Тәуелсіз елдің тұтқасын ұстайтын ұлдар болса, ел мен елді табыстырып, достықтықты арттыратын қыздар. Сондықтан болар, бабалардан қалған сара жол келіндердің ибалығын насихаттайды. Осы орайда ОҚО Отырар ауданында ісімен ерекшеленген келіндер байқауы өтті.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында қазақ халқының дәстүрін, мәдениетін паш еткен сайыс «Абысындар мен келін татулығына» арналды. 13 ауыл округ бойынша 11 әулеттің келіндері төрт кезеңнен тұратын бәсекеде барын салды. Бір шаңырақ астында абысын-келіннің тату тұруы – ұлттық құндылықты байқатады. Ағайынның арасындағы бітімгер, бауырлардың дәнекері, татулықты дәріптеп, бірлікті бекемдейтін де әйелдер. Сайыста осының барлығы көрініс тапты. Әр отбасы өмірдің ащы шындығын көрсете отырып, қазақы келіндердің сабырлы да тапқыр, данагөй образын сомдады. «Шараның жастарға берері мол. Ауызекі айтқаннан, танымдық қойылымдар арқылы ұлттық тәрбиені баланың бойына сіңіруге болады. Байқауға қатысушылардан соны талап еттік»,-дейді қазылар алқасының жетекшісі, «Шуақты аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қалдан Спабекқызы. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді». Сондықтан да қазақ қызына қырық үйден тыйым салып отырған. Себебі, ибалы келін – саналы ұрпақты өмірге әкеледі, тәрбиелейді, өсіреді. Сайыс соңында келіндердің жан-жақтылығын байқаған қазылар алқасы бас жүлдеге Қоғам ауыл округінен келген Зернабиевтер әулетін лайық деп тапты. Ал, бірінші орын Балтакөл ауылының намысын қорғаған Адырбектер отбасысына бұйырды. Өзгелер де марапаттан құр қалмай, сый-сияпатқа кенелді.