$ 446.49  475.38  4.79

Арыста қос мерекені қатар атап өтті

Ел тарихындағы айшықты оқиға – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Республикамызда жарасымды дәстүрлер жалғасын тауып, игі істер жүзеге асуда.

Осы орайда ОҚО Арыс қаласында еселі еңбек еткен дала еңбеккерлеріне арналған «Алтын күз – 2016» және «Қала күні» мерейлі мерекесі салтанатты түрде аталып өтті.

«Алтын күз – 2016» жәрмеңкесіне Ақдала, Байырқұм, Жиделі, Дермене, Монтайтас, Қожатоғай ауылдық округтерінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер және «Ордабасы құс» ЖШС фермасы өздерінің өндірген өнімдерін халыққа базар бағасынан 20-30 пайызға төмен бағада сатып, тұрғындарға қуаныш сыйлады.

Қала әкімі М.Қадырбек шаруалардың өндірген өнімдерімен танысып, жәрмеңкені аралап, тұтынушылармен жүздесті. Аталған жәрмеңкеде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ауыл еңбеккерлері өндірген өнімдерден ұлттық тағамдар әзірленді.

Жәрмеңке қалалық мәдениет үйінде салтанатты жиынға жалғасты.

Салтанатты шара барысында шаһар басшысы Мұрат Болатұлы мерекеге орай тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, Елбасының тапсырмаларымен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда, қаламыздың жаңарып, гүлденуіне, әлеуметтік экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға «Арыс қаласының Құрметті азаматы», Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдығын толағай табыстармен қарсы алып, еліміздің ен байлығын тасқындатуға ерен еңбектің үлгісін көрсеткен дала еңбеккерлеріне «Еңбек даңқы» белгісімен, «Алғыс хат» және «Құрмет грамотасымен» марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. 

Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Алтын күз-2016» жіңімпазы Монтайтас ауылдық округ әкімдігіне «Нива» автокөлігінің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді.

Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған қалалық «Мәдениетім мақтанышым» өнер фестивалінде қала, ауыл өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламалары мен көрмелерін халыққа ұсынған болатын. 

Қос мерекенің қуанышты сәтінде «Мәдениетім мақтанышым» өнер фестивалінің жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, үздік өнер ұжымдары мен өнерпаздарын «Алғыс хатпен» және «Бас жүлде» Жиделі ауылдық округінің өнерпаздарына «Гранта» автокөлігінің кілті табысталды.

Арыс аспанын әнге бөлеген мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, қаламыздың әншілері жиналған қауымға өнер көрсетіп, ән-биден шашу шашты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары