$ 498.51  522.84  4.81

Шымкентте Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының филиалы ашылды

Бүгін Шымкентте «Rixos» қонақ үйінің «Назарбаев холл» залында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілдігінің таныстырылымы өтті.

Кездесуге облыс әкімі аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының өкілдері, жергілікті сарапшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыс әкімі аппаратының басшысы Е.Әлімқұлов кіріспе сөз сөйлеп, институт өкілдігінің республика бойынша алғашқы болып өңірімізде ашылу маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Е.Карин аймақтық өкілдіктің ашылуы өңірлік зерттеулерді жүргізуге, әдіснамалық және әдістемелік көмек көрсетуге, жергілікті сарапшылар қауымдыстығымен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретіні туралы айтып өтті. Аталған жиында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері А.Жолдыбалина, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Саясаттану және халықаралық қатынастар» кафедрасының меңгерушісі С.Мәжінбеков баяндама жасады.

Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты мен қоғамдық-саяси ахуал және оның даму үрдісін талдау мен болжау жөнінде баяндамашыларға сұрақтар қойып, сарапшылар және жоғары оқу орындарының оқытушылары пікірлерін ортаға салды.

Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының өкілі болып Б.Орманов тағайындалды. Кездесуді облыс әкімі аппаратының басшысы Е.Әлімқұлов қорытындылады.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) негізгі міндеті мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің қызметін ғылыми-талдаушылық қамсыздандыру болып табылатын қазақстандық мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемесі. Институт Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты, әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мәселелері бойынша түбегейлі зерттеулер жүргізеді, мемлекет басшылығына болжамды-талдаушылық сипаттағы материалдар дайындайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары