$ 448.15  483.46  4.86

Үлкендер еңбегімен, балғындар тілегімен шаттанды

Тәуелсіздік жетістіктері – баршаға ортақ. Осы орайда Шымкент қаласы Абай ауданының әкімдігі ширек ғасырлық шежіреде шаһардың дамуы үшін шүмектеп тер төккен әр саланың майталмандарын қабылдады. Білікті басшыдан бастап, қарапайым жұмысшыларға деуір марапаттады. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медаліне 50 азамат ие болды.

Марапат алып, марқайғандардың қатарында Тәуелсіздік тойын өз дәрежесінде  дәріптеп, өзге бөбекжайларға үлгі болған «Балбұлақ» бала-бақшасының меңгерушісі де бар. Бұл мекеме 2015 жылы «Үздік мектепке дейінгі ұйым» аталымы бойынша облыстық байқауда топ жарды. Жүлделі бірінші орынды иемденді. Бүгін бүтін ұжымның ұлы дала ұландарын тәрбиелеудегі ұшан-теңіз жұмысы жоғары баға алып отыр. 

Үштұғырлы тіл саясатын насихаттау – елдік бағдарлама. Мемлекеттік меже. Мәңгілік елдің берік іргетасын білікті кадр қалайды. Ал, оны әлден, балабақша, мектептен бастап тәрбиелеу, талабын ұштау – ұтымды іс.

Жұмыла көтерген жүк - жеңіл. Мереке арқасында мерейі үстем болғандар «бізді бір тұғыр біріктіреді. Ол – Отанға деген сүйіспеншілік сезім» десті. Тәуелсіздік тойында үлкендер жағы еңбегімен мақтанса, балғындар бал тәтті тілегімен, әсем әнімен шаттанды.  

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында 25 күнге жалғасқан «25 жұлдызды күн» акциясы өз мәресіне жетті. Оның аясында жүздеген іс-шара ұйымдастырылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары