$ 498.55  524.28  4.75

25 жылдыққа – 25 игі іс

ОҚО Қазығұрт ауданында  25 жылдыққа – 25 игі іс атқарылды. «Кемел елдің кемеңгерін» үлгі тұтқан тұрғындар «Ядролық қарусыз болашақ» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек стөлде бас қосты.

Ауылдың асыл қазынасы болған әжелер бақ сынасып, «Қазығұрт» спорт кешенінде волейболдан жасөсіпірім қыздар арасында облыстық турнир болып өтті. 9 команда қатысқан сайыста жергілікті ойыншылар бас жүлдені жеңіп алды. Ал, жас ақындар «Тіл – тәуелсіздік тірегі» атты мүшәйрада кездесті. Үздіктер алғыс хаттармен марапатталса, қолы ашық, жаны жомарт жандар әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созды. «Ақжар» жалпы орта мектебінде демеушілердің көмегімен 15 жанұяға азық-түлік үлестірілді. «Ширек ғасырдағы Қазақстан» жетістігін сөз еткен ұстаздар қауымы «Қызылтаң» жалпы орта мектебінде жиналып, болашақты бағамдады. Елбасы жайлы қойылған көрме де елдің есінен кетпек емес. Жігірген, Тұрбат, Қақпақ елді мекендерінде әскери қызметкерлер келешек шекарашылармен «Шекара қауіпсіздігі – мемлекет дамуының кепілі» атты кездесулер ұйымдастырды. Қызылқия ауыл округінде «Индустриялдық, инновациялық Қазақстан» тақырыбы бойынша қызықты кездесулер өткізілді. Жеке кәсіпкерлер, еңбектің наны тәтті екенін айтып, жастарға барынша ұғындыра білді. Қазығұрт ауылындағы орталық алаң күрделі жөндеуден кейін салтанатты түрде ашылды. Құрылыс жұмыстарын «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі жүргізіп, оған ел қазынасынан 25 млн 600 мың теңге қаралса, облыстық бюджеттен 2 млн 854 мың теңге қаржы жұмсалды. Мұндай игі іс мұнымен бітпейді. Атқарылатын жұмыстар әлі де алда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары