$ 444.22  476.38  4.82

«Көшбасшыларыңыз қандай керемет!»

Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы құрметiне екi доңғалақты көлiкпен 3200 шақырым жер басып, Ауғанстан астанасы Кабулға барып қайтқан жиһанкез Кеңесбек Сейдiмбекұлы туған жерiне оралды. Бiз онымен жолығып, өзiн қызықтырған жәйттердi сұрастырдық.

Иә, бүгiнгiдей дағдарысты кезеңде велосипедпен әлемдi аралап, әрбiр елдiң тұрмыс-тiршiлiгiмен танысып қайту оңай шаруа емес. Десек те, жетпiстiң жотасына шыққан Кеңесбек ақсақал ұзақ жолға шығуға нартәуекел етiптi.

Оның алғашқы сапары 2011 жылғы сәуiр айында Мекке-Мәдинаға бағытталыпты. 550 шақырым жолды тұп-тура 63 күнде жүрiп өткен. «Мұхаммед пайғамбарымыз 63 жыл жасаған. Осы 63 санында бiз бiлмейтiн бiр құпия сыр бар» дейдi Кеңесбек ақсақал. Еуропа елдерiн аралаған ол Алла нәсiп етiп Америка Құрама Штаттарында да болыпты.

Кеңесбек Сейдiмбекұлы 2003 жылы Қазақстандағы Ресей жылына орай Шымкенттен шығып, Мәскеудi бетке алады. 3000 шақырым жолды жиһанкез 15 күнде жүрiп өтiптi. Киелi кент – Түркiстаннан Меккеге аттанған сапары сияқты бұл жолы да аса қиындық көре қоймаған.

– Жол-жөнекей кездескен жандар жөн-жоба көрсетiп, бағыт сiлтеп отырды. Қайырымды адамдар күтiп алып, ас-суын ұсынды, тынығатын орын бердi. Кетерiмде соңымнан қол бұлғап қалды. Жердiң дөңгелек екенi сияқты алдыңнан дөңгеленiп жақсы жандар ұшыраса бергенi жақсы екен. Екi сапар да маған үлкен шабыт сыйлады, – дейдi Кеңесбек көке.

– Үшiншi сапарыңыз ше? – деймiз көкейiмiзге қонақтаған сұраққа жауап алғымыз келiп.

Кеңесбек аға ойланып қалды. Бәрi де жақсы басталыпты. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлiбек Нұртаев пен Шымкент қалалық iшкi iстер басқармасы Еңбекшi полиция бөлiмi көшi-қон бөлiмшесiнiң бастығы Әбдiғани Ибрагимов виза ашып берiп, сондай-ақ қаржылай да көмектесiптi. ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнде Айжан Ахметқалиева деген қарындас жиһанкезге барынша көмектесiп отырыпты. Алайда, Ташкент арқылы сапар шеккен ол түрлi кедергiлерге тап болып, үш рет керi оралған. «Тәжiкстанға тек қана тәжiк азаматтары өтедi» деп кеденшiлер Кеңесбек ағаны керi қайтарған. Әйтсе де алған бетiнен қайтпаған Кеңесбек аға үшiншi ұмтылысында барар бағытына бiр табан болса да жақындай түсiптi. «Тұлпарының» рулiне Қазақстанның 2 жалауын тағып алған оны тоқтатқандар да көп болыпты.

– Жолға Құран Кәрiм мен Шыңғыс хан туралы кiтапты да ала шықтым, – дейдi Кенекең.

Түркiменстан небәрi бес күндiк транзиттiк виза бередi екен. Айналасы алаулап жанып тұрған қып-қызыл құм. Термометр бағаны 45-46 градус ыстықты көрсетiп тұр. Түркiменнiң ми қайнатар ыстық сахарасында ол түрлi қиындықтарға тап болады. Сонда да шыдап, белгiленген уақытта шекараға жетiп алуға ұмтылады. Құм қойнауында әр қырық, елу шақырым жерден соң ғана құдық кездеседi екен. Төбеден күн, жерден құм күйдiрген аптапта жол жүру азабын тартудай-ақ тартыпты. Иранға өткенде иманды адамдарға жолығыпты. Олар өзiмiз сияқты қонақжай, достық пейiлдерi кең адамдар екен. Жергiлiктi тұрғындар үйлерiне шақырып, барын ортаға қойып, мейман етiп күтiп жiберiптi.

– Ауған жерiне кiргенде басқа әлемге өтiп кеткендей күй кештiм. Жол бойы ауыр жүк көлiктерi әрi-берi жүйткiп жүр. Олардың жылдамдығы сондай, сусыған құммен бiрге талай рет жарға құлап кете жаздап, зорға аман қалдым. Хариман деген елдi мекен тұсынан өткенде тiптi зәре-құтым қалмады. Өртенген танктер, зеңбiректер орын-орындарында тұр. Ашық аспан астындағы мұражай дерсiз. Бiрақ көңiлге зiл әкеледi. Өлiп-талып Кабулға да жеттiм-ау, – дейдi Кеңесбек ақсақал.

–  Осы соқпақты сапарыңызда Ауған елiн не үшiн таңдадыңыз? – деп сұрадық қажырлы жиһанкезден.

– Түлкiбас ауданы Күмiсбастау ауылының тумасымын. Ауған елiн таңдауымда үлкен сыр бар. Ауған елi өз елiнде өгей халық. Өмiр бойы өз жерiнде шетелдiктермен соғысып келедi. Сонда да тәуелсiздiккке қол жеткiзе алған жоқ. Ал, бiз тәуелсiздiк құнын бiлемiз бе? Соңғы сапарға аттанарда ауыл биi Мұхтар мен досым Бекболатқа «жаман айтпай, жақсы жоқ. Егер Ауғанстанда олай-бұлай болып кетсем, сүйегiмдi елге әкелiп әуре болмай-ақ қойыңдар. Ауған елi таулы өңiрге орналасқан ғой. Бiр биiкте тәуелсiздiк үшiн қан төгiп жатқан елдiң дүбiрiн естiп, Қазақстанның тыныштығын тiлеп жатайын» дедiм. Бiрақ сапарым оң болды. Құдай сақтап, елге аман-есен оралдым. Тәуба! – дейдi от оранған жерден келген Кеңесбек аға.

Бiз одан әрi Ауған жерiнен не көрiп, не түйгенiн сұрадық.

– Арып-ашып Ауған елiне де жеттiм-ау сөйтiп. Қаланы екi күн араладым. Мұнда тура соғыс жылдарындағыдай жағдай қалыптасқан. Көшесiнде күндiз-түнi патрульдiк машиналар жүредi. Америка тiкұшақтары қаланы күндiз-түнi айналып ұшады. Көк аспанда әуе шарлары қалықтайды. Олардың да атқаратын мiндеттерi бар. Аяқ созып жатайын деп «Континенталь» деген қонақүйiне келсем, теңгем жетпедi. Сөйтiп жүрiп Ауғанстандағы Қазақстан елшiлiгiн тауып алдым. Әнуар деген жiгiт менi көрiп қорқып кеттi. «Көке-ау, қалай қорықпай жалғыз жүрсiз? Бұл жерге қайдан, қалай келдiңiз? Бұл қалада күн сайын дерлiк қақтығыстар болады. Оққа ұшсаңыз сiздi кiм iздейдi? Алдын ала хабар берсеңiз, күтiп алар едiк қой» деп қатты ренжiдi. Расында, маған бiр жағдай болса, елшiлiктегiлер жауап бередi емес пе? Содан елшiлiктегi қонақүйде бiр түнедiм. Ертесiне олар ұшаққа өздерi билет алып, менi Мазари-Шарифке аттандырды. Бұл жерде менi елшiлiк өкiлдерi күтiп алды. Осында жүргенде лаңкестер Германия елшiлiгi ғимаратын жарып жiбердi. Ғимараттың тек үйiндiсi қалды.

Екi аяқты «шайтанарбамен» сонау Қазақстаннан арнайы келгенiмдi естiп, жергiлiктi баспасөз құралдарының өкiлдерi менен сұхбат алды. Баспасөз клубының төрiнде Қазақстан мен Ауғанстанның тулары желбiреп тұрды. Журналистер сұрақты жаңбырша жаудырды. Мен тәуелсiздiк халқымыздың баға жетпес құндылығы екенiн айта келiп, Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеурiндi және дана басшылығымен елiмiз экономикалық, саяси, әлеуметтiк салада аса iрi өзгерiстер жасағанын тiлiмнiң жеткенiнше баяндап бердiм. «Мәңгiлiк Ел» мұраты – тыныштық пен тұрақтылық екенiне тоқталдым. «Шiркiн-ай, оқтың даусы естiлмейтiн, оттың иiсi шықпайтын, тек қалыпты еңбек ырғағы есiп тұрған ел қандай бақытты» деп журналистер жабырқап қалды. Ауғандықтар бiздiң Ұлт Көшбасшысын жақсы бiледi екен. «Ядролық қарудан өз еркiмен бас тартқан, бейбiтсүйгiш, биiк парасатты, дана, керемет адам. Бiзге де Н.Назарбаевтай бiр басшы керек» дейдi олар. Мен Қазақстан сынды алып елде туғаныма, оның Нұрсұлтан Әбiшұлындай көреген Ұлт Көшбасшысы бар екенiне мақтанып, төбем көкке екi елi жетпей тұрды, – деп аяқтады сөзiн жиһанкез.

Тәуелсiздiктiң тәттi дәмiн оқ пен оттың ортасында анық сезiнiп келген қарияға  бiз «алдағы сапарларыңыз да сәттi болсын!» деп тiледiк.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстiк Қазақстан».

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Туған жердi түлетейiк!
Келесі жаңалық
Жұлдызды 25 күн