$ 443.85  474.3  4.8

Даналық пен даралық

«Өткендi бiлмей, болашақты болжау мүмкiн емес» дейдi халық даналығы. Ата тарих – халықтың бүгiнi мен болашағын айқындайтын көрсеткiш. Кез келген халықтың маңдайына жазылған тағдырлы жолы осы тарихтың терең қойнауынан тамыр алады. Сондықтан төл тарихын ұлықтаған, ата-бабалар салып кеткен сара жолды ұстанған халықтың келешегi кемел, ертеңi жарқын болмақ.

Тарих барлық кезде де шындыққа, ақиқатқа негiзделуi керек. Егер өткенiмiз бұлыңғыр болса, келешегiмiздiң айқын болуы екiталай нәрсе. Сонау Байкалдан Балқанға дейiнгi ұлан-асыр даланы еркiн жайлаған көшпелi халқымыздың тарих сахнасындағы аумалы-төкпелi өмiрi бiркелкi болды деп айта алмаймыз. Қилы-қилы замандарды бастан өткерiп, толарсақтан саз кешiп, ауыздықпен су iшсе де, сан алуан сүрлеу-соқпақтардан сүрiнбей өткен бабаларымыздың көздеген мақсат-мұраты — «Едiлдiң бойы – ен тоғай, ел қондырсам деп едi. Жағалай жатқан сол елге – мал толтырсам деп едi».

Негiзi қазақ Ұлы деген сөзден қашпауы тиiс. Қазақ – шын мәнiнде Ұлы халық. Халқымыз Ұлы болмаса, жан-жағымыздағы көршiлерiмiздiң көкiрегiнде қызғаныш отын тұтатып,  көлемi жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын ұлан-асыр аймақты уысында ұстап тұра алмаған болар едi. Тарихшылардың зерттеуiнше, қазақтың тарихында орын алған соғыстардың 93 пайызы Ұлы дала жерiн басқыншы дұшпандардан қорғау үшiн болған екен. Әйтпесе, қазақ ешқашан да өздiгiнен барып бейбiт жатқан көршiлес елдердiң шырқын бұзбаған, мазасын алмаған.

Ұлы Дала несiмен ұлы дегенде, ең алдымен, оны ұлы етiп қалыптастырған заңдылықтары мен алғы шарттарына тоқталған дұрыс секiлдi. Бiрiншiден, Ұлы Дала ұлдарының ең асыл қасиетi – әдiлеттi, турашыл, шындықты бұлтартпай бетке айтатындығы. Бабаларымыз «бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ» деген ұстаныммен өмiр сүрдi. «Ұлы далалықтар» қай ғасырда болмасын түрме салмай-ақ, полиция ұстамай-ақ кiсiнiң ала жiбiн аттамаудың үлгiсiн қалыптастырған, ұрлық-қарлықсыз қоғам құра бiлдi. Тiптi, бүгiнгiдей «жемқор», «жемқорлық» деген ұғым да болмады. Ел үстiнен күн көргендердi ақындар сынап-мiнеп отырды. Кейбiр тәртiпке көнбегендерiн атқа терiс мiнгiзiп, терiс бата берiп, үрiм-бұтағымен көз көрмеске жер аударған. Себебi, аталарымыз ұлтқа қауiп жемқорлықтан деп санаған.

Екiншiден, Ұлы Даланың  мәртебесiнiң биiк болуы оның бiрлiгi мен ерлiгiнде жатыр! Қазақтың бiрлiгi мен ерлiгi болмаса әлемде тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр жердi  сақтап тұра алмас едiк. Бабаларымыз «Төртеу түгел болса, төбедегi келедi, алтау ала болса, ауыздағы кетедi» деп санап, ынтымаққа ұйыған, ауызбiрлiкпен өмiр сүрген. Ата-бабаларымызда ауызбiрлiк болмаса 1681-1684 жылдардағы Сайрам соғысында сонау Ақтөбеден Тiлеу батыр 17 мың әскерiн бастап келiп, анталаған жоңғар әскерiмен қиямет-қайым соғысар ма едi? Төрт жылға созылған осынау соғыста Тiлеу батыр 11 мың сарбазынан айрылып, өзi ұлы Жолдаяқ батырмен бiрге шейiт болды. «Сайрам — менiң туған өлкем емес, мен батыс жақтанмын ғой» деп кергiп жатып алмады. Мiне, қазақтың ауызбiрлiгi мен ынтымағының жарқын көрiнiсi!

Үшiншiден, Ұлы Даланың ғажап салт-дәстүрлерi мен бай мәдениетi қандай ұлықтауға да лайық. Ұлы Даланың рухының биiктiгi, намысты, ар-ожданды бәрiнен жоғары қоюы үнемi көздеген мұрат-мақсатына жеткiзiп отырды. Әрине, «ыстығы көтерiлiп» тұрған Ар-ождан мәселесi оңай шешiмiн таба салатын дүние емес. Ол — жан-жақты талқылауларды, үлкен зерттеудi, ғылыми-әлеуметтiк сараптауды қажет ететiн, мемлекеттiк тұрғыдан арнайы бағдарлама қабылдап, ұлт болып, ұйысып, жұрт болып жұмылып атқаратын шаруа. Бiз қашан да Елбасының жемқорлыққа қарсы жүргiзiп жатқан сындарлы саясатын, бағдарламаларын қолдаймыз. Бiздiң мақсатымыз – коррупциядан ада, тазарған мемлекет болу. Ондай мемлекеттер дүние жүзiнде аз емес. Бiз сол елдердiң тәжiрибесiн өзiмiзге енгiзу арқылы солармен деңгейлесе аламыз.

Ел Тәуелсiздiгiне — 25 жыл! Шүкiр, ширек ғасырдан берi тәуелсiз мемлекетпiз. Өз жерi бар, шекарасы шегенделген, әлем мойындаған бiрыңғай елмiз. Бiздiң мiндетiмiз – Ұлы Даланы қастерлеу, құрметтеу, тарихын зерттеп, болашақ ұрпақтың игiлiгiне жарату, жастарымызды ұлтжанды, рухты, батыл, отансүйгiш, ата-бабаларындай ержүрек етiп тәрбиелеу.

Сағынғали ӘБУБӘКIРОВ, ғалым.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Бiр ұжымда — үш Нұрсұлтан!
Келесі жаңалық
Жұлдызды 25 күн