$ 444.22  476.38  4.82

Шымкент әкімі қала тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қала қонақтары!

Сіздерді келе жатқан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз! 

Тәуелсіздік күні – ғасырлар бойы азаттық аңсаған халқымыздың өшкені жанып, ең асқақ арманы орындалған күн. Тәуелсіздікке ұмтылыс қашан да кедергі мен күреске толы болғаны әмбеге аян. Осы ауыр жолда тағдырдың талай сынағына төтеп беріп, бостандық үшін күреске бар ғұмырын арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке.

Әр ұлт, әр халық үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Осыдан 25жыл бұрын тарихи таңдау жасап, мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танымал. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың осынау табысы, еліміздің қарқынды дамуы, тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі.

Тарихтан алар тәлім мол. Біз өткенімізге құрметпен қарап, болашағымызға сеніммен көз тіккен халықпыз. Әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлшегі ретінде тәуелсіз ел атану тек биік мәртебе ғана емес, сонымен қатар орасан зор жауапкершілік жүгін артатындығын да біз жақсы түсінеміз. Тәуелсіздіктің арқасында қоғамдық-саяси өмірде, экономикада түбегейлі реформалар жасалды. Елбасымыз, дүниежүзілік саяси ауқымдағы тұлғалардың бірі. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген басшылығымен бүгінде Қазақстан қатардағы елден аймақтағы көшбасшы мемлекетке айналды. Өзгелермен терезесі тең сөйлесетін зайырлы, құқықтық-демократиялық іргетасы берік мемлекеттер шоғырына қосылдық.

Осы егемендігіміздің арқасында Қазақстан халықаралық ареналарда зор жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Соның бір айғағы еліміз бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесі алдымыздағы жылы Астанада өтпекші. Бұл Қазақстанның экономикалық қуатын жаһандық танудың айқын көрінісі екені сөзсіз.

Қымбатты жерлестер!

Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы.

Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан - 2050» Стратегиясында атап өткендей, «Тәуелсіздіктің басты мақсаты – әлеуметтік қауіпсіздікті және азаматтарымыздың бақуаттылығын қамтамасыз ету». Халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздықпен күресу қай қоғамның да болмасын мәселесі десек, қалада бұл бағытта да бірқатар жұмыс атқарылды.

Қала экономикасының қай саласын алсақ та, тәуелсіз адамдардың бойынан ертеңге деген ұмтылыс, еңбекке деген құлшынысты көреміз. Қолымыз жеткен жетістіктердің бәрі азаттық пен еркіндіктің арқасында, ұлттық мемлекетіміздің қолдауына сүйене отырып еткен еңбегіміз бен барлық тетіктердің айқын да үйлесімді жұмыстарының нәтижесі деп білеміз.

Осы игілікті істерде баршамыздың қосқан үлесіміз бар екеніне қуаныштымыз.

Халқымызда «Бақыт пен байлықтан қайда барасың деп сұраса, бірлігі жарасқан елге, бейбіт өмір орнаған жерге барамын» деген әдемі аңыз бар. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары қазақ халқы ортасында жүрген бір ұлттың баласын өгейсітіп сыртқа тепкен емес, себебі халқымыздың пейілі кең, ниеті таза, досына адал, жауына қатал, бала мінезді, ер көңілді. Елбасымыз айтқандай, «Қазақ елінің Мәңгілік ел болуына барлық мүмкіндігі бар, тек ішімізді даудан, сыртымызды жаудан сақтасын».

Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз. Бірлігіміз бекем, тұтастығымыз берік болғай! Азаттықтың көк туы ашық аспанымызда мәңгі желбірей берсін!

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!

Ғабидолла ӘБДІРАХИМОВ,
Шымкент қаласының әкімі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары