$ 444.22  476.38  4.82

Журналистер балалар үйінің бүлдіршіндеріне қуаныш сыйлады

Қоғамды қайырымдылыққа, ізгілікке үндеуде алдыңғы лекте журналистер тұрады. Мерейлі мереке күні ОҚО баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы Шымкенттегі №3 балалар үйінің бүлдіршіндеріне қуаныш сыйлады. Естелік сыйлықтар тарту етіп, бұл балалардың да қазақ қоғамы үшін орны орасан екенін екшеді. Айтқандай, дәл осы шаңыраққа бұл күні Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары да келді.

Балғындарды байтағымыздың басты һәм тарихи-маңызды мерекесімен құттықтаған журналистер қамкөңілдерге құр келместен, базарлығын әкелді. Ә дегеннен өнер көрсетуге бейім тұратын балалар болса, қонақтарға ән-жырын арнады,  әдемі биін тарту етті.

Шама жеткенше балғындарды шаттыққа бөлеу, рухани тұрғыда демеу – сауапты іс. Нәтижесін беретін тәрбие. Осыны ескерген басылым ұжымы бұл үрдісті кейінгі уақытта да жалғастыруға ниетті. Ал, Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары бүлдіршіндерге «Ризашылық» қайырымдылық шарасы аясында мейірім танытты.  

Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз  қалған 96  мың бала бар. Оның 80 пайызы – әке-шешесі бас тартқандықтан, бар жылылықты балалар үйінен тапқан. Ал, 20 пайызы – ата-анасы  өмірден өткен тұл жетімдер. Ел еңсесі тіктелген шақта мейірім-шарапатымызды аямайық! «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын?!»...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары