$ 448.89  477.93  4.76

Шымкенттегі «Тәуелсiздiк» саябағы қалай ашылған едi?

Жалпы, саябақ салу идеясы 2009 жылы бастау алды. Сол кездегi облыс әкiмi Асқар Мырзахметов  Қошқарата өзенiнiң бойынан ескерткiш тұрғызу жөнiнде ұсыныс айтты. Кейiн «Отан ана» Тәуелсiздiк монументiнiң салтанатты ашылуына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi келген күн кешегiдей көз алдымда.

Әрине, ойды ой қозғайды. Сәулетшiлер алдында осы кешендi одан әрi қарай дамыту мiндетi тұрды. Естерiңiзде болса, «Самолет» базары атанған алаң бұрын такси жүргiзушiлерiнiң тұрағына, қарапайым тұрғындардың тiлiмен айтқанда — «пятагына» айналып кеткен едi. Алдымен бұл алаңды босату мiндетi тұрды. Әкiм қадiрмендi қариялардың басын қосып, кездесу өткiздi. Келешектегi жоспарларымен бөлiстi. Бұл алаңға қандай нысандар салынатыны айтылды. Содан берi 6-7 жыл өттi.

Шырайлы Шымкент қаласының негiзгi қақпасының бiрi темiржол вокзалы десек, оның қарсы алдында Қабанбай атындағы көше жатыр. Осы даңғылды бойлап жүре берсеңiз, биiктiгi 15 метр, енi 50 метр қақпаны ұшыратасыз. Бұл — Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналып салынған саябақ кешенi. Ол Шымкент қаласы мен қонақтарының сүйiктi демалыс және мәдени орындарының бiрiне айналды. Аумағы 8,2 гектар алқапты алып жатқан жаңа нысанның ашылу салтанатына Оңтүстiкке арнайы iссапармен келген Елбасының өзi қатысқаны мәлiм.

  Тәуелсiздiк монументi, ашық аспан астындағы мәдени-тарихи мұражайы, ән салып, би билейтiн субұрқақ, әсiресе, түнде алуан түске малынып айналаға айрықша сән бередi. Кешеннiң орталығындағы гүлзарды бойлай ақ және қызыл граниттен жасалған 21 тақтайшада ел өмiрiндегi ең елеулi оқиғалар қашалып жазылған. Шамдардың орналасу дизайны келушiлердi қайран қалдырады. Әсiресе, көгалдандыру, көркейту бағытында көп iс тындырылғаны анық байқалады. Саябақта хризантема, барбарис, карпинус, кариоптерис, катальпа, жапон айнасы сияқты барлығы 40 түрлi көпжылдық ағаштар мен гүлдер жайқалып, көздiң жауын алады. Ал, «Алтын шаңырақтың» орны айрықша. Шаңырақты ұстап тұрған 137 уық-тiреу Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт өкiлдерiнiң берекелi бiрлiгi мен ырысты  ынтымағын паш етедi.

Саябақтың орны — Шымқаланың тарихи-рухани бастау алған жерi. Кейбiр сенiмдi мәлiметтерге жүгiнсек, ескi қала тоғыз жолдың торабы, Ұлы Жiбек жолының бойында орналасқан аса iрi сауда әрi экономикалық және мәдени орталық болғанын бағамдаймыз. Iргесiнде Қошқарата өзенi еркелеп ағып жатыр. Жергiлiктi тұрғындар осы өзен суының емдiк ерекшелiгi бар, бұлақ көзiнен бастау алатын қасиеттi су деп қастерлейдi.

Жалпы, жаңа саябақ Тәуелсiздiк алаңының бiртұтас композициясына енедi. Қазақтың кемеңгер үш биiнiң – Төле, Қазыбек, Әйтеке көшелерiнiң қиылысындағы Ордабасы алаңының орталығында 2009 жылы бой көтерген биiктiгi 34 метрлiк «Жер ана» сәулеттiк монументi дарқан даламыздың кеңдiгiн және халқымыздың татулығы мен бейбiтшiлiгiн бейнелейдi. Аталған монумент пен «Тәуелсiздiк» саябағын ұзындығы 104 метрдi құрайтын көпiр жалғап тұр. Бүгiнде көпшiлiк ескi тарих пен жаңа тарихты байланыстырып тұрған оны «Алтын көпiр» деп те атайды. Кiреберiстегi Тутөбеде 50 метр биiктiкте көк байрағымыз желбiрейдi. Арқасындағы 25 метр биiктiктегi 7 найза оның қорған-қамалы секiлдi. «Мемлекеттiк рәмiздер» алаңында елiмiздiң картасы бейнеленiп, Елбасымыз Н.Назарбаевтың тәуелсiздiк туралы толғанысы жазылған.

Осы арадан шырайлы Шымкенттiң келбетiн тамашалауға болады. Төбеден шаїар сұлу көрiнедi. Бұрын бұл жер қандай едi? Иесiз бос жатқан жер едi. Бiр кезде базар да болды. Облыстың сол кездегi әкiмi сәулетшiлердi, құрылысшыларды, дизайнерлердi, басқа да мамандарды шақырып алып ақылдасты. «Келiсiп пiшкен тон келте болмас» деген. Мұны Шымкент қаласының төлқұжаты десек те болады. Тұрғындар мен қонақтар, жастар келiп тынығатын орын бұл. Оның тәрбиелiк, танымдық мәнi зор. Мұндай игiлiктi жұмыс жалғасын табады.

Әлi есiмде, жоба негiзiнен 9 ай бойы жасалды. Бiз нобайы бойынша жұмыс iстедiк. Кешен құрылысы 2,5 ай iшiнде бiттi. Осы мерзiмде оның жобасы да аяқталды. Тiгiлген палаткада көз шырымын ғана алып, күндiз-түнi жұмыс iстегенiмiз естен шықпайды. Ол күндер де өте шықты.

Ескi қаланың «Шахистан» жобасы жасалған. Оны уақыты келгенде айтатын боламыз. Облыс басшысы Қошқарата өзенiнiң жағалауын демалыс аймағына айналдыру, Бадам өзенiнiң бойынан тоғандар салу жөнiнде тапсырмалар бердi. Келешекте оның да игiлiгiн шымкенттiктер көретiн күн алыс емес.

Бақытжан ӘШIРБАЕВ, сәулетшi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары