$ 446.49  475.38  4.79

Сайрамдық Марал Василийқызы жеті тілді жетік меңгерген

ОҚО, Сайрам ауданында жеті тілді жетік меңгерген Марал Василийқызы есімді ағылшын тілінің мұғалімі көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Өзінің айтуынша тілді үйренудің еш қиындығы жоқ. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлағатты ұстаз Тілдерді оқыту және дамыту орталығының алғыс хатымен марапатталып отыр. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Білімді шәкірт тәрбиелеу үшін, білікті ұстаз қажет екені айтпаса да түсінікті. Әңгімемізді Сайрам аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығының ағылшын тілі оқытушысы Кевлишвили Марал Василийқызы туралы өрбітпекшіміз. Марал көп тілді меңгерген жан. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеріп, түрік, әзірбайжан, грузин, өзбек тілдерінде тілдесіп, сөйлесе алады. Өзінің айтуынша, ол көп ұлтты отбасында дүниеге келген. Әкесі – грузин, анасы – әзірбайжан, нағашы атасы әзірбайжан, әжесі – қазақ. Маралдың әулетінде бұдан басқа да көп ұлттар бар екен. Ал өзінің сүйіп қосылған жары – әзірбайжан ұлтының өкілі. Барлығының ортақ тілі - қазақ тілі. Марал қазақ мектебінде оқып, жоғары оқу орнында да қазақ тілді топта білім алған.

Өзінің көп тілді меңгергені жайлы Марал былай деп ой түйіндейді:

- Әр тілдің өзіндік иірімдері мен сөз жасамдары болады. Тіл үйренушілерге ең керегі – талап. Тілдерді үйренудің ең оңай жолы – сол тілде сөйлейтін адамдармен қарым-қатынаста пікір алмасу. Сосын жиі саяхаттау, кино көріп, сөздіктерді зейін қоя оқу керек. Рас, көп достарым менің қазақша сайрағаныма таңғалады. Бірақ, ол таңғалатын дүние емес. Менің ойымша, Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілі мемлекеттік тілді жетік білуі тиіс. Иә, Түркияда тұрсаң түрікше, Өзбекстанда тұрсаң өзбекше сөйлеуге міндеттісің. Сондықтан әрбір адам өзі тұрып жатқан өлкенің тіліне құрметпен қарағаны дұрыс. Көп тіл білгеннің артықшылығы болмаса, кемдігі жоқ. Алайда ана тілінің жөні басқа. Кейбір өз тілінде сөйлегісі келмейтін қазақ құрбыларыма жаным ашиды. Әп-әдемі, тұп-тұнық қазақ тіліне неге мұрын шүйіретіндерін түсіне алмаймын. Өз тілін құрметтемеген адам өзге тілден бақ табады деп ойламаймын. Қазақ тілінің қасиетін ұғынайық, достар.

Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиіп, егеменді ел болған алғашқы күндерден бастап-ақ елімізде тіл саясаты Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен салиқалы да, сындарлы түрде жүзеге асырылуда. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында тіл саясатына, оның ішінде қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне тоқталмай өткен емес.

«Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде

Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттілігін қойып отыр. Әсіресе өскелең ұрпақтың, жастардың алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр» дейді Тілдерді оқыту және дамыту орталығының әдіскері Құлжабаева Назерке Исалықызы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары