$ 446.49  475.38  4.79

Сол күндер әлi есте

Тәуелсiздiк туралы айтыла қалса, менiң ойым сонау 1991 жылға қарай шегiне түседi. Бұл уақыт барша қазақстандықтар үшiн тарихи тұрғыдан ерекше жыл едi. Ал, биыл ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы! Бұл тарихта алтын әрiппен жазылған кезең. Өткен жылдарды ой елегiнен өткiзсек, дүниенi дүрiлдеткен Кеңес Одағының басынан бағы тайып, экономикасы құлдырап, ыдырауға сәл-ақ қалған кезi екен. Бүл кезде мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнде депутат едiм.

Тәуелсiздiктiң алғашқы қадамы болған сол кез менiң есiмнен шықпайды. Бiрақ  бiз қазiр жеткен жетiстiктерiмiздi көбiрек айтып, сол аумалы-төкпелi шақты ауызға ала бермейдi екенбiз. Ал, қазақ елi үшiн шешушi кезеңдердi ұмытуға болмайды. Ол кездiң әрбiр күнiнде өте маңызды мемлекеттiк мәселелер шешiлiп жатты.

1990 жылғы наурызда он екiншi сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң сайлауы өттi. Бұл әкiмшiл-әмiршiл жүйенiң ықпалы әлi де болса жiби қоймаған уақыты. Дегенмен, бұл республикадағы заң шығару органының алғашқы демократиялық бағыт ұстанған сайлауы болатын. Мен сол сайлауда бiздiң облыстан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiне халық депутаты болып сайландым.

Мемлекетiмiз үшiн өте маңызды бұл кезеңде қазақтың көрнектi тұлғалары – Шерхан Мұртаза, Әбiш Кекiлбаев, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Мұхтар Шаханов, Жабайхан Әбдiлдин, Манаш Қозыбаев секiлдi iрi қоғам қайраткерлерi де бiздiң қатарымызда болды. Бiз соларға қарап бой түзейтiнбiз.

Бiз 1990 жылдың сәуiр айында Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевты Тұңғыш Президент етiп сайладық. Қызу жұмыс әрi қарай жалғаса бердi. Расын айтсам, менi  дәрiгер-ғалым болғандықтан ауруханаларға қаржы жетiспей, дәрi-дәрмектен қиындық көре бастаған шағымыз қатты алаңдататын. Жалпы, денсаулық саласы ғана емес, әлеуметтiк жағдай да мәз емес-тiн. Күйзелген халықтың жағдайын қалай жақсартамыз деп күнi-түнi толғанатын шақ туды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiнiң халық депутаты ретiнде күнделiктi жұмыспен қатар, ел аманатын орындай жүрiп, Мемлекет басшысының биiк мiнберден айтқан сөздерiнен iрi саяси өзгерiстердiң келе жатқанын сезiп, бiлiп жүрдiк.

Михаил Горбачевтiң қайта құру, демократияландыру, либералдық экономика, шаруашылық есеп, тағы басқа да жаңалықтары көптiң санасына сiңiп, бұрынғы Одақтың құрамындағы республикалардың басшылары, әсiресе, Балтық жағалауындағы республикалар орталықтан экономикалық және саяси бостандықтарын талап ете бастады. Ақыры атышулы «ГКЧП сойқанынан» кейiн 1991 жылдың тамыз айында Кеңестер Одағы тарап кеттi. Армия, милиция, сот, прокуратура секiлдi күштiк құрылымдар орталықтан iргесiн ажыратты. Олар дербес республикалық мекемелер болып қайта құрылды. Олармен қатар Одаққа бағынышты күрделi кәсiпорындар, Байқоңырдағы космодром да Қазақ КСР Ікiметiнiң қарамағына түбегейлi өттi. Қазақстанның жеке дара алтын және алмаз қорлары құрылды.

Сол 1991 жылдың желтоқсан айының сегiзiнде Белоруссиядағы Беловежье қорығында болған тарихи оқиғаның негiзiнде жетпiс жылдан астам уақыт халықтың көз жасына боялған тоталитарлық жүйе күйреп, шын мәнiнде отарлық құрсауда болған одақтас республикалар өздерiнiң егемендi, тәуелсiз мемлекеттерiн қалыптастыруға мүмкiндiк алды. Осы мүмкiндiктi туғызған шешушi себептердiң бiрi – 1986 жылғы желтоқсан айындағы халық қозғалысы екендiгiне қазiр ешкiм күмән келтiрмейдi. Тоталитарлық сеңi солай қозғалып едi. Тәуелсiздiк идеясы Қазақстан сияқты ұйқыда жатқан мемлекеттi дүр сiлкiндiрген болатын. Халқымыздың ғасырлар бойы армандап, аңсаған осы қасиеттi тәуелсiздiгiмiзге ұмтылыстың алғашқы заңды қадамдарын жасаушылардың арасында болғанымды өз басым қуана еске аламын. Мұның бәрi әрине, оңай болған жоқ.

Сол тұстағы Қазақстан басшылығы тәуелсiздiктiң алғашқы қадамдарына асқан байыптылықпен қарады. Олар барлық заңнамалық билiктi депутаттардың қолына бердi. Сол жылдың шiлде айында депутаттардың бастамасымен заң ғылымдарының кандидаттары Еркеш Нұрпейiсов, Талғат Данақов, академик Сұлтан Сартаевтың басшылығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiгi туралы» Конституциялық заң жобасын әзiрлеп, Жоғарғы Кеңестiң Төралқасына тапсырды. Бiрақ бұл жоба бiраз уақыт қозғаусыз жатты. Не керек, 1991 жылдың 9 желтоқсанында өткен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Төралқасының мәжiлiсiнде депутат Манаш Қозыбаев Тәуелсiздiк туралы Конституциялық заң қабылдау жөнiнде мәселе көтердi. Ол ұсыныс қолдау тауып, баяндамашы етiп заңгер-академик Сұлтан Сартаевты бекiттi.

Сұлтан ағамыз өзiнiң кейiнгi бiр естелiгiнде сол сәттегi толғанысын қағазға былай түсiрiптi: «Мен үшiн ешқашан ұмытылмайтын тарихи сәт күнi бүгiнгiдей көз алдымда. 1991 жылдың 16 желтоқсаны күнi мен көкiрегiмдi кернеген отаншыл асқақ сезiммен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң биiк мiнберiне көтерiлдiм. Сол арада сырттай сабырлы болғаныммен, iшкi толғанысты жасырмай-ақ Конституцияның жобасы, Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгi туралы аса бiр ыждағаттылықпен дайындалған өз баяндамамды зор шабытпен, өз елiме, халқыма, ұлтыма деген мақтанышпен бастап едiм. Сонымен, бiрнеше сағатқа созылған ұзақ талқылаудан, көңiлдi күптi еткен үмiт пен күдiктiң тайталасынан соң парасат жеңiске жетiп, 1991 жылғы 16 желтоқсанда кешкi сағат алтыдан 14 минут өткенде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi басым көпшiлiк дауыспен мемлекеттiң Тәуелсiздiк туралы Конституциялық заңын қабылдаған болатын».

Бұл академик Сұлтан Сартаев ағамыздың бiр үзiк толғанысы ғана. Шын мәнiнде айтыс-тартыс ұзаққа созылып, кейде тiптi қарама-қайшы пiкiрлер де айтылды.

Шерхан Мұртаза ағамыздың сол кезде былай деп жазғаны әлi есiмнен кетпейдi. «Таяуда ғана Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң жетiншi сессиясында Қазақстанның тәуелсiздiгi туралы мәселе қаралды. Бұл өзi басы ашық нәрсе ғой, айтыс-тартыс бола қоймас. Бұрынғы Одақтағы республикалардың бәрi өз тәуелсiздiгiн жариялап алды. Жалғыз Қазақстан қалды. Заң тез қабылданатын шығар деп сенгенбiз. Сөйтсек, көп екен көргенiңнен көрмегенiң дегендей, дау-дамайдың көкесi алда тұр екен. Ә дегеннен «осы Заң керек пе өзi?» деп депутат Чернышов шықты. «Бұрынғыдай империя жоқ, сонда Қазақстан кiмнен тәуелсiз болғысы келедi?» Бұл әңгiменi қозғамай-ақ қояйық. Депутат Козлов: «мұны бүкiл халық шешсiн, референдумға қояйық» дедi. Депутат Водалазов асықпайық дедi. Депутат Потапов: «мемлекеттiк тiлдер қазақ тiлi мен орыс тiлi болсын» дедi. Депутат Жаворонкова: «мемлекеттiк тiл үшеу болсын – қазақ, орыс, ағылшын тiлi» дедi. Депутат Сухов «қайда шапқылап барамыз?» дедi. Дедi, дедi, дедi... Тыңдап отырасың — қайран қаласың. Жағаңды ұстайсың. О, тоба дейсiң. Сабыр-сабыр дейсiң, қаның таси бастайды. Сап-сап дейсiң, қаның қыза бастайды...»

Иә, тап сол ауыр кезеңде, 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған осы заң былай басталатынын көпшiлiктiң есiне сала кетейiн: «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып, адам құқықтарының жалпыға бiрдей Декларациясында, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған өзге де нормаларында баянды етiлген жеке адамның құқылары мен бостандықтарының үстемдiгiн мойындай отырып, қазақ ұлтының өзiн-өзi билеу құқын растай отырып, азаматтық қоғам және құқылық мемлекет құруға бел байлағандығын басшылыққа ала отырып, бейбiтшiлiк сүйгiш сыртқы саясат жүргiзе отырып, ядролық қаруды таратпау принципi мен қарусыздану процесiне адалдығын мәлiмдей отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгiн салтанатты түрде жариялайды».

Биыл, мiне, рухы асқақ елiмiзге 25 жыл толды. Қарапайым тiлмен айтқанда, ұлы мақсаттар мен белестердiң тұғырында тұрмыз. Ендiгi мiндет – Тәуелсiздiктi мәңгi ету.

Иманәлi БАЙДӘУЛЕТ, 12-шi сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң халық депутаты, медицина ғылымының докторы, профессор, Шымкент қаласының құрметтi азаматы.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары