$ 443.85  474.3  4.8

Шардаралықтар Тұңғыш Президент күнін кеңінен атап өтті

«Елін сүйген - Елбасы». Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданындағы «Абай» Мәдениет сарайында өткен мәдени іс-шара осылай аталды, деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Мерекеге келген қонақтар алдымен Тұңғыш Президент күніне орай жасалған көрмені тамашалады. Онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолдары мен еңбек жолдарынан кеңінен мағлұмат беріліп, өз қолымен жазылған бірнеше кітаптары қойылды.

Кейін ҚР Президенті мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған фильм көрсетілді. Залға жиылған қонақтар алдында аудан әкімінің міндетін атқарушы Тұрсынқұл Байтұрғанов Тұңғыш Президент күніне арнап баяндама жасады.

«Баршаңызды 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегіне құрмет ретінде белгіленді. Н.Назарбаев Қазақстан басшылығына қиын кезеңде келді. Алайда, оның кемеңгерлігі мен саяси ерік-жігері қиындықтарды жеңіп, еліміз экономикасы қарқынды дамушы елдер қатарынан көрінуде», - деген Тұрсынқұл Байтұрғанов, 25 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерді атап көрсетті.

Мереке барысында «Ақ әжелер» ансамблі Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Үшқоңыр», «Елім менің» әндерін шырқаса, аудандық балалар саз мектебінің ұлт-аспаптар оркестрі «Попури» әндерін орындады. Жыршы-термеші Қанат Дауылбаев Елбасыға арнауын домбырамен орындап шықты. Сондай-ақ, әншілер Эльмира Шонаева «Біз қазақпыз», Ақтолқын Әбдиева «Старый клен», Мұрат Қоңырбаев «Егемен Қазақстан» шығармаларын нақышына келтіре орындап, тыңдарманға көтеріңкі көңіл сыйлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары