$ 447.4  477.55  4.76

ОҚО-да Мəдениеттің 25 танымал тұлғасы марапатталды

Бүгін оңтүстікқазақстандықтар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 НЕГІЗІ» атты 25 жұлдызды күндер акциясы аясындағы «МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ РУХАНИЯТ» күнін атап өтті.

Осы күні өңірімізге ғана емес, бүкіл республикамыздағы мәдениет және руханият саласына сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін елімізге белгілі 25 қоғам қайраткері облыс әкімінің арнайы сыйымен марапатталды.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша жұртшылықты Егемендіктің мерейлі тойымен құттықтап, мерекенің Алаш үшін маңыздылығына тоқталды.

«Еліміздің өркендеуінде оңтүстікқазақстандықтардың алар орны айрықша. Оған ешкімнің де дауы болмауы керек. Ал өңірімізде нақты мәселелерге назар аударылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр деп анық айта аламыз. Жылдан жылға халқымыздың әлеуеті артып, облыс экономикасы қарыштап дамып келеді. Осынау толайым табыстар мен нәтижелі жетістіктерімізде мәдениет және руханият саласында еңбек етіп жүрген Сіздердің де үлестеріңіз мол деп білемін. Еңбек – еленуі тиіс! Осы мақсатта мәдениет пен руханият саласына еңбегі сіңген азаматтарға арнайы сыйлық тағайындап отырмын. Бұл сыйлық жыл сайын мәдениет қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында табысталатын болады», - деді Ж.Түймебаев.

Облыс әкімінің бес жүз мың теңге көлеміндегі арнайы сыйы, атап айтқанда, Сәбит Оразбай, Мұхтар Шаханов, Ерболат Төлепбай, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков,  Сатыбалды Нарымбетов, Көпен Әмірбек, Нұржамал Үсенбаева, Татьяна Бурмистрова, Еркінбек Тұрысов, Мекемтас Мырзахметов, Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалы, Ханбибі Есенқарақызы, Әселхан Қалыбекова, Бақытжан Алдияр, Сүгірәлі Сапарәліұлы, Сапар Өтемісов, Жеңіс Қарғабаев, Абдулла Жұмашев, Ғалия Жомартова, Сәбираш Абдраимова, Құттыбек Жақыпов, Игорь Вербицкий және Жұмабек Есимовтерге табысталды.

«Оңтүстік Цирк» ғимаратында өткен шарада облыс әкімі цирк ұжымын 5 жылдық мерекесімен құттықтап, нысанның материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында 20 орындық «Mersedes Benz - Sprinter» автокөлігін тарту етті.

Іс-шара барысында Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін шерткен домбырашылардың флэшмобы ойналса, облыстық мәдениет және өнер мекемелерінің 300 қызметкерінен құралған хор Шәмші Қалдаяқовтың «Отан» әнін айтты.

Салтанатты шара соңында Оңтүстік Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жазған құттықтау ашық хаты оқылды. Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының жас әртісі Нүркен Орынбековтың оқуындағы хатта Елбасының осынау ширек ғасырда елімізді барлық салалар бойынша дамытудағы сарабдал саясаты мен оның нәтижелі жемісі айта келе, Мәңгілік Ел идеясын ұстанған осы дара жолда ашық хат иелерінің, әрдайым, Ұлт көшбасшысы – Мемлекет басшысымен бірге болуға дайындығы баяндалған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары