеяның да жүзеге асатынына сенімді. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның ескі жүйесі көптеген себептерге байланысты іске аспады. Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің ұсынысы «Үлкен Еуразия» жобасының түпбейнесіне айналды, оны Ресей Президенті В.Путин мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин әлден-ақ іліп әкетті. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасы таяу 2-3 жылда жүзеге асып қалуы да мүмкін.

Екі дәуірдің адамы

Тұсаукесер барысында автор да, дәстүр бойынша баспагер де сөз алды.

– Мен үшін бұл кітапты басу зор құрмет, өйткені, менің өзім Қазақстанда туып-өстім. Осы жоба үшін біздің баспаны таңдаған кезде әлбетте жауапкершіліктің зор екенін түсіндік, – деді «Яуза» баспасының бас директоры Павел Быстров. Ал жазушы Николай Зенькович кітап жазу барысы күрделі болғанын, қажетті материалдарды жинауды былай қойғанда, жазудың өзіне ғана бір жылдан астам уақыт кеткеніне тоқталды.

– Биография өте күрделі жанр, ал ол бұған дейін де аз жазылмаған мынадай адамның өмірбаяны болса тіпті қиын. Президенттің өзі шығарғандарын айтпағанда, Нұрсұлтан Назарбаев туралы тек орыс тілінде 23 кітап жазылыпты, – дейді жазушы.

Н.Зенькович саяси қайраткер­дің танымалдылығының екі тұсына назар аударды, олар – халықтық сүйіс­пеншілік пен мамандардың кәсіби бағасы.

– Осы екі құрамдауыш жиі сәй­кесе бермейді. Алайда біздің жағ­дайымызда бұл сирек кездесетін жайттың бірі болып отыр – аталған екі ұғым да саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегінде тоғысқан, – деп атап өтті жазушы.

Н.Зенькович Елбасының өмір­баянын зерттей отырып, ол туралы өзге мемлекет басшыларының теріс баға берген немесе пікір айт­қан кездері болды ма деген мәсе­лені анықтағысы келіпті. Алайда, ештеңе таппаған. Бұл да көп нәр­сені аңғартса керек.

– Нұрсұлтан Әбішұлы – өте көреген адам. Ол ойлаған нәрсенің бәрі дерлік іске асты. Мұндай сирек болады. Оның идеясы көп. Бұл ерекше жағдай. Мен өмірбаянның 25 жылдан кейін жаңаша оқылғанын қаладым. Менің кітабымдағы басты нәрсе де осы. Өйткені, уақыт өте келе баға өзгереді, жағдай өзгереді, түрлі себептерге байланысты адамның өзі де өзгереді. Маған осы оқиғалардың интерпретациясы қалай жүргенін көру қызықты болды, деп қорытты сөзін жазушы.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары