$ 444.22  476.38  4.82

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Шымкенттегі медресе-колледжінде де атап өтілді

Жас шәкірттерінің санасына Тәуелсіздік құндылықтарын сіңіріп, қайырымдылықтың ізгі дәнін себу үшін Шымкент медресе-колледжінің ұстаздары да тағылымы терең шараға ұйытқы болды. Бұл туралы Қазақстан-Шымкент телеарнасының тілшілері хабарлап отыр.

Оқу ордасына облысымыздың бас имамы Ахметжан қажы Керімбек мерекеге орай арнайы келді. Жиында 100-ге жуық жамағат бас қосты. Колледж директоры Талғат Әсембай жас шәкірттерді тарих теберігі -Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл қуаныштың оңайшылықпен келмегенін жадыға тоқыды. Осы оқу ордасында алған білімдерін ел ертеңін дамытуға  арнайтынын айтып, сенім білдірді. Жиынға арнайы келген облыс имамы Ахметжан Керімбек те білімгерлерді мерейлі мерекемен құттықтап, тура жолда білім алудың, оны игі істерге арнаудың қазақстандық ізгі қоғам үшін маңызды екенін айтты.  

Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы Оңтүстік Қазақстан облысында кең ауқымда аталып өтті. 21 қараша күні басталған «25 жұлдызды күн» акциясы 15 желтоқсанға дейін жалғасып, ол жүздеген мерекелік шараны қамтып отыр. Атап айтқанда, концерттік бағдарламалар, рухани және әдеби кештер, спорттық жарыстар, ұлттық спорт турнирлері, қолөнер шеберлерінің және суретшілердің көрмелері, балаларға арналған байқаулар – бәрі де осы 25 күннің шеңберінде өткізілді.

Сонымен қатар, бұл күндері облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосқан азаматтар түрлі марапаттарға ие болып жатты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары