$ 443.85  474.3  4.8

Оңтүстікте «Достық тілек» акциясы өтті

Облысымыздағы 20 этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенді мүшелері Шымкенттегі «Тәуелсіздік» саябағында жұртшылықты мемлекетіміздің маңызды мерекесі - Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Достық тілек» деп аталатын акция аясында саябақта серуендеп жүрген өңір тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында көк Туымыздың белгісіндей жалауша таратып, достық тілектерін арнады. 

Бұл туралы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ОҚО филиалының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің 100-ден аса мүшелері «Атамекен» әнін бірге орындап, достық пен татулықтың үлгісін көрсетті.

Мерекелік шараға ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М. Қалмұратов қатысып, Тәуелсіздік - бұл ең алдымен бірінші күндерден бастап қолға алынған бейбітшілік саясатының нәтижесі екенін, ең басты құндылығымыз саналатын оны қорғау біздің ең қасиетті борышымыз болып табылатынын жеткізді.

Айта кетейік, «Қоғамдық келісім» РММ-нің ОҚО бойынша филиалы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай бірнеше атаулы іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда, өзге ұлттың оқушылары арасында қазақ тілінде шығарма жазудан сайысқа түссе, Шымкенттегі этномәдени орталықтың өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуден жарысты.

Жалпы, тәуелсіздік мерейтойына орай облыста «25 жұлдызды күн» акциясы өткен болатын. Оның аясында концерттік шаралар, спорттық жарыстар, рухани және әдеби кештер өтіп, өңірге еңбегі сіңген қайраткерлер марапатталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары