$ 444.14  477.05  4.85

ОҚО ұстаздары КТК ойындарында бақ сынады

Ордабасы ауданында Тәуелсіздік жетістігін дәріптеу мақсатында КТК ойындары ұйымдастырылды. Ерекшелігі сол, ойын қызығын бұл жолы жастар емес, ұстаздар қауымы қыздырды.

Байқауда қатысушылар топ болып, сайысты. Олар еліміздің кешегісі мен бүгінін астарлы әзіл - қалжың арқылы көрерменге жеткізе білді. Түрлі кейіпке еніп, тәрбиелік мәні зор сахналық көріністерден үзінді келтірді.

Ойынның шарты бойынша әр топтың өзіндік атауы болуы керек. Мұндағы ауылдардан жиналған үздік оқытушылар бір сәтке қағазбастылықтан арылып, оқушыларға мәдени тұрғыда өнерлерін көрсетті. «Жастардың бойына патриоттық сезімін сіңіріп, ұлтжандылыққа тәрбиелеу басты мақсатымыз. Ұстаз барлығына үлгеру керек. Ұстаз өзін-өзі ұстау мәнерімен ғана емес, ісімен, әдебімен, өнерімен өзгеге үлгі бола білуі тиіс. «Ұстазы мықтының, ұстамы мықты» демей ме? Сол істі енді өзіміз өсіріп отырған оқушыларымызға үйретсек, ұлттық тәрбиеге баулысақ, әзілдеп отырып, өмір шындығын жеткізсек, жастар көп нәрсені ұғады, біледі» - дейді Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Ұлтусын Мұратбек.

Шығармашылық қабілетін көпшіліктің алдында дәлелдей білген ұстаздар қауымы осылайша өнерден де еш кенде емес екендіктерін көрсетті. Ел жетістігін ән мен жырға қосып, тәуелсіздіктің оңай келмегенін шәкірт санасына құйды. Жарыс соңында жеңіс тұғырынан көрінген командалар алғыс хатпен марапатталып, сый-сияпатқа кенелді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары