Елімізді қуанышқа кенелткен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында Түркістандағы бірқатар елдімекендер мен шағын аудан тұрғындары ауыз су, сапалы жарықпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы "Қазақстан-Шымкент" телеарнасы хабарлап отыр.
Рухани шаһардың ұлғаюына байланысты 5 бірдей шағын ауданға электр желісі тартылды.
Ербол БАҚТЫБАЕВ, «ЮжКазЭнергоремонт» ЖШС маманы:
-Көше бойынша барлығы 1300-ге жуық бағана қойылды. Жаңа технология бойынша «Цип 5» деген кабель тартылып, 1900 үйге жарық беру жоспарланған болатын, міне, сапалы жарық беріліп, іске қосылды.
Тұрғындарды энергия қуатымен қамтамасыз ету үшін жергілікті қазынадан 4 млрд. 904 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа ауыз су жүйелерін жүргізу жағы да қарастырылған. Алдағы уақытта көшелерге асфальт төселетін болады. Мамандардың айтуынша, Түркістан қаласы аумағында тұрғындарды ауыз сумен қамту 90 пайызға жеткен. Биыл 15 мыңнан астам абонент таза су тұтынуға қол жеткізіп отыр. Игі істің куәсі болған ауыл тұрғындарының мемлекеттік саясат пен ауыл-аймақтарды қолдауға бағытталған шараларға алғысы шексіз. «Жаңадан бой тіктеген шағынаудандарға ауызсу, электр қуаты тартылып, жол салынғаны – нағыз өркениетті елдің жұмысы» - деп бағалайды қала тұрғындары.
Әбдіғали САНДЫБАЕВ, Түркістан қаласының тұрғыны:
-Мына жерлері бар азаматтар үй салайын десе, қорқатын. Суы жоқ, не жарығы жоқ. Жеріміз қаладан тысқары дейтін. Небәрі 10 жылдың ішінде біртіңдеп, жұмыстар атқарылып келе жатыр. Адамға керегі ең бірінші жарық, одан кейін ауызсу ғой, міне осы екеуі шешілсе, халықта әсіресе, жаңа қоныстанушыларға бұл үлкен көмек.
Киелі мекен тұрғындарын қуанышқа бөлейтін ілкімді іс мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта шалғай ауылдардағы өзен көпірлері жөнделіп, ауыл көшелерін жарықтандыру бойынша жұмыстар қолға алынбақшы.