$ 498.55  524.28  4.75

Қазақстан – бірлік пен достық мекені

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында өткен шара «Қазақстан – бірлік пен достық мекені» деп аталды. Ел егемендігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік кеш жаһандық бастамалар күніне бағытталды. Дәл осы күні аудан орталығындағы батырлар алаңына жиналғандар түрлі ұлттың өнеріне қанығып, дәстүрі мен салтына үңілді.

Айтулы шарада аудан көлеміндегі 71 білім беру ошағының қызметкерлері өз қолдарымен жасалған бұйымдардың көрмесін ұйымдастырды. Түрлі ұлттың ас мәзірін ұсынған олар ас атасы нан мен азат елдің айбынды символына айналған «Бәйтерек» монументін бейнелеген. Қазығұрт аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Әлия Егізекованың айтуынша, танымдық шараның оқушыларға берері мол. Себебі, олар өз қолдарымен сурет сала отырып, Астананың ажарына, Қазақстанның жетістігіне қанығады. Мейлінше, ел ордасына баруға ұмтылады. Реті келгенде, қайырымдылыққа толы шара барысында әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелеріне азық-түлік үлестірілді. Сондай-ақ, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 55 балаға арнайы сый-сияпат тапсырылды. Айтып өтейік, игі іске аудан ұстаздары мұрындық болып отыр. Өз кезегінде ата-аналар: «Тәуелсіз мемлекетімізде саналы ұрпақ тәрбиеленіп, елдің аманатын арқалай алатын азаматтарымыз көптеп өссе екен» деген арман-тілектерін жеткізді.

«Қайырымдылық - адамгершіліктің белгісі». Қамқорсызға демеу болып, тағдырдың жазғанымен жаралы болғандарға қол ұшын созу – адамдықтың өр биігі. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, сынды асыл қасиеттерді дарыту мақсатында өткен шарада үлкен мен кішінің де, жарлы мен жақыбайлының да көңілі бір марқайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары