$ 444.32  473.33  4.76

Жұлдызды 25 күн

Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай облысымыздың ақ жаулықты әжелерi дендросаябаққа 25 түп көшет отырғызды. Облыстық ардагерлер кеңесi ұйымдастырған iс-шараға 70 пен 90 жас аралығындағы көпбалалы Батыр аналар қатысты.

«Бiр тал кессең, он тал ек» қағидасын ұстанатын ақ жаулықты әжелер осы игi iс арқылы жастардың бойына табиғатқа, Отанға деген сүйiспеншiлiктi сiңiрудi көздептi. Облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұловтың айтуынша, Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына арналған iс-шаралар әлi де жалғасын табады.

– «Ұлтын ойлаған ел  ұрпағын түзейдi» демекшi, аға буын өкiлдерi жастарға өнегелi iстерiмен үлгi болуы тиiс. Таяуда облысымызда әжелер форумы өтедi. Сол форумда да ұрпаққа пайдалы келелi кеңестер айтылып, салт-дәстүрлерiмiз насихатталады, –  дейдi ол.

Депутаттың демеушiлiгi

Шымкент. «Қазығұрт» шағынауданында ҚР Тұңғыш Президентi күнiне арналған мерекелiк шара өттi. «Жұлдызды 25 күн» акциясы аясында өткен жиында облыстық мәслихаттың депутаты Жұмағали Бiлiсбеков мектеп ұжымына 300 мың теңге көлемiнде қаржылай қолдау көрсеттi және бiлiм ұясы маңына 50 түп көшет отырғызуға мұрындық болды.

Бұл күнi «Тәуелсiздiк аллеясы» деп аталған кiшiгiрiм баққа 25 ақ қайың және 24 шырша көшетi егiлдi.

– Облыс әкiмi Жансейiт Түймебаевтың өңiрдi көгалдандырайық деген бастамасына қолдау бiлдiрiп, осы iс-шараны қолға алдық. Тұқымбақтан сапалы көшет әкелiп отырғыздық. ҚР Тұңғыш Президентi күнi бәрiмiзге ортақ мереке болғандықтан әрбiрiмiз үлес қосуымыз керек, – дейдi Жұмағали Бiлiсбеков.

Кезiнде Елбасының өзi ашқан 1200 орынды мектепте 1468 оқушы бiлiм алып жүр. Оқушылардың арасында бiлiмдi әрi өнерлi өрендер көп. Мерекеде осы оқушылар концерттiк бағдарламасын ұсынып, көрермен көңiлiне шуақ сыйлады.

Қазығұртта – жаңа көпiр

Қазығұрт. «Жұлдызды 25 күн» акциясы шеңберiнде Алтынтөбе ауыл округi, Қосағаш елдi мекенiнде жаңа көпiр пайдалануға берiлдi. Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы және ҚР Тұңғыш Президентi күнi мерекесiне орайластырылған көпiрдiң ашылу салтанатында Қазығұрт ауданының әкiмi Төлеген Телғараев тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Көпiр құрылысына облыстық бюджет есебiнен 126,5 млн. теңге бөлiнiп, жұмысты «Арсенал-Юг» ЖШС атқарған. Қаржан өзенiнен көлiкпен өту мәселесiн шешiп берген көпiрдiң ұзындығы – 90, ал, енi – 8 метр. Бұл – осы ауданда 25 жылдан берi салынған 8-шi көпiр. 2020 жылға дейiн тағы 4 көпiр салынып, ондай нысандар саны 28-ге жетедi деп күтiлуде.

Қайырымдылықпен ұштастырды

Мақтаарал. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнi мерекесi қарсаңында Жетiсай қаласының әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен әлеуметтiк жағдайы төмен отбасылар азық-түлiк өнiмдерiмен қамтамасыз етiлдi.

«Жұлдызды 25 күнге» үн қосқан Мақтаарал ауданының жеке кәсiпкерлерi Мұратбек Байтелиев, Бектұрсын Өмiрзақов, Жабай Шындалиев, Рахила Басымбекова 20-дан астам отбасыға демеушiлiк жасады. Сондай-ақ, тұрғын үйлерi жөндеудi қажет ететiн отбасыларға жөндеу жұмыстары үшiн қажеттi құрал-жабдықтар да берiлетiн болды.

Бейбiтшiлiктi насихаттаған көрме

Облыстық тарихи-өлкетану музейiнде ел Тәуелсiздiгiнiң  25 жылдығына орай «Ұлы дала елi – Тәуелсiздiктiң  25 негiзi» атты жұлдызды күндер аясында  «Қазақстан – ядролық қарусыз әлем үшiн» атты көрме өттi. Көрмеге ядролық сынақ алаңынан түсiрiлген  фотолар, Елбасының БҰҰ-да ядролық қарудан  бас тарту жөнiндегi баяндамасынан ейнекөрiнiстер, «Невада-Семей» қозғалысының басқосулары мен  митингiлерiнен сыр шерткен суреттер қойылды. Iс-шарада «Семей-Сынақ» қоғамдық ұйымының төрағасы  Сайлау Жиенбаев,   №6506 әскери бөлiмiнiң майоры Альфия Ахметжанова, ҚР Қорғаныс министрлiгiне қарасты әскери-техникалық мектептiң полковнигi Серiкбай Онбаев сөз сөйлеп, көрменiң маңыздылығына тоқталды, естелiк әңгiмелер айтты. Сондай-ақ, мәдениет саласының қызметкерлерi, әскери бөлiм сарбаздары, ЖОО студенттерi, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары