$ 448.15  483.46  4.86

ОҚО әкімі Мақтарал ауданының Тәуелсіздік мерейтойына дайындығын тексеріп қайтты

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Мақтарал ауданында болды. Онда аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, жергілікті халықпен тілдесті. Сондай-ақ, жергілікті билік өкілдерінің Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына дайындық барысын пысықтады.

Ең алдымен, өңір басшысы Шардара су қоймасынан су сорғыш насостар арқылы «Достық» каналына ағын су беретін станцияны көрді. Дәл осы станциядан ағын су алатын «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы канал ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Су ресурстар комитетінің тапсырысымен 2011 жылы салынып, пайдалануға берілген болатын. Секундына 60 текше метрге дейін су тартатын су сорғыштар 87 мың гектарға жуық алқапты ағын сумен қамтамасыз ете алады. Ал аталған нысанға жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болса қосымша тағы 34 мың гектардай жерді су арнасы арқылы ағын сумен қамтамасыз етуге болады.

Жыл сайын мақташылар үшін су жетіспеушілігі әлі де байқалатынын аймақ басшысының алдында баяндаған Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов бүгінгі таңда жергілікті әкімдікпен кезінде жеке меншікке өтіп кеткен су арналарын мемлекет меншігіне өткізу жұмыстарының қолға алынып жатқанын жеткізді. Аудандағы жағдайға қаныққан Жансейіт Қансейітұлы жергілікті басшыға бұл жұмыстарды тездетіп аяқтап, халыққа оңтайлы жағдай жасауды тапсырды.

Мұнан соң, облыс әкімі бастаған жұмысшы топ ауданның Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты С.Сейфуллин ауылына болып ел қарияларымен кездесті. Олармен емен-жарқын әңгімелескен Ж.Түймебаев ондағы тұрғындар жағдайының дұрысталып, реттелгеніне көз жеткізді.

Еске сала кетсек, осы жылдың тамыз айының басында аталған елді мекендегі тұрғындар арасында бұзақылық іс-әрекеттер орын алған болатын.

Қазақ-тәжік этностарының байырғы бауырлас, туыс елдер екеніне тоқталған әкім бұл татулықтың мәңгілікке жалғасатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, аталған елді мекенде бүгін болған жас жұбайлардың үйлену тойына қатысып, сый-сияпат жасады.

Айта кетейік, Ж.Ералиев ауылдық округінде 14 мыңнан астам халық тұрса, соның екі мыңға жуығы С.Сейфуллин ауылының тұрғындары. Жергілікті халық, негізінен, егін шаруашылығымен айналысады.

Аудандағы индустриалды аймақтың жұмысымен танысу облыс әкімінің бүгінгі жұмыс сапарының жоспарында да болды. Өткен жылы аймақта жұмысын бастаған «Береке ММА» мақта өңдеу зауыты туралы баяндаған жергілікті басшы бүгінде мұнда күріш өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, ол индустриалды аймақтан «Полиэтилен өндірісі», «Санитарлық-гигеналық заттар өндірісі», «Жеміс-жидекті қайта өңдеу зауыты» жобалары іске қосылып, тоқыма кластерін дамыту үшін мақтаны терең өңдеу өндірістеріне 12 га жер телімін беру жоспарланып жатқанын хабарлады.

Аймақтағы жұмыстардың барысын тыңдаған өңір басшысы бүгінге дейін мұнда бір ғана жобаның жұмысын бастағанын сынға алып, қалған жобаларды тездетіп іске қосуды жүктеді.

Жұмыс тобы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында да болды. Мақта шаруашылығындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту арқылы отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығарып, мақта өндірудің тиімділігін арттыру.  Инновациялық технологияларды өндіріске ендірумен айналысатын орталықта соңғы жылдары 30-дан астам инновациялық технологиялар жасалынған. Сонымен қатар, орталықта 2000 жылдан бастап бәсекеге қабілетті мақтаның отандық сұрыптары шығарылып, жалпы егістіктің 85%-на ендірілді.

Институт қызметкерлерінің осынау жетістерін оң бағалаған әкім ғалымдар жұмысына сәттілік тіледі.

Мақталы аймаққа барған аймақ басшысы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Қарақыр ауылынан пайдалануға берілген жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты. 200 балаға шақталған орта мектепте оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдайлар жасалған.

Білім ордасының сынып бөлмелерін аралап, шәкірттермен тілдескен Ж.Түймебаев оқушыларды жаңа мектепті үздік аяқтап, еліміздің дамуына атсалысуға шақырды.

Айта кетейік, аудан бойынша 2016-2017 жаңа оқу жылында мектептерде 67200 оқушы білім алуда. Биыл ауданда 10 білім ордасы пайдалануға берілді.

Жұмыс сапарының қорытынды жиыны аудан активінің отырысымен жалғасты. Мақтаралды 9 айда атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырған аудан басшысы өзекті мәселелерді де ортаға салды.

Баяндалған проблемалар жайына қаныққан Ж.Түймебаев олардың өз кезегімен шешілетінін жеткізді. Бұл ретте, әкім қолдағы бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, аудан игілігі үшін қолдануды міндеттеді. Мысал ретінде, ол Мақтаралдағы 2006 жылдан бері тоқтап тұрған өндіріс орнын басқа да мақсатта пайдалануды айтты.

Бюджетті игеру, инвестиция тарту, мақта алқабы көбейсе де, оның түсімділігінің азаюы, ветеринария, қылмыс, денсаулық сақтау сынды көптеген маңызды салаларда айтарлықтай төмен көрсеткіштердің байқалғанын алға тартқан Жансейіт Қансейітұлы Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмаиловқа жоғарыдағы түйткілдерді тез арада ретке келтіруді жүктеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары