$ 443.85  474.3  4.8

Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Туған елге тағзым!» акциясы жалғасуда

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында қолға алынған «Туған елге тағзым» акциясы Отырар ауданында жалғасын тапты. Қазақ өнерінің майталмандары ауыл-аймақты аралап, жергілікті тұрғындарға қуаныш сыйлауда.

Шара аясында «Шаншар» әзіл-оспақ театрының тарландары отырарлықтарға концерттік бағдарламасын ұсынды. Әсем ән, астарлы әзілге қаныққандар күнделікті тұрмыстан бір сәт қол үзіп қуанып қалды. Айта кеткен жөн, «Шаншарлықтардың» басым бөлігі - оңтүстікқазақстандықтар. Соның ішінде Отырардың тумалары.

Әсерлі әзілімен елдің ыстық ықыласына бөленген Жүсіп пен Уәлиді көрген көрерменнің көзі балбұл жанды. Жерлестерінің қуанышына бөленіп, көрерменнің көзайымы болғандардың шабыты да асқақтап тұрды.

«Туған елге тағзым!» атты шараның бастау алғанына жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында отырарлықтар талай түлегімен қауышып, біршама игі істердің куәсі болды. Туған жер перзенттерін баянды бастамаға жұмылдырған аудан әкімдігі отанына еңбек еткендердің бағы жанып, өнері өркендей түсуіне тілектестік білдірді. Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы игі шара ауданнан түлеп ұшқан ақын-жыршылардың шығармашылық кештеріне ұласпақ. Сөйтіп, отырарлықтардың отанына деген ықыласының озық үлгісі дәріптелмек.

Айта кетейік, 21 қарашадан бастап Оңтүстік Қазақстан облысында еліміздің басқа өңірлеріндегідей Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ - ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 НЕГІЗІ» атты 25 жұлдызды күн акциясы бастау алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары