$ 443.72  482.28  4.9

Тәуелсіздік алаңы ашылды

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында тәуелсіздік алаңы ашылды. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін 25 нысан ел игілігіне тапсырылу тиіс болған. Бұл алаң соның ең алғашқысы.

Заман талабына сай мұнда лэд-экрандар орнатылған. Сол арқылы Елбасының құттықтауларын, бастамаларын көпшілікпен тамашалауға мүмкіндік бар.

«Тәуелсіздіктің бізге берген бақытының арқасында бағындырып отырған белестеріміз аз емес. 25 жыл тарих үшін аз уақыт болғанмен, Қазақстанның дамуы жолындағы ширек ғасыр көптеген сынақтардың бастамасы болды. Көреген көшбасшы Н.Назарбаевтың арқасында белді де беделді елдермен тереземіз теңесті. Тәуелсіздік алаңына қойылып отырған лэд-экрандар аз ақшаға қойылған жоқ. Жергілікті бюджеттен 20 млн теңгеден астам қаржы құйылды», - деп нықтаған Бәйдібек ауданының әкімі Б.Танагузов тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, қуаныштың еселенуін тіледі.

Айтып өтейік, нысандағы тиісті жұмысты «Север-Юг Универсал» мекемесі атқарған. Көлемі 120 х 70 метр болатын алаңға 4 мыңнан астам халық сияды. Арнайы жабық сахнасы да бар.

Сонымен қатар, Бәйдібек ауданының тарихы мен егемендік алған жылдардан бергі аудан жетістігі арнайы баннерлерге жапсырылып, алаңды қоршай орналастырылған. Бұл күнге дейін аудандағы түрлі маңызды мәдени іс-шаралар Бәйдібек аудандық әкімдігінің алдындағы алаңда өтіп келген еді. Енді жаңа құрылғылармен қамтамасыз етілген тәуелсіздік алаңы Бәйдібектегі барлық мерекелік шаралардың куәсіне айналатын болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары