$ 448.89  477.93  4.76

Қазақстанда бірқатар жаңа индустриялық өндірістер ашылып, инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды

Бүгін 6 желтоқсанда Астана қаласында «Қазақстандағы жаңа индустрияландыру» жалпыұлттық телекөпір аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев онлайн-режімде бірқатар жаңа өндіріс орнын ашып, Қазақстан бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске қосуға пәрмен берді. Индустрияландыру күні аясында барлығы 23 ауқымды өндіріс іске қосылды.

Атап айтқанда, Ақмола облысында жылына 1 млн. литр глифосат калий тұзы бар гербицидтер және глифосат шығаратын өндіріс, Ақтөбе облысында жылдық қуаттылығы 50 мың шаршы метр тұрғын үй салатын «Тұрғын үй құрылысы комбинаты», Алматы облысында инновациялық технология бойынша жылына 400 мың тонна қолданбалы шойын алатын тау-кен өңдеу кешені іске қосылды.  

Атырау МӨЗ қайта жаңғыртылып, модернизацияланды, ал Шығыс Қазақстан облысында АЭС-ке арналған жылу бөлетін жинақ шығаратын кәсіпорын жұмысын бастады. Ақтоғай ТБК-сында жылына 37 млн тонна сульфидті кен өңдейтін фабрика іске қосылды. Жамбыл облысында «Қазфосфат» ЖШС экстракциялы фосфор қышқылын өндіретін ЭФК-1 технологиялық жүйесі қайта жаңғыртылды, Батыс Қазақстан облысында жылдық қуаты 131 млн тонна балық етін және 10 тонна уылдырық өндіретін акваөсіру кешені іске қосылса, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ № 4 домна пеші жаңғыртылды. «Көктасжал» кеніші базасында жылына 3 млн. тонна руда өңдеп, 18 мың тонна мыс өндіретін тау-кен байыту кешені өз жұмысын бастады. Қостанай облысында «Баян сұлу» АҚ кондитерлік өнімдер өндірісін жылына 9 075 тоннаға дейін арттырды, Қызылорда облысында Шалқия кенішінде полиметалл кен байытатын фабриканың құрылысы жүріп жатыр, жылына 112 тонна мырыш және 29 мың тонна қорғасын өндіреді.

Телекөпір барысында СҚО Тайынша ауданында 120 мың тонна өсімдік майын шығаратын майлы дақылдар өңдейтін зауыт, Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы мақсаттағы және жалпы машина жасау саласына қажетті құймалар шығаратын зауыт жұмысын бастады. Ал Астанада құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Зауыт жылына 120 мың тонна құрғақ қоспалар және 10 мың тонна дисперсиялы қоспа өндіреді. Алматыда «Казлегпром-Алматы» ЖШС-нің жылына 150 мың жұп аяқ-киім тігетін өндірістік цехы жұмысын бастады.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір барысында стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске қосты. Атап айтқанда, Маңғыстау облысының Құрық поселкесінде жылына 5,1 млн. тонна жүк түсіріп-тиейтін паромдық кешен жұмысын бастады, Алматы-Шу учаскесінде жаңа теміржол желісі ашылды. Бұл жол тәулігіне 51 жұп жүк пойызын өткізе алады. Қайта жаңғыртылған «Астана-Теміртау» (ұзындығы 169 км) және «Алматы-Қапшағай» (ұзындығы 104 км) автокөлік жолдары ашылды, ұзындығы 598,5 км Екібастұз-Семей (Шульбинская ГЭС) – Өскемен жалпыұлттық энергетикалық желісі іске қосылды.

Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн. теңгенің 961 жобасы іске қосылды, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Соның ішінде 2016 жылдың 10 айында 179,2 млрд. теңгенің 63 жобасы жүзеге асырылып, 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бергі аралықта жасалған жобалар бойынша 7,5 трлн. теңге шамасында өнім өндірілді, соның ішінде 2016 жылдың 10 айында - 1,8 трлн. теңгенің өнімі өндірілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары