$ 443.35  475.54  4.82

Отарсыздандыру немесе ұлттық сана жаңғырған жиырма бес жыл

Отарсыздандыру. Бұл тақырыпты қозғай қалсаңыз «Қазақстанда отарсыздандыру болған жоқ» деп өре тұра келетiн топ бар. Айтатын уәждерi «Парламент отарсыздандыру жөнiнде декларация қабылдаған жоқ», «Орыс тiлi ресми статусынан әлi күнге айрылған жоқ», «Павлодар мен Петропавлдың атауы өзгертiлген жоқ» деген төңiректе. Елде мұндай үдерiстiң жүрген, жүрмегенiн Кенесары ханның басының елге қайтарылу, қайтарылмауымен өлшейтiндер де кездеседi. Рас, осының бәрi де өзектi тақырыптар. Бiрақ бұл «жоқтарға» қарап отарлау саясатының ұлт санасында қалдырған зардаптарын жою жолында ештеңе iстелмедi деп айтуға болмаса керек-тi... 

Ұлттың ұлы мерекесi – Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы тойланып жатқан күндерi Қазақстанда отарсыздандыру үдерiсi қалай жүргiзiлдi, оның қандай элементтерi мен кезеңдерiн атай аламыз, нәтижесi қандай деген сауалдар төңiрегiнде ой қозғағанды жөн санап отырмыз.  

«Ауру батпандап кiрiп, мысқалдап шығады» дейдi дана халқымыз. Құлдық санадан арылу үшiн өйту керек, бүйту керек дейтiндердiң көбi осы қарапайым қағиданы ескермейдi. Ресей патшалығының отаршылдық саясатының, Кеңес Одағының ұлтымызға жасаған геноцидiнiң зардаптарын емдеу бiрер жылдың, тiптi екi-үш онжылдықтың да шаруасы емес. Бұл машақаты көп, ұзақ та күрделi үдерiс болары сөзсiз әрi оны жүзеге асыруда эмоцияға берiлiп, асығып-аптығуға жол жоқ. Тек салиқалы көзқарас пен «жетi өлшеп, бiр кесiлген» байыпты қадамдар ғана мұратқа жеткiзедi.

«Қазақстанда отарсыздандыру мүлде жүрген жоқ» дейтiндердiң сөзi далбаса. Ширек ғасырда бiзде бұл үдерiс там-тұмдап емес, жоспарлы, жүйелi түрде жүргiзiлдi. «Бiз елдi отарсыздандырып жатырмыз» деген ұрандарды алаулатып, жалаулатпай-ақ, салмақты шаруалар атқарылғанына сенiмдiмiз. Сонымен...

Бiрiншiден, отарсыздандыру дегенiмiз елдiң қазақылануы, қазақтың көбеюi десек қателесе қоймаспыз. Бiр кездерi өзiнiң атамекенiнде отырып азшылыққа айналған қазақ халқының үлесi бүгiнгi таңда 70 пайызға жуықтап, мемлекетқұраушы ұлт дейтiн статусына лайық болды. Бұл бiр жағынан елдегi демографиялық өсiмнiң жақсаруынан болса, екiншi жағынан мемлекеттiң шетелдердегi қазақтарды Қазақстанға шақыру саясатының жемiсi екенi талассыз. Ресми деректер бойынша тәуелсiздiк жылдарында Оңтүстiкте 1,5 миллион, республика бойынша 7,4 миллионға жуық сәби дүние есiгiн ашқан. Оның 69 пайызы қазақтың қарадомалақтары екенiн ескерсек, мемлекет халықтың әлеуметтiк жағдайын оңалтып, демографиялық өсiмдi жақсарту арқылы елдi қалай отарсыздандырғанын бағамдауыңызға болады.

Атамекенге ағылған ағайынның көшi елiмiз егемендiгiн жарияласымен, яғни 1991 жылы наурызда Моңғолия қазақтарының елге оралуымен басталды. Қала бердi көршiлес Өзбекстаннан оралғандардың да қарасы қалың. Атажұртына оралған ағайындардың елеулi бөлiгi Оңтүстiк Қазақстан облысына қоныс тепкенi де белгiлi. Айтайын дегенiмiз оралмандар қазақ тiлiнiң қолданыс аясын кеңейтiп, қазақы дәстүр мен кәсiп-нәсiптi жаңғыртты.   Демек, олар «орыстанған» қоғамды қазақтандырушы соны күш бола бiлдi. Бүгiнгi әлеуеттi де қуатты елiмiздiң шарапатты игiлiгiн де бiрге көрiп отыр.  Мiне, сол себептен де бүгiндерi  оралман деген ұғым нағыз патриот, қазақы салт-дәстүрдi жаңғыртушы, ата дiлдiң, ана тiлдiң жанашыры деген кең аяда қоғамдық санада қалыптасты. Оралмандармен қатынастың арқасында қазақтың өз қандасын қолдауы – бауырмалдылық пен мейiрiмдiлiктiң, қазақы дарқандық пен iзгiлiктiң үлгiсi ретiнде танылды. Елдiң бiрлiгiн нығайтқан бұл құндылық тәуелсiздiктiң ең үлкен олжаларының бiрi деп айта аламыз.

Екiншiден, отарсыздандырудың тағы бiр жолы ономастика саласы деуге болады. Ширек ғасырда бұл бағытта атқарылған жұмыстар да аз емес. Бiр ғана Оңтүстiк өңiрдi алып қарайық, қазiр облыста 930 елдi мекен бар болса, онда 11 мың 263 көше орналасқан. Көше атаулары түгелдей болмаса да, басым көпшiлiгi жаңа сипатқа ендi. Ал, өңiрдегi 185 ауылдық округтiң 161-iне байырғы атаулары қайтарылып, тарихи әдiлеттiлiк орнады. Тағы 24 елдi мекенге ұлтымыздың заңғар тұлғалары мен елге еңбегi сiңген азаматтардың есiмдерi берiлген. Демек, атаулар елдiгiмiздi танытатын деңгейге жеттiк.

Ал, Петропавлдың Қызылжар деп аталуы исi қазақтың арманы екенi шүбәсiз. Түбi ол күнге де жетерiмiз анық. Бiрақ солтүстiк облыстарда қазақтардың үлесi 30-35 пайыздан аспай тұрғаны белгiлi. Жағдайды оңалту үшiн мемлекеттiң «Серпiн» бағдарламасын қабылдағанын да көпшiлiк жақсы бiледi. Арқадағы алаштың саны артса, қазақтың қалаларының тарихи атауларын ың-шыңсыз қайтаратын кез де келедi.

Үшiншiден, отарсыздандырудың ең негiзгi құралы – мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн арттыру. Рас, қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебе алғанына отыз жылға жуықтаса да бұл салада шешiлмеген мәселе көп. Сол проблемалардың iшiнде көзге ұрып тұрғаны ел тiзгiнiн ұстаған шенеунiктердiң жартысына жуығының қазақ тiлiн бiлмеуi. Бiрақ ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Тәуелсiздiктi ендi алған жылдармен салыстырғанда айтарлықтай iлгерiлеу бар. Қазақ тiлi бұрын маңына да жолай алмайтын қаржы-банк, армия мен авиация салаларында қолданыла бастады. Осыдан 30 жыл бұрын техникалық ғылымдар бойынша қазақ тiлiнде жазылған монографияларды табуыңыз екiталай болатын. Ал, қазiр мұндай еңбектер аз да болса, жазылып жатыр. Бiр сөзбен айтқанда мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясы едәуiр кеңейдi. Ал, ең бастысы, жас ұрпақтың басым көпшiлiгi мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген.

Статистикалық деректерге назар аударыңыз. 1991 жылы елдегi мектептердiң бар-жоғы 30 пайызы қазақ тiлiнде бiлiм берген екен. Ал, бүгiнде елдегi 7 126 бiлiм ұясының 72 пайызы қазақ мектептерi. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәлiметтерi бойынша, 2016 жылғы түлектердiң 74 пайызы қазақ мектептерiн тәмамдаған. Ал, биыл қыркүйекте бiрiншi сыныптың табалдырығын аттаған бүлдiршiндердiң 82 пайызы мемлекеттiк тiлде бiлiм алуда. Бала мектепте қай тiлде бiлiм алса, ертең үлкен өмiрде сол тiлдi тұтынатыны анық. Демек, әлгi сексен екi пайыз ертең елдегi тiлдiк ортаны қалыптастыратын болады. Олай болса, кейбiр сарапшылардың «осы жағдай сақталса, алдағы 15-20 жылда мемлекеттiк тiлдiң мәселесi бiржола шешiледi» деген пiкiрiнiң жаны бар. Көрдiңiз бе, қазақ билiгi қазақ мектептерiнiң үлесiн арттыру арқылы елдi үнсiз отырып-ақ отарсыздандырып жатыр.

Айта берсек, ұлттық сананы жаңғырту бағытында атқарылған шаруа шаш-етектен, Коммунистiк идеологияның шаңы басып қалған ұлттық рухани мұраларымыз аршылып, тарихи ақтаңдақтардың бетi ашылды. Ұлттық тарихымызды түгендеу, тұлғатану бағыттарында да көптеген жұмыстар атқарылды. Осының бәрi ұлт рухының оянып, дүр сiлкiнуiне түрткi болды. Соның нәтижесiнде қазақтың мүддесi үшiн талмай күресiп жүрген, қажет болса ұлт мұраты жолында жанын қиюға әзiр ұлтшыл саясаткерлер шоғыры қалыптасып келедi. Олардың ұлтшылдығы өзге этностарды өзекке теуiп, шеттету емес, керiсiнше оларды мемлекетқұраушы қазақ ұлтының айналасына шоғырландырып, бауырына баса отырып, ұлттың мүддесiн қорғау, сол арқылы мемлекеттi өркениеттi жолмен дамуға бастау. Осындай топтың қалыптасуының өзi мемлекеттiң байыпты ұлт саясатының, дұрыс жүргiзiлген отарсыздандыру үдерiсiнiң заңды нәтижесi.

Бүгiнде Латвияда коммунистiк идеология фашизммен бiр қатарға қойылады. Ол елде КСРО-ның символикаларын ашық қолдану заңмен қудаланады. Бiздiң кейбiр ағайындар Қазақстанда да неге солай болмайды деп ұрандатып жүр. Бiрақ олар Латвия КСРО-ның құрамына 1940 жылы ғана қосылғанын, онда да сол жылы 16 маусым күнi КСРО-ның сыртқы iстер жөнiндегi халық комиссары В.Молотов Одаққа енудi талап етiп, олай болмаған жағдайда қызыл армияның латыш жерiне басып кiретiнiн мәлiмдеген соң «халықтың қаны төгiлмесiн» деген ниетпен ғана лажсыздан осындай қадамға барғанын ескере ме? Латвия билiгi сол кезде керi шегiнгенiмен, халықтың жан мен рухы азат едi. Олай болса, 50 жыл ғана отар болған, өз жерiндегi сандық үлесi ешқашан 85 пайыздан кемiмеген Латвияны отарлау саясаты үш ғасырға жуық уақыт жүргiзiлген Қазақстанмен салыстыруға келе ме? Әрине, жоқ. Демек, елдегi отарсыздандыру үдерiсiне баға бергенде асығыстыққа бой алдырып, ағаттық жiберуге болмайды. Абайша айтқанда «ақырын жүрiп, анық бассақ» қана елдi қазақыландыруды ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiрмей iске асыра алмақпыз. 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Сол күндер әлi есте