Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында әскери сала қызметкерлеріне тамаша тарту жасалды. Шымкенттегі қаланың қорғаныс істер жөніндегі басқармасы қуанышты жаңалықтарымен бөлісіп отыр. Анығын айтқанда, әскери комиссариатқа жаңа ғимарат салынатын болды.
Аталған мекемеге арнайы ат басын бұрған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ел қорғанысы жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға табыс тілеп, жаңа ғимараттың игілікке қызмет ететініне сенім білдірді. Нысанның орын тебетін жері Шымкенттегі «Нұртас» шағынауданы болмақ. Бұл мақсатқа жалпы аумағы 1 гектар жер бөлініп отыр. Қазіргі таңда оның нобайы дайын.
Сондай-ақ, осы күні қос қуаныш орын алды. Қала басшысы мереке құрметіне орай мекеме қызметкерлеріне су жаңа «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті. Жасалып жатқан жағдай мемлекетімізде әскери күштерге ерекше көңіл бөлінетінін көрсетті. Шаһар басшысы ел егемендігін мәңгілік етуде бұл құрылымның да қызметі құзырлы, маңызды екенін айтады.
Қазақстанның 25 жылдағы байтағы мен бейбіт өмірін қамтамасыз етіп келе жатқан әскери сала қызметкерлерінің ел өміріндегі маңызы қашанда ерек. Мәртебе орындары биік болып тұрады. Егемендікті, тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, қашанда сақадай сай тұратын әскерилерге қандай құрмет көрсетілсе де әбден лайық болмақ.
ҒАБИДОЛЛА ӘБДІРАХЫМОВ – ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Біздің ел қашанда қорғаныс саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі іс-шара ел егемендігінің 25 жылдығына орай өткізіліп отырғаны да кездейсоқ емес. Еңбектеріңіз жана берсін, табысты болыңыздар!