$ 444.32  473.33  4.76

ОҚО-да жыл соңына дейін 25 елдімекен газбен қамтылады

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ОҚО-да 25 елдімекенге газ тартылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында айтылды. Отырысқа облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері және әкімдіктің тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде осы жылдың соңына дейін тапсырылатын құрылыс нысандары мен облыс аумағындағы жол-құрылыс жұмыстарының жағдайы, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының 1-ші бағытының орындалуы және құрылысы жүргізілген коммуналдық мәселелер жайы қаралды.

Жиында баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары А.Әліқұлов осы жылы республикалық және облыстық бюджеттен ауыз су және су бұру саласына 11,4 млрд. теңге бөлініп, 35 жобаның құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның ішінде 35 нысанның 9-ы  2017 жылға өтпелі болса, ал қалған 26 нысан кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Сонымен қатар, ол осы жылы республикалық және облыстық бюджеттен газ құбырын тарту бойынша 13,2 млрд. теңге бөлініп, 34 нысанның құрылысы жүргізілсе, оның 25-і биыл ел игілігіне тапсырылатынын хабарлады.

Айта кетейік, көгілдір отынмен қамтылатын елдімекендердің дені Түркістан қаласының іргесіндегі ауылдар мен Төлеби және Бәйдібек аудандарының елдімекендері.

Күн тәртібіндегі мәселелердің жайына қаныққан аймақ басшысы Ж.Түймебаев бірқатар салалар бойынша кемшіліктердің бар екеніне тоқталып, аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпелер жасады. Сондай-ақ, әкім салынып жатқан құрылыс  нысандарының сапасына назар аударуды және құрылыстың кестеге сай өз мерзімінде аяқталуын қадағалауды жүктеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары