$ 448.81  476.82  4.77

Кентауда қайырымдылық шарасы жалғасты

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында Оңтүстікте жүрегі жомарт, қолы ашық жандар қайырымдылық шарасын әлі де жалғастырып жатыр. Мұндағы мақсат – ел арасындағы әлеуметтік әлжуаз топқа жататын жандардың жанұясы мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мейірім шуағын сыйлау.

Оңтүстік қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың ерекше нұсқауымен мұндай игі іс бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Әр аудан басшылығы кәсіпкерлермен бірлесіп, жергілікті халықтың арасындағы тағдыр тауқыметіне ұшыраған немесе әртүрлі себептерге байланысты тұрмысын түзей алмай, қиындық көріп жүрген отбасыларға көмек қолын созды. Мысалы, Кентау қаласының әкімдік қызметкерлері білім бөлімінің әдіскерлерімен ұйымдаса шахардың отызға жуық бүлдіршінін шат-шадыман күйге бөледі. Қыстық киімдерді табыс етіп, қажетті оқу құралдары мен тәттілерден үлестірді. Шараға ерекше ықыласпен атсалысқан аудан әкімі Әбідбақыт Мақұлбаев жас жеткіншектерді ел егемендігінің ширек ғасырлық жетістігімен құттықтады.

«Тәуелсіздік бізге оңай жеткен жоқ. Ата-баба аманатымен жеткен жеңіс, баға жетпес бағымыз. Сол шаттықтың басты себепкері мына сендер жастар. Бала біздің болашағымыз, сондықтан ертеңге үлкен армен қараңдар. Үкіметке, елге қайтіп жәрдемін тигізе алатын абыройлы азамат боп өсеміз деген ұлы мақсаттар қоя біліңдер. Барлығына жетесіңдер, арман-тілектерің орындала берсін!»,деді қала басшысы кішкентай балаларға үлкен сенім артып.

Айтып өтейік, қайырымдылық акциясына Кентау қалалық мәслихат хатшысы Т.Балабиев, депуттаттар мен ата-аналар қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары