Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойына орай Шардара ауданында зәулім спорт кешені ел игілігіне берілді. Кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің міндетін атқарушы Тұрсынқұл Байтұрғанов арнайы қатысып, елге арнап құттықтау сөзін жеткізді.
Спорт ғимаратының құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 368 млн 995 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген. Заманауи үлгіде бой көтерген кешен 260 орынға шақталған. Аудан атқамінерлері әлемдік дағдарысқа қарамастан әлеуметтік нысанға мемлекет тарапынан қаражаттың қарастырылуы еліміздің қарқынды дамып келе жатқандығының айғағы деді. Жалпы ауданда спорт саласының дамуына соңғы жылдары үлкен көңіл бөлініп, байыпты бағдарлама аясында тындырымды тірліктер атқарылуда. Шардарадан соңғы бір жылда алты әлем чемпионы шыққанын да атап өткен жөн. Бұл күні шардаралықтардың қуанышын бөлісуге спорт саласының ардагері Бақыт Жаңбырбаев та арнайы келді.Шара барысында «Еуразия барысы» атағын жеңіп алған осы жердің тумасы Ерсұлтан Мұзаппаров пен «Түйепалуан» атағын жеңіп алған Қайсар Шәмшиддинов секілді тәуелсіз елдің ұландарына да құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар мен баңалы сыйлықтар табыс етілді. Ендігіде жаңа ғимаратта нөмірі екінші аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі орналасып, жұмыс істейтін болады. Олар, жалпы жиыны 1200 жас қазақ күресі, таэквондо, жеңіл атлетика, футбол, шахмат сынды спорт түрлерімен айналысады.