«Тәуелсіз Қазақстан». Ширекғасырлық тарихи мерейтой қарсаңында елдің тынысын, ішіндегі ырысын бағамдау үшін жолға шыққан Республикалық пойыз 25-ші аялдамаға келіп жетті. Ежелден «Түркісіб» бекеті деп танылған Түлкібас поселкесінің тұрғындары арнайы делегацияны құшақ жая қарсы алды. Қисыны келгенде өтініш-тілектерін жеткізді. Ал, Астана, Алматы қалаларынан келген кәсіби мамандар әр сала бойынша кеңестер беріп, медициналық, әлеуметтік, құқықтық көмектер көрсетті.
Гүлдана Тәжіғалиева емхананың есігінде көп кезек күткен жоқ. 5 айлық сәбиін көтере келген ол астаналық дәрігерлердің қабылдауына бірден кірді.
Гүлдана ТӘЖІҒАЛИЕВА – Түлкібас поселкесінің тұрғыны:
-Баламды тексертуге алып келгем, кәсіби мамандардың Астанадан келгенін естіп, таңертеден кезек күттім. Сәтті пайдаланып, сәбиімді дерматолог пен наврапотолог дәрігерлеріне көрсетіп шықтым. Денсаулығымыз жақсы, алаңдайтын ешнәрсе жоқ дегенге қуандым.
Ақ халаттылар кеңесін керек еткендер саны сағат 10-нан кейін тіпті арта түсті. Көпшілік асқазан-ішек, өт жолдарының бұзылуы,бүйрек пен бауыр ауруларына қатысты шағымын айтты. Деніңіздің сау болуы - дұрыс тамақтанудан. Содан кейін әр адам жылына екі рет скрининктік тексеруден міндетті түрде өтуге тиіс. Осылай деген дәрігерлер ел арасында асқазан жарасы, сары ауру секілді дерттің дендеп бара жатқанын айтады. «Тараз қаласында болдық бірінші күні. 650 ден аса азаматтарды қабылдап үлгердік. Көпшілігінің шағымы – бүйрек, бауыр, асқазанның ойық жарасына байланысты болды. Ендігі мақсат осы аурудың түрлерін ел арасында алдын алу»,-дейді дәрігер-гастроэнтеролог Хадиша Омарова.
«Тәуелсіз Қазақстан» поезымен жолға шыққан кәсіби мамандар медициналық көмек көрсетуден бөлек, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік, құқықтық салалар бойынша да қоғамдық қабылдау өткізіп, білген-түйгендерін тұрғындарға үйретті. Шара барысында бір жарым мыңнан астам тұрғынның талап-тілегі тыңдалды. Штаб жетекшісі қордаланған проблемаларды тиісті орындарға жеткізетінін айтып, бірқатар мәселелердің шешілуіне уәде етті. Бұдан соң аудан жастары мен өнерпаздары «Менің елім - Қазақстан» тақырыбында флэшмоб билеп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік кеш өткізді.