«Мен – Қазақстан азаматымын». Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шара осылай аталды. Оңтүстік Қазақстан облыстық жас туристер станциясы осындай атаумен патриоттық акциясын өткізді. Мақсат – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әрі, салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Алдымен, шараның ашылу салтанаты концерттік бағдарламамен түрілді. Өнерпаздар ән мен биін ортаға салды. Жиынды ұйымдастырушылар тәуелсіздік туралы сөз қозғады.
Бабаның қаны, ананың жасымен келген азаттық – әрбір жан үшін қымбат. Мұны бағалау бүгінгі буынның бәсіресінде.
Айта кетейік, сайысқа қатысуға 120 оқушы ниет білдіріпті. Олар спорттың төрт түрінен сынға түседі. Суда жүзу мен жүгіру және велосипед тебу арқылы ептіліктерін байқатпақ. Жарыс жеңімпаздарын қомақты жүлделер күтіп тұр.
Бұл шара бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Тәуелсіздік тойы қарсаңында бастау алған бастама алдағы уақытта жастарды отансүйгіштік пен патриоттық бағытта тәрбиелеуге де өз үлесітерін қоспақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар осы арқылы еліміздің көптеген жерлеріне саяхаттау мүмкіндігіне ие болады. Осы арқылы танымдық түсініктері артып, туған жерге деген құрметтері еселене түспек.
СӘУЛЕ ӨМІРБАЕВА – «ОБЛЫСТЫҚ ЖАС ТУРИСТЕР СТАНЦИЯСЫ» МКҚК ДИРЕКТОРЫ:
- Сыйлықтармен қатар, біздің мекеме есебінен 1 команда, командада 6 адам Астана қаласына тегін үш күндік саяхатқа ие болады. Бұл біздің алғашқы бастамамыз.