ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауыл округінің орталығында «Ел бірлігін ту еткен - Тәуелсіздік» тақырыбында форум өтті. «Ырыс алды - ынтымақ» деп қанаттанған ардагерлер тұрғындарға мемлекеттік саясатты кеңінен түсіндіріп, жеткен жетістіктерді саралады.
«Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі бірнеше жылдан бері Қазығұрт ауданы тұрғындары арасында ұлтаралық татулықты нығайту мен берік қалыптастыру бағытында әртүрлі шараларды ұйымдастырып келеді. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге бастайтын да қоғамдағы бірлік пен татулық екенін түсіндіріп, ой саларлық сахналық қойылымдарды дәріптеп те жүр.
«Қажырлы еңбекті ту еткен аудан халқының алар асуы әлі алды. Осы бағыттан таймай, түрлі ұлт өкілдері өзара ынтымақта болып, игілік пен егеменді еліміздің жарқын келешегі үшін еселі еңбек ете берейік дегім келеді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын! Ынтымақ пен бірлікте болсақ, келешекте талай белестерді бағындыратынымызға сенемін»,-деді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясынан құрылған жергілікті қоғамдық келісім өз жұмысын ойдағыдай жүргізіп отыр. Олардың дені ардагерлер кеңесінің төрағалары, төбе билер мен ауыл билеріннен құралған. Сөзі жүйелі, ойы орамды ақсақалдар бар да ел тыныштығы сақталатыны сөзсіз. Бастысы – Тәуелсіздік туын құлатпай, бабалар еткен амантқа қиянат жасамау. Форумға келген көпшілік осындай ортақ пікірмен тарқасты.