$ 449.58  486.94  4.86

Шымкент қаласын көркейтуде Түркия тәжірибесі қолданылмақ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс орталығы – Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту мәселелеріне арналған семинар-кеңесі өтті. Мақсат – қала архитектурасының жоспарлы теориясы мен оны іске асыру.

Жиынға Түркия астанасы – Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен ОҚО басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары, Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахымов пен әкім орынбасарлары және бөлім басшылары қатысты.

Отырыста Шымкент шаһарының заман талабына сай көрікті болуы үшін әлемнің алдыңғы қатарлы қалаларымен тәжірибе алмасу маңызды екендігіне тоқталған өңір басшысы Шымкентке арнайы сапармен келген Р.Кабасакалды осы семинарға өз тәжірибесімен бөлісу үшін арнайы шақырыпты.

Ұзақ жылдар Анкараның мэриясында қызмет атқарған тәжірибесі мол қонақ Түркия астанасының кемелденген кезеңі жөнінде семинарға қатысушылар алдында баяндама жасады. Төрт мың жылдық тарихы бар Анадолы елінің астанасы соңғы ширек ғасырда әлемдегі дамуы ерекше қарқын алған қалалар қатарында. Анкараның 1923 жылы 5 мыңнан астам ғана тұрғыны болса қазіргі таңда, ондағы халық саны 5,5 млнға жеткені тектен-тек емес. Семинарда Анкара муниципалитет мэрінің орынбасары аталған қаланы әлемнің озық шаһарларының қатарына қосудағы тарихын баяндады.

Ертеректе бейберекет, жоспарсыз салынған үйлерді тұрғындармен келісім жүргізе отырып, орнына көпқабатты тұрғынүйлер тұрғызу жобасының қалай жүзеге асқанын арнайы сызба кестелері арқылы түсіндірген Р.Кабасакал жобаның шығынсыз әрі барлық жағынан тиімді болғанын жеткізді. Мәселен иелігінде 330 шаршы метр жері бар жанұяға сол аумақта салынған көпқабатты зәулім үйден жер телімі есебінен 80 шаршы метр пәтер берілген. Осы тәртіп бойынша 416 шаршы метр жері барларға 100 шаршы метр, ал, 500 шаршы метр жері барларға 120 шаршы метр пәтерлер үлестірілген. Пәтерінің көлемін кеңейткісі келетіндерден қосымша қаржы талап етілген. Көпқабатты тұрғын үй айналасын абаттандыру, жол салу, яғни бүкіл инфрақұрылымдық жұмыстардың барлығын муниципалитет өз мойнына алған.

Қазіргі таңда Анкарада аумағы 210 га болатын 1027 ғимараттан тұратын әлемдегі ең үлкен соңғы үлгідегі диснейленд салынып жатыр. Бұл да өз кезегінде туристердің артуына өз септігін тигізері сөзсіз деген қала мэрінің орынбасары, Анкара жылына 10-12 млн. турист қабылдауға мүмкіндігі бар шаһар екенін алға тартты.

Осы ретте айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Шымкентті абаттандыру жұмыстары бүгінде басталып кеткен. Қаладағы орталық көшелер жөндеуден өтіп, жиектегі бордюрларын алмастыру жұмыстары әлі жалғасуда. Сонымен қатар, шаһардың жасыл белдеуіне мыңдаған түп ағаш көшеттері отырғызылды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары