$ 499.51  525.83  4.62

Мектепке қосымша ғимарат салынды

Тәуелсіздікке тарту! Торқалы той қарсаңында Мақтарал ауданы Қызылқұм ауылдық округіндегі Қарасақал елдімекенінің тұрғындары қуанышқа кенелді. Ауылдағы аядай ғана мектепке қосымша ғимарат салынып, ел игілігіне беріліп отыр. Зәулім, кең, ең бастысы – жарық, әрі жылы сынып бөлмелері  оқушылардың білімге деген ынтасын еселей түсті.

Қызылқұм жалпы орта мектебі тәуелсіздік тойы қарсаңында тотыдайын таранды. Бұған дейін білім ордасының шәкірттері қысылып-қымтырылып, тар сынып бөлмелерінде оқып келген болатын. Енді міне, ол қиындық артта қалды. Құрылыс жұмысына жауапты «Алмат-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналасы алты айдың ішінде ғимаратты салып берді.

Мектепке аудан бюджетінен 146 млн. теңге бөлінген. Жаңа заманға сай жабдықталған ғимаратта оқушыларға барлық жағдай жасалған.

Қарасақал шағын ауыл болғанмен, халық саны қарқынды өсіп келеді. Сондықтан мектепке қосымша құрылыс салу қажеттілігі туындаған еді. Ауыл тұрғындары мен ата-аналар мемлекет тарапынан жасалған игі іске дән разы. Өйткені, жылдар бойы балалардың жүйелі білім алуына кедергі келтіріп келген осы бір түйіткіл үлкен мереке қарсаңында шешімін тапты. Бұл да – тәуелсіздік жемісі.

Айта кету керек, Тәуелсіздік қарсаңында пайдалануға беріліп жатқан нысандар ОҚО-да жетіп артылады. Мәселен, Түркістанда 250-ге жуық отбасы баспаналы болса, Созақ ауданында да 50 азаматқа жаңа үйдің кілттері табысталды. Сондай-ақ, Ордабасы ауданында 3 бірдей балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары