$ 447.4  477.55  4.76

Оңтүстікте кітапханалық керуен акциясы ұйымдастырылды

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ОҚО Отырар ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкерлері ауыл-аймақтарды аралап, жаңа туындылармен оқырмандарын қуантты. Мақтарал, Сарыағаш, Қазығұрт, Төле би аудандарына сапарлаған мамандар ел тарихынан сыр шертті.

Кітапхана – рухани орда. Ауыздағы аңыз, тастағы тарих, хаттағы деректің қайнар көзі.  Оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі. Сан сұраққа, мың мәдениетке, қатпар-қатпарлы тарихқа куә боласыз. Елдікті бекемдеу, ширек ғасырлық шежірені түгендеу тұсында, кітапхананың алар рөлі ерекше. «Кітапxаналық Керуен» акциясы аясында ел тарихынан небір деректер келтіріліп, өткенге салауат, бүгінге қанағат айтылды. Қорда сирек кездесетін дүниелер туралы да мол мағлұматтар берілді. Бұл жолғы жүздесу Төле би ауданында өтті. 25 елді мекен қамтылған шарада тұрғындар бос уақытын тиімді үйлестіруге мүмкіндік алды. Озық ойлы оқырман енді өз ауылдарында жүріп-ақ, облыстық «Отырар» ғылыми әмбебап кітапханасынан жеткізілген отандық және шетелдік авторлардың су жаңа еңбектерімен таныса алады.

«Бұл туындылар аудандық кітапхана қорында сақталады. Мәңгілік елдің мұрасы ретінде, Тәуелсіздікке қолтаңба ретінде қарапайым халықтың ниет, тілек, пікірлерін жазып, оны облыстық өлкетану мұражайына береміз. Қазіргі сәтте ауыл тұрғындары жүрекжарды жылы лебіздерін сол кітапқа түсіруде. Бұл да бір - торқалы тойдан естелік»,- дейді Облыстық Отырар ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Алпыспаева.

Акция барысында тоқырау кезеңінің қиын сәттерін еске алған аға буын өкілдері, қараусыз қалған рухани ордалардың бойына қан жүгіріп, қадірі артқанына қуанды. Өз кезегінде олар, коммуналдық қажеттілік салдарынан отқа жағылған кітаптарды да жабырқай еске алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары