$ 444.22  476.38  4.82

Оңтүстікқазақстандық мәдениет қызметкерлері Елбасыға хат жолдады

Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңында облыстың зиялы қауым өкiлдерi мен мәдениет қызметкерлерi Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа құттықтау хатын жолдады. Жылы лебiз, ыстық ықыласқа толы хат «Ұлы Дала елi --- Тәуелсiздiктiң 25 негiзi» жұлдызды 25  күн аясындағы  12 желтоқсан --- «Мәдениет және руханият» күнiнде оқылды. Құттықтау хаттың мәтiнiн оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Аса қадiрмендi Нұрсұлтан Әбiшұлы!

Бiз, Оңтүстiк Қазақстан облысының зиялы қауым өкiлдерi мен мәдениет қызметкерлерi, Сiзге зор қошеметiмiздi бiлдiре отырып, өнегелi тарихы тұңғиықтан  тамыр тартқан, келешегi кемелдi  Қазақстан атты мемлекеттiң азаматтары екенiмiздi мақтан тұтамыз. Ширек ғасыр бойы 100-ден астам ұлт өкiлi төл мәдениетiмен, ұлттық өнерiмен қауышып, ашық аспан астында ынтымақ пен бiрлiкте бақытты өмiр кешуде.

Сiздiң бастамаңызбен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы  аясында  елiмiздiң мәдениет саласын дамыту,  тарихи-мәдени  құндылықтарымызды сақтап, қалпына келтiруде кешендi жұмыстар атқарылды. Жан жадырататын көрiнiстердi республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен, соның iшiнде Оңтүстiк Қазақстан өңiрiнен де көптеп кездестiремiз. Аз уақыт iшiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында Түркiстан қаласындағы облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталық, Руханият — Әбу-Насыр әл-Фараби, Хакiм Абай, Ерлiк, Бейнелеу өнерi музейi мен әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ашылды.

Сiз Тәуелсiз Қазақ елiнiң әлемдегi дамыған мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекелестiкке түсiп, өркениеттi жолмен өсiп-өркендеуi үшiн қолдағы мүмкiндiктердiң  бәрiн жасап келе жатқан сарабдал саясаткерсiз. Дамудың салиқалы жолын ұстанып, небiр қиын-қыстау кезеңдерде тұжырымды шешiмдер қабылдап, елiмiздi бұрын-соңды болмаған жаңа биiктерге көтердiңiз. Әртүрлi дағдарыстық құбылыстарды Қазақстан ауыр күйзелiссiз, қантөгiссiз және азаматтық қайшылықтарсыз қысқа тарихи мерзiм iшiнде жеңiп шықты.

Қазiр Қазақстан әлемдiк қауымдастықтың тең дәрежелi мүшесi болды. Сiздiң көшбасшылық қасиетiңiздi бүкiл дүние жүзi танып, мойындады. Сiздiң пiкiрiңiзге әлемнiң жетекшi елдерiнiң көшбасшылары, ықпалды халықаралық ұйымдардың басшылары үлкен ынта-ықыласпен құлақ түредi.

Дербес Қазақстан мемлекеттiлiгiнiң қалыптасуы мен нығаюы тiкелей Сiздiң есiмiңiзбен байланысты. Сiздiң есiмiңiз бұл күнде Мұстафа Кемал Ататүрiк, Ли Куан Ю, Дэн Сяопин, Махатхир Мохамад тәрiздi ең көрнектi реформаторлармен қатар аталуы да тегiн емес.

Елiмiз биыл өз Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерекесiн қарсы алғалы отыр. Ата-бабаларымыздың асқақ арманы – Тәуелсiздiк болса, сол Тәуелсiздiктi орнықтырған, баянды етуге аянбай тер төгiп келе жатқан Ұлт Көшбасшысы – Сiздiң келбетiңiздi анық көремiз. Сiз секiлдi бiрегей және дана тұлғаны қазақ халқының маңдайына бiткен бақ деп бiлемiз.

Бүгiнде Қазақстан халқы Мәңгiлiк Ел болуды асыл мұрат етiп отыр. Осы дара жолда бiз әрдайым Сiзбен бiргемiз. «Мәңгiлiк Ел» идеясын ұстанған Ұлы дала елiнiң Нұрлы жолдағы мәдениетi мен өнерiн дамытуда  қажымай еңбек етуге қашанда дайынбыз. Тәуелсiз елiмiздiң 25 жылдық мерекесi құтты болсын!

Елiмiз аман, жұртымыз тыныш болғай!

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Келесі жаңалық
Сол күндер әлi есте