Мұндай бас қосу бұрын-соңды болмаған. Әдетте, мектеп қабырғасында 11 жыл оқып, бітірген түлектер арнайы кездесу өткізетін. Ал, бұл жүздесудің жөні бөлек.
Созақ ауданында Тәуелсіздік шежіресіне әркез тәу етер ұжым бар. Ол – «Самал» балабақшасының қызметкерлері. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас мекеме егемен еліміздің бақытты бүлдіршіндерін тәрбиелеп, биыл 25 жылдықтарын тойлауда. Бақытты балалықтың табы қалған бақшаға әр жылдардағы түлектер жиналды. Қыземшек кентінде орналасқан бөбекжай бүлдіршіндері мерейтойды әсем ән, тәтті күймен әрледі. Бөбектер Қазақстан деген ғажап елдің көпұлтты мемлекет екенін жадына түйіп, би биледі. «Біз бақытты баламыз». Балабақша түлектерін балғындар осы жырмен қарсы алды. Ыстық ұяға сағыныш сарынымен жеткендер өздері өскен елдің өнгенін көріп, қуанды. Бар жағдайға риза болды. Көзкөрген, көңіл сүйген ұстаздарының алдында бір еркеледі.
Гүлжахан МҰХИДДИНОВА, «Самал» балабақшасының меңгерушісі:
- Бұл іс-шараның мақсаты – балғындарымыз арқылы 25 жылдан бері еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен асқан белестерін көрсету. Біздің Созақ ауданы 25 жұлдызды күн акциясы аясында мұндай тематикалық шараларды бірінші болып орындап келеді.
Балабақша балғындары рәміздерді жатқа біледі. Күн сайын әнұранды орындайды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуден күш аямаған ұстаздарға шәкірт өнері үшін мың алғыс! Ұзақ жылдар ұстаз-тәрбиеші болған Құралай ханым балдырғандардың шаттанған жүзіне қарап, қуанды. Баршаны Ұлы датамен құттықтады.
Құралай БАТЫРБЕКОВА, зейнеткер:
- Бүгін біздің балабақшада үлкен мерейтой. Тәуелсіздікпен құрдас мекемеде бөбектер өз өнерлерін ортаға салып, ән-жырмен қуантып жатыр. Барлық қазақстандықтарды келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын!
Еліміз еңсе тіктеген жылдардың ішінде бұл балабақшадан бірталай түлек мектеп табалдырығын аттаған. Айтулы шараны аудан орталығынан шалғайда жатқан «Самал» балабақшасы осылай тойлады. 25 жұлдызды күннің салтанаты бұл шаңырақта да желтоқсанның 16-на дейін өз жалғасын таппақ.