Елбасы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 2020 жылы 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырған болатын. Осыған орай, әрі Тәуелсіздік тойы қарсаңында ордабасылықтарға тамаша тарту жасалды! Ауданда бір емес, үш жаңа балабақша пайдалануға беріліп отыр.
Мұндағы кәсіпкерлер Үкімет жасаған мүмкіндікті мүлт жібермей, мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында халыққа бөбекжай салып берді. Шұбарсу ауылында ашылған балабақша «Айназия» деп аталады. Бүгінде 150 баланы қабылдап үлгерген. Бөбекжайды салған кәсіпкер Нұрлан Әлімханов балалардың жарқын болашағына жол ашып қана қоймай, ауылдың отыз шақты тұрғынына жұмыс тауып берді. Халық осы үшін де ісі игі, жомарт жанға риза.
Ал, Қажымұқан ауылында ашылған балабақша «Алтыншаш ана» деп аталады. Енді, ауылдың 125 бүлдіршіні осында тәрбиеленеді. Аудан басшысы бұл бастаманы қолға алған кәсіпкер Серғазы Ақмаратовқа да алғысын жаудырды. Себебі, бұл ел болашағы үшін жасалған жағдай.
Ордабасы ауданында пайдалануға берілген тағы бір балабақша «Ұлы Орда» деп аталады. Бадам ауылдық округіндегі мектепке дейінгі мекеме заман талабына сай жабдықталып, 150 бүлдіршінге есік ашты. Аудан әкімі Алмасбек Мамытбеков халыққа жағдай жасаған барлық кәсіпкерге алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады.