Бүгін барша қазақстандықтарға арнап ерекше сый тартылды. Еліміздің тарихында алғаш рет, Қазақстанның Тәуелсіздік күні мемлекеттік туымыз Антарктиданың ең биік нүктесі – Винсон шыңына (4892м) орнатылды.
Полярлық экспедиция қатысушылары - белгілі альпинистер Мағжан Сағымбаев пен Ілияс Ғалымбеков ауа-райының өзгерістерінен кестеге енгізілген түзетулерге қарамастан, Винсон шыңына шапшаң шықты. Шыңды алар алдында, әрбір күн санаулы болып тұрған кезде, тұман мен қардың тоқтағанын альпинистер бірнеше тәулік бойы төменгі лагерде күтіп отырды.
«Осы таудың басына шығу үшін біз жарты жыл бойы саналы түрде бар күшімізді салып дайындалдық. Жоғары қарай көтеріңкі көңіл-күйде көтерілдік. Өзің үшін тауға шыққаның бір бөлек, ал елің үшін жасаған әрекетің мүлде басқа сезім тудырады. Тәуелсіздік Күні барша қазақстандықтарға арнап осындай сый тартқанымыз үшін Ілияс пен өзімді мақтан тұтамын» дейді Алматы қаласы Qazaq Geography өңірлік өкілдігінің басшысы, экспедиция тобының жетекшісі Мағжан Сағымбаев.
«Ауа-райы жағдайына байланысты тауға шығу оңай болған жоқ. Қазір Винсон шыңында тұрып, бәріне де төзіп, соңына дейін жете алғанымыз үшін серіктесіме және өзіме ризамын. Осы уақыт бойы бізді қолдап келген барлық адамдарға алғысымды білдіремін!», - дейді Экспедиция қатысушысы Ілияс Ғалымбеков.
Естеріңізге сала кетсек, экспедиция екі кезеңге бөлінген.
Бүгінгі таңда бірінші кезең өз мәресіне жетті – бұл Винсон шыңына шығып, тулардың орнатылуы. Винсон шыңы өзінің географиялық орналасуына байланысты «7 summits» альпинистік бағдарламасының күрделі биіктіктерінің бірі болып саналады. Осы жылы Винсонға көтерілген алғашқы күннен бері 50-жыл толды. Мағжан Сағымбаев пен Ілияс Ғалымбековтың шыңды сәтті бағындырғандарының арқасында Эльбрус пен Аконкагуа секілді мәнді өрлеулердің қатарына Винсон да кірді. Екінші кезең бірнеше күннен кейін басталады. Атлеттер Мағжан Сағымбаев, Ілияс Ғалымбеков, Юрий Юшин, сонымен қатар командада дәрігер міндетін атқарып жүрген зерттеуші Дәулет Шәріпов Оңтүстік полюске қарай шаңғы экспедициясын жүріп өтеді. Спортшыларға 217 шақырымға жедел маршты жүріп өтуге тура келеді.
«Тәуелсіздік Полюсі» экспедициясы аяқталған соң, Антарктидада автоматтандырылған ғылыми бекеттің орнатылуы туралы Қазақстан атынан ұсыныс берілу жоспарланып отыр.