Егеменді еліміздің ертеңі – бүгінгі өскелең ұрпақ. Олардың бойына ұлтжандылық қасиеттерді сіңіріп, болашақта бейбіт елдің игілігіне қалтқысыз қызмет етулері үшін бүгінгі аға буын өкілдеріне жүктелер міндет ауыр. Бұл орайда ОҚО-дағы «Шардара» мектеп-лицейінің ұжымы тынымсыз еңбек пен ізденіс үстінде. Арнайы жоспарлар түзіліп, ел тәуелсіздігі жолында басын бәйгіге тіккен ұлылар туралы ұрпаққа ұғындыруда.
Ұлт мүддесі үшін тарихи маңызға ие құндылықтарды жастардың бойына терең сіңіру - мектеп ұжымының басты мақсаты. Осы орайда мұнда бастауыш сынып оқушылары арасында сурет байқауы ұйымдастырылды. Мұнда бүлдіршіндер тәуелсіздік туралы өз ойларын қылқалам арқылы жеткізді. Балғындардың шығармашылық еңбектері арнайы көрмеге қойылды.
Бүгінде ауданда жүйткіген көліктердің қарасы қалың. Әсіресе, бүлдіршіндердің мектепке барар жолында жол-көлік оқиғалары жиі болып тұрады. Мұндай олқылықтардың алдын алу үшін «Абайлаңыз, бағдаршам» шарасы өткізілді. Онда бүлдіршіндерге жолда жүру ережелері түсіндірілді. Өзара байқау ұйымдастырылды.
Жансұлу ХОДЖАНИЯЗОВА, Шардара мектеп-лицейі директорының орынбасары:
- Биылғы іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Шараға қатысу арқылы оқушылар жол белгі ережелерін, жолдың қай жағында жүру керектігін, сондай жолдағы қауіпсіздікті біліп, өзін сақтап жүрсе, біздің балаларымыздың барлығы жол бойында аман-есен жүреді деп ойлаймын. Ал, баланың амандығы ел дамуының басты стратегиясы екені анық.
Қоғамның басты тірегі – отбасы. Шаңырақ шайқалса, қоғамның құты қашады. Сондықтан жас ұрпақтың жүрегіне иман нұрын ұялатып, күш-қуатын байыта білу – бүгінгі қоғамның алға қойған басты міндеттерінің бірі саналады.