$ 441.66  475.14  4.86

ОҚО әкімі бірқатар басқарламалардың Тәуелсіздік мерейтойына дайындығын пысықтады

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ашылатын әлеуметтік нысандардың жай-күйінен хабардар болу үшін құзырлы орган басшыларының басын қосып, селекторлық жиын өткізді.

Мәжілістің күн тәртібінде осы жылдың соңына дейін тапсырылатын құрылыс нысандары мен облыс аумағындағы жол-құрылыс жұмыстарының жағдайы, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының 1-ші бағытының орындалуы және құрылысы жүргізілген коммуналдық мәселелер жайы қаралды.

Жиында сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Н.Байғұт биыл облыстық бюджет есебінен 305 нысанның немесе 638,8 шақырым жол мен 17 көпірдің құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.  Мәселен, осы жылы 603,9 шақырым жол, 60,8 шақырым аяқжол, 17 көпір, 12 құбыр және 1 теміржол өткелі пайдалануға берілуі жоспарланса, оның 126 нысаны ел игілігіне берілген.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 562 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатқанын бандаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Құралова жобалардың 3 траншқа бөлінгенін хабарлады. Атап айтқанда, І және ІІ транш негізінде 84 жобаның 83-і аяқталса, ІІІ транш бойынша 457 жобаның 151-і аяқталған.

Сондай-ақ, облыстық құрылыс басқармасының басшысы С.Полатов мерейтой қарсаңында өңірде ондаған жаңа әлеуметтік нысанның пайдалануға берілетінін айтса, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары А.Әліқұлов инфрақұрылым жайында есеп берді. Басқарма басшысы осы жылы республикалық және облыстық бюджеттен ауыз су және су бұру саласына 11,4 млрд. теңге бөлініп, 35 жобаның құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның ішінде 35 нысанның 9-ы  2017 жылға өтпелі болса, ал қалған 26 нысан кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Сонымен қатар, ол осы жылы республикалық және облыстық бюджеттен газ құбырын тарту бойынша 13,2 млрд. теңге бөлініп, 34 нысанның құрылысы жүргізілсе, оның 25-і биыл ел игілігіне тапсырылатынын хабарлады. 

Күн тәртібіндегі мәселелердің жайына қаныққан аймақ басшысы Ж.Түймебаев бірқатар салалар бойынша кемшіліктердің бар екеніне тоқталып, аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпелер жасады. Сондай-ақ, әкім салынып жатқан құрылыс  нысандарының сапасына назар аударуды және құрылыстың кестеге сай өз мерзімінде аяқталуын қадағалауды жүктеді.

Жұмыстың жүйесіздігінен облыстағы салынған жолдар қайта бұзылып, газ, су құбырлары жүргізіліп жататындығын айтқан әкім алдағы уақытта жол мен көпір құрылысын салар алдында  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесе отырып іс-шара жоспарын бекітуді, ал елді мекендерге берілген көгілдір отынды әрбір абономентке жеткізілуін қамтамасыз ету үшін арнайы жаспар дайындалу қажеттігін  міндеттеді.  Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жоғарыда аталған кемшіліктерді жою мақсатында тиісті сала басшыларына нақты бірқатар жүктем елер міндеттеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары