$ 498.34  519.72  4.85

Қазақ өркениеті ұлттық құндылықтарымен құнды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Шымкенттегі жоғары оқу орындарында маңызы ерек шаралар қолға алынуда. «Ұлы Дала елі – тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция осының айғағы. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының қабырғасында өткен конференцияға еліміздің аймақтарынан өзге шет елдерден де ғалым, зерттеушілер қатысты.

ОҚМПИ ректоры, конференция жүргізушісі Оңалбай Аяшев мырза «Қазақта не көп, ғалым көп, ал мен білетін Көмеков – біреу ғана!» деп баяндама кезегін Болат Көмековке ұсынды. Ұлттық Ғылым академиясының академигі Болат Ешмұхамедұлы: «Қазақтың өркениеті Ұлы дала елінің құндылығының арқасында қалыптасқан. Сондықтан біз қашанда Ұлы даламен мақтануымыз һәм дәріптеуіміз керек. Өркениет жайлы айту үшін төрт жағдайды ескеруге тиіспіз. Бұл – мемлекет, қала мәдениеті, жазу және руханият пен мәдениет. Осы төрт сала болса, онда өркениет туралы әбден әңгімелеуге болады, -деп өркениеттің қазіргі қоғамға әсерінің көптігін тілге тиек ете кетті.

– Тәуелсіздіктің 25 жылында ұлттық тарихты зерттеумен келе жатырмыз. Одан алдыңғы Кеңес кезеңінде төл тарих ескерусіз қалды. Алаш қайраткерлерінің атын атау – қылмыспен тең болатын. Бүгінгі таңда бізге ұлттық тарихтың мазмұнын ашу үшін ондаған жылдар керек. Жаңа мектептер ашу қажет. Сананың тәуелсіздігі бір күнде келмейді. Тәуелсіздік жылдарында туылып, өсіп, жетілген буын енді аяққа тұрып жатыр. Міне, осылар тарихымызды жаңа көзқараспен жазады.

Мұстафа Шоқайға Францияда жоғары баға берілген. Оның атына саябақ ашып, көше берілген. Ал біздің Астанамызда Мұстафа Шоқай атында бірде-бір көше жоқ. Тіпті, елімізде «Мұстафа Шоқай – фашистермен байланыс жасаған» деген түсінікпен қарайтындар әлі де кездеседі. Өйткені, бұрынғы советтік мектептің әсер, ықпалында келе жатқан адамдар әлі де бар. Сондықтан, біз бұл мәселе тұрғысында көп зерттеу жүргізуіміз керек, -деді Түркияның Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің профессоры Әбдіуақап Қара.

Қазақтың тарихын түгендеп жүрген ғұлама ғалымдары Шымкентке келіп, ұлт құндылықтарының қатпарларын ақтарып, құнды мәліметтерімен бөлісті. Студент жастар ұлттық тарихымыз хақында, Ұлы даланың ардақты перзенттері, олардың еңбектері туралы тың деректерге қанықты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары