$ 448.89  477.93  4.76

«Елбасы ойлаған дәрежеден көрiне бiлдiк»

Мемлекет басшысы елiмiздiң құқық саласын халықаралық стандарттарға сәйкестендiру мақсатында құқықтық статистика және арнайы есепке алу құрылымын қалыптастырғаны белгiлi. Прокуратураның маңызды саласы саналатын жаңа орган тәуелсiздiктiң ширек ғасырында тәжiрибесi толысып, жаңа деңгейге көтерiлдi. Осыған орай Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы, аға әдiлет кеңесшiсi Асқар САПАРҒАЛИЕВПЕН сұхбаттасқан едiк.

— Асқар Октябрьұлы, тәуелсiздiк тiзгiнiн ұстағанымызға да 25 жыл толды. Мереке құтты болсын! Тарих таразысымен өлшегенде қаншама асқаралы асулардан өтiп, ауқымды iстер тындырдық. Құқық қорғау саласының бiр бөлшегi ретiнде прокуратура органы да осы жылдар iшiнде қалыптасу кезеңiнен өттi ғой...

— Әрине, прокуратура осы уақыт аралығында жаңару да жаңғыру үдерiстерiн бастан өткерiп, тәуелсiз елдiң тегеурiндi органы ретiнде қалыптасты. Рас, бұл оңайға түскен жоқ. Өйткенi, бұдан бұрын қандай қоғамның шекпенiнен шыққанымызды еске алсақ та жеткiлiктi шығар деп ойлаймын. Ол кезде басқа құқық қорғау органдары сияқты прокуратура да коммунистiк идеологияның құрсауында болды. Ал, азаматтар мен заңды тұлғалардың, қоғамның құқығын қорғаудағы үрдiс елiмiз тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн басталды.

— Өтпелi кезеңде өмiр сүру оңайға соқпайтыны тарихтан белгiлi. Сол бiр аласапыран кезде прокуратура органдарына айрықша салмақ түскен сияқты ғой...

— Қоғамды өтпелi кезеңнiң өртiне шалдырмай, жағдайды қалыпқа келтiрiп, тiзгiндеп отыру үшiн құқық қорғау органдарына ерекше күш жұмсауға тура келгенi рас. Ал, прокуратура үшiн мiндет тiптi де ерекше болды. Сол кездегi саяси және әлеуметтiк жағдай, жекешелендiрудегi жадағай үрдiс, заңдық негiздемедегi кемшiлiк, сыбайлас жемқорлықтың етек алуы – осылардың бәрi прокурорлық қызметтi қалыптасқан жағдайға басқаша қарап, қадағалау әдiстерiн басқаша құруды талап еттi. Ол заңды да. Жаңа қоғамдық қатынастарды ескi әдiстермен реттеу мүмкiн болмай қалды. Тың жол iздеп, ұлттық заңнамаларды қоғам талабына сәйкестендiру қажет болды.

— Сөзiңiздi бөлейiн, Құқықтық статистика және есепке алу органы сiз айтқан тың жол iздеуден туған құрылым болды ғой. Дегенмен, көптеген адам прокуратураның нендей қызметпен айналысатынын бiлсе де, құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселесiмен шұғылданатын мекеменiң жұмысына көп мән бере бермейдi. Осы тұрғыда айта кетсеңiз жөн болар едi...

— Қоғамдағы заңдылықты сақтау және құқық қорғау органдары қызметiнiң жетiстiктерi мен кемшiлiктерi құқықтық статистиканың сандық көрсеткiштерiмен айқындалады. Соған сәйкес, заң бұзушылықтың сандық мәлiметтерi арқылы мемлекеттегi қылмыстық әрекеттердiң бағыты мен деңгейi анықталып, олармен күресу және алдын алу бағытында бағдарламалар, жоспарлар түзiледi. 1997 жылға дейiн қылмыстар туралы, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жөнiндегi мәлiметтер жинақталған түрде тек Iшкi iстер министрлiгiнiң ақпарат орталығында, Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң қылмыстық ақпарат орталығында, ал, соттар қарауына жататын мәлiметтер Әдiлет министрлiгiнде тiркелетiн. Бұдан бөлек, дактиласкопия, яғни саусақ iздерiн зерделеу арқылы тұлғалардың жеке басын анықтау да, iздеу жарияланғандардың, қылмыс жасағандардың картотекасы да iшкi iстер органдарының құрамында болатын.

Уақыт өте келе құқық қорғау органдары жүйесiн жетiлдiру, қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында 1997 жылы «Құқық қорғау органдарының жүйесiн одан әрi реформалау жөнiндегi шаралар туралы» Президенттiң Жарлығы шығып, Бас прокуратура жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды. Ал, 2003 жылдың наурызынан бастап дербес комитетке айналды. Мiне, келер жылы құқықтық статистика органдарының құрылғанына 20 жыл толғалы отыр.

2003 жылы «Мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, құқықтық статистика мен арнайы есепке алуды жүргiзудiң құқықтық негiзi мен қағидаттары белгiлендi. Осындай маңызды құжаттың қабылдануына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң төрайымы, қазақтың алғашқы генерал қызы Сәуле Айтпаеваның ықпалы болғанын атап өткен орынды болар.

Осы келелi iстiң бастауында 2007 жылға дейiн аталмыш комитеттiң облыстық басқармасына жетекшiлiк еткен аға әдiлет кеңесшiсi Шотбай Байдәулетовтiң болғанын атап өту қажет. Себебi, 30 жылдан астам еңбек өтiлiн құқықтық статистика саласына арнаған оның баға жетпес тәжiрибесi мен бiлiмi құқықтық статистиканың құрылып, даму бағытын айқындауға, ал, кейiнiрек оның қалыптасуына қажет болды. Шотбай Әбiшұлы құқықтық статистика және арнайы есепке алу құрылымын құқық қорғау органдары арасында өзiнiң лайықты орнын алуына үлкен үлесiн қосты. Бұл бiз үшiн мақтаныш.

— Негiзiнде мұндай органды құрудың нақты қандай қажеттiлiгi бар едi?

— Мұндай органды құрудың қажеттiлiгi қылмыстық ахуалды бұрмалап көрсетiп келген бұрынғы ақпараттық-статистикалық жүйенiң жiберген кемшiлiктерiн жою мақсатында туындады. Ал, ондай олқылыққа тосқауыл қоятын орган – тек прокуратура. Құқықтық статистика органы құрылғаннан бергi 20 жыл бұл таңдаудың дұрыс екендiгiн дәлелдеп бердi. Және бұл орган Елбасы ойлаған дәрежеден көрiне бiлдi.

— Сонда оның басты атқаратын мiндеттерi қандай?

— Құқықтық статистика мен арнайы есепке алу органдарының алдына қойылған басты мiндеттiң бiрi – мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды елдегi заңдылық пен құқық тәртiбiнiң жай-күйi туралы ақпаратпен тиiмдi және жеткiлiктi қамтамасыз ету. Бұл талапты жүзеге асыру үшiн осы саладағы ақпаратты жинап, тiркеп, өңдеп, жинақтап, сақтау қажет. Мiне, осы жұмыстардың барлығы бастапқы кезде тек қағаз жүзiнде жүргiзiлетiн. Ақпараттық орталыққа мәлiметтер қағаз жүзiнде, яғни статистикалық карточкалар арқылы келетiн. Өйткенi, сол кезде тасымалдың осы түрi ғана қолжетiмдi едi. Бұл өз кезегiнде, елiмiздегi  заңдылық пен құқық тәртiбiнiң жай-күйi туралы күнделiктi ақпарат алуға үлкен шектеу болатын.

— Бұл тығырықтан қалай жол тауып шықтыңыздар?

— Толассыз ағылып жатқан ақпаратты өңдеу үшiн бiзге заманауи техникалардың қажеттiлiгi сезiле бастады. Оларды енгiзу, үнемi жетiлдiрiп отыру комитеттiң бүгiнгi жұмысының басты сипаты iспеттi. Ойлап қарасақ, кезiнде ертегi сияқты көрiнген жағдайлар бүгiн шындыққа айналды. Мысалы, осыдан жиырма жыл бұрын қағаз жүзiндегi статистикалық карточка болмайды, есесiне кез келген қылмыс туралы мәлiмет 24 сағат iшiнде орталық дерекқорда тiркеледi десе, оған ешкiм сенбес едi. Ал, бұл қазiргi таңда бүгiнгi күннiң шындығы. Әрине, бұл жетiстiктiң барлығы бiр күнде көктен түсе қалған жоқ. Бұл осы саланың дамып, жетiлуiне жасалған ерен еңбек пен әу баста дұрыс жоспарланған бағыттың нәтижесi.

2005 жылы комитет арқылы бiртұтас деректер қорына негiзделген 5 ақпараттық жүйенi жасау саланы серпiлтiп, алға басуына үлкен ықпалын тигiздi. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары алғаш құрылған кезде бөлек-бөлек деректер қоры бойынша жұмыс iстесе, 5 жүйенiң, яғни «Бiрыңғай бiрiздендiрiлген статистикалық жүйе», «Арнайы есепке алу»,  «Автоматтандырылған дактилоскопиялық жүйе», «Тұлғалардың өтiнiштерiн бiрыңғай есепке алу» және «Ақпараттық жүйенiң» iске қосылуы ақпараттарды жинақтап, өңдеудi жаңа белеске шығарды.

— Азаматтардың құқығын қорғауды барынша күшейту үшiн қылмыстарды есепке алу-тiркеу қызметiн одан әрi жетiлдiру бағытында қандай жұмыстар жүргiзiлуде?

— Бүгiнгi күнi статистикалық есептiлiк пен арнайы есепке алу жұмыстары толық автоматтандырылған. Бұл құқықтық статистика қызметкерлерiн қағазбастылықтан арылтып, жұмыста отырып-ақ, есепке алу құжаттарын комитетке электронды түрде ұсынуына мүмкiндiк бередi. Саладағы үдерiстердi автоматтандырудың қоғамға тағы бiр пайдасы, ол сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын сәттердi болдырмау мен алдын алуда таптырмайтын құрал екендiгi дәлелденiп отыр.

Атап айтсақ, қылмыс туралы хабарлама түскен мезеттен бастап сотқа дейiнгi  қабылданған барлық процестiк шешiмдер 24 сағат iшiнде  WEB — «Сотқа дейiнгi тергеп-тексерудiң бiрыңғай тiзiлiмi» автоматтандырылған жүйесiне енгiзiледi.  Ал, бұл мәлiметтер сотқа дейiнгi тергеудi жүргiзетiн қылмыстық қудалау органдарының да, қадағалаушы және уәкiлеттi прокурорға өз құзiреттерi шегiнде бiрдей қолжетiмдi. Демек, олардың барлығы да өздерi қабылдаған процестiк шешiмдердi өз кабинеттерiнен шықпай-ақ, жүйеге енгiзе де, қадағалай да алады.

Сондай-ақ, тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы туралы мәлiметтердiң болуы не болмауы туралы анықтама берудiң толық автоматтандырылғанын да атап өту қажет. 2015 жылға дейiн бұл қызмет түрiн алу үшiн азаматтар 5 жұмыс күнiн жұмсап, ХҚКО-на бергенге дейiн  комитеттiң аумақтық басқармаларына жүгiнуге мәжбүр болатын. Ендi анықтаманы алу уақыты 5 жұмыс күнiнен 3 минутқа дейiн тездетiлдi.  

Ендiгi мақсат — ақпараттарға азаматтардың оңай және жылдам қол жеткiзуiне барынша қолайлы жағдай жасау. Оны жүзеге асыруда комитет тарапынан түрлi инновациялық жобалар жасалып, оларды халыққа жеткiзу үшiн заманауи озық технологиялардың мүмкiндiктерi қолданылуда.

Атап айтсақ, үйден шықпай-ақ, кез келген уақытта компьютер, мобильдi телефон арқылы «Айқын» жобасы аясында  мемлекеттiк органға жазған арыздың тағдырын бiлуге, «Бизнес тiрегi» жобасы бойынша кәсiпкерлердi заңсыз тексерулерден қорғауға мүмкiндiктер бар.

Ал, комитеттiң service.pravstat.kz  мекен-жайында орналасқан ақпараттық портал арқылы 12 қызметтi электронды түрде алуға болады.

Мiне, 20 жыл iшiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу органы заманға сай дамып, қалыптасқан мемлекеттiк институт ретiнде танылып отыр.

Жиырма жыл iшiнде өзiне жүктелген мiндеттердi толық ақтап, мемлекеттiк органдар мен азаматтарды шынайы және дер кезiнде жинақталған мәлiметпен қамтамасыз ететiн сенiмдi ақпарат көзiне айналды.

— Әңгiмеңiзге рахмет.

Сұхбаттасқан Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстiк Қазақстан».

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары