$ 441.66  475.14  4.86

Тәуелсіздікке тарту

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында бірнеше нысан ел игілігіне берілген болатын. Атап айтқанда, қос бірдей аллея мен оқушыларға арналған спорт залдың ашылуы көпшілікке қуаныш сыйлады.

«Құрметті Азаматтар Аллеясы» - ел дамуына үлес қосып, еңбегімен көзге түскен, өзіндік қолтаңбасы бар азаматтарға арналды. Ардақты ағалар мен апалардың есімдері құрмет тақтасына жазылып, гүлзар әдемі реңге енді. Бұдан кейін көпшілік аудан әкімдігі ғимаратының сол жағындағы «Жастар аллеясына» жиналды. Жаңадан ашылған аллеяда жас жұбайларға  неке куәліктері салтанатты түрде табысталып, үлкендер жағы ақ баталарын берді.

«Мұның барлығы жай сәйкестік емес. Еліміздің 25 жылда еңсе тіктеп, ең озық елдердің қатарына енуі үлкен мәртебе. Дәл сол сияқты айтулы датада некесін қиған жастардың бүгін құрып отырған шаңырақтары бекем болады деген сенімдемін», - деді Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Н.Айтбеков.

Ал, аудан орталығы Шаянда аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт кешені бой көтерсе, Ақбастау ауылдық округінің Жолғабас ауылындағы негізгі орта мектептің жанынан жаңа асхана мен спорт залы ашылды.

Сондай-ақ, үй кезегінде бірнеше жылдан бері тұрған 14 азаматқа жаңа баспананың кілті табысталды. Бұдан соң салтанатты шара аудан өнерпаздары мен Шаян саз мектебінің ұлт-аспаптар оркестрінің ұжымы ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жылдағы дәстүр бойынша ұлттық ойындар – қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту жарыстарын ұйымдастырып, жеңімпаздарды марапаттады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары