$ 444.22  476.38  4.82

Жұлдызды 25 күн

«Жұлдызды 25 күннiң» 26 қарашасы облыста «Азаматтық қоғам» күнi ретiнде аталып өттi. Осы күнi өңiрiмiздегi азаматтық қоғамның дамуына елеулi үлес қосқан еңбек ардагерi Клара Әлiпова мен журналистика саласында жемiстi еңбек еткен Юрий Кирюхинге құрмет көрсетiлдi.

Облыс әкiмiнiң орынбасары Ұласбек Сәдiбеков алдымен «Азаматтық альянс» қауымдастығының мүшелерiмен жүздесiп, Клара Төлендiқызына өңiр басшысының сый-сияпатын тапсырды.

— Сiздi облыс жұртшылығы «Азаматтық альянс» қауымдастығының негiзiн қалаушы ретiнде бiледi. Қауымдастық арқылы үкiметтiк емес ұйымдардың дамуына жағдай жасап, қоғамдағы әлеуметтiк мәселелердi шешуге ықпал еттiңiз. Бүгiнде iргелi ұйым облыстағы үкiметтiк емес секторларды маңызы үлкен жобаларды жүзеге асыруға бағыттап, бизнес құрылымдарын мәдени және қайырымдылық жұмыстарға тартып келедi, — дедi облыс әкiмiнiң орынбасары.

Тәуелсiздiктiң ширек ғасырлық шежiресiне көз салсақ, елiмiздегi үкiметтiк емес ұйымдардың азаматтық қоғамды дамытуға деген талпынысын анық аңғаруға болады. Мәселен, 2000 жылдары облыс көлемiнде 400-ге жуық қоғамдық ұйым болса, биыл олардың саны 1200-ге жеткен. Қоғамдық ұйымдарды қолдауға бөлiнетiн қаржы көлемi де жыл сайын еселенiп келедi. Егер 2006 жылы облыстық бюджеттен мемлекеттiк тапсырысты орындауға бар болғаны 6 миллион теңге қарастырылса, биыл оның көлемi 540 миллион теңгенi  құрап отыр.

Сондай-ақ, Ұласбек Сәдiбекұлы бұл күнi ардагер журналист, көп жыл облыстық «Южный Казахстан» газетiне, облыстық славян этномәдени орталығына басшылық еткен Юрий Кирюхиннiң  шаңырағында болды.

— Сiздiң журналистика саласынан бөлек, этносаралық келiсiмдi нығайтудағы еңбегiңiздi өңiр халқы ерекше бағалайды. Облыстағы славян халықтарын бiр орталыққа жұмылдырып, тұрақтылықтың тұғырын бекемдеуге көп еңбек еттiңiз. Сiздiң бастамаңызбен өмiрге келген «Қазақ романсиадасы» байқауы талай талантты жастың томағасын сыпырып, қазiр олардың алды әлемнiң үлкен сахналарында өнер көрсетiп жүр, — дедi облыс әкiмiнiң орынбасары.

***

Бұл күнi облыс әкiмiнiң орынбасары Ұласбек Сәдiбеков Астана қаласында өтетiн республикалық жастар форумына қатысатын өңiр жастарымен де кездестi.

— Облыс әкiмi Жансейiт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша, үлкен сапардың алдында өздерiңiзге сәттiлiк тiлеу үшiн бас қосып отырмыз. Өңiрдегi 800 мыңға жуық жастың iшiнен мәнi зор, маңызы үлкен форумға 102 жас жолдама алып, Елбасымен кездесуге мүмкiндiк алып отыр. Бұл — сiздер үшiн үлкен мәртебе. Сондықтан форумда мемлекеттiк жастар саясатын жүзеге асыру аясында тың ұсыныстарыңызды алға тартып, келелi ой түйiп қайтуларыңызға тiлектеспiн, — дедi.

Айта кетейiк, Астанадағы кезектi форум үш күнге созылмақ. 29 қараша күнi «Думан» ойын-сауық орталығында форумға қатысушыларға «Думанды жастар» мерекелiк бағдарлама ұсынылса, 30 қарашада жастар Астана қаласының көрiктi жерлерiн аралап, түстен кейiн Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң базасында 7 секция бойынша өтетiн мемлекеттiк жастар саясатын жүзеге асыру тақырыбындағы пiкiрталас алаңына қатысады. Форумның негiзгi шарасы 1 желтоқсанға жоспарланған. Бұл күнi Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Тәуелсiздiк сарайында республикалық жастар форумы шымылдығын түрсе, түс қайта Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнде пленарлық отырыс өтедi. Отырысты ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Иманғали Тасмағамбетов жүргiзедi.

Этнос өкiлдерi — жарыс алаңында

Өткен сенбiде ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай Шымкент қаласындағы жеңiл атлетика манежiнде  облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және облыстық «Қоғамдық келiсiм» орталығының ұйымдастыруымен  этномәдени бiрлестiктер арасында спорттың бiрнеше түрiнен спартакиада өттi. Жарыстың ашылу салтанатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлi Қалмұратов спорттың тек денсаулық кепiлi ғана емес, түрлi этностар арасындағы ынтымақтастықты, достықты нығайтатынын да айтты.  Спартакиадаға облысымыздағы этномәдени бiрлестiктердiң және ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер және блогерлер клубының мүшелерiнен құралған 9 команда қатысты. Мини футбол, шахмат, үстел теннисi, жеңiл атлетика, арқан тарту секiлдi спорт түрлерiнен сынға түскен командалардың арасында Иран этномәдени бiрлестiгi жалпыкомандалық есепте бас жүлденi жеңiп алса, славян этномәдени бiрлестiгi I орынға ие болды.  Ал, II орын өзбек этномәдени бiрлестiгiне,  III орын қырғыз этномәдени бiрлестiгiне бұйырды. Жарыс барысында жеңiмпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлыққа ие болды. 

Мерекенi қайырымдылықпен ұштастырды

ТҮлкiбас. «Жұлдызды 25 күн» акциясын жандандырған Түлкiбас аудандық мәслихаты және «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттiк мекемесi «Азаматтық қоғам» атты қайырымдылық шарасын өткiздi.  Аудандық мәслихат депутаты Е.Оспановтың қолдауымен мүмкiндiгi шектеулi, аз қамтылған, тұрмыстық жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларынан шыққан 25 оқушы Шымкент қаласының көрiктi жерлерiне саяхаттады. Олар зообақ, тарихи-өлкетану мұражайын, дендросаябақ, Бәйдiбек ата ескерткiшiн және қаланың өзге де орындарын аралады.

Сондай-ақ, Майлыкент ауылдық округiнде де игi шара өттi. Осы ауылдық округтiң әкiмi К.Жартыбаевтың ұйымдастыруымен өткен жиында әлеуметтiк жағдайы төмен отбасыларға дастарқан жайылып, оларға тегiн ұн таратылды. Аудан әкiмiнiң орынбасары Ж.Бектаева жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Болашақ – бiрлiкте!

Отырар. Ақтөбе ауылында ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай «Қазақстандықтар – болашағы бiртұтас ел» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжiлiсi өттi. Жиында аудан әкiмiнiң орынбасары Әбдiғали Жүнiсов тәуелсiздiк қазақтың бағы екенiн айта келе, көпшiлiктi мерейлi мерекемен құттықтады.

«Дөңгелек үстел» мәжiлiсiнде елiмiздiң кешегiсi мен бүгiнгi жетiстiктерi, тәуелсiздiк жылдарындағы игi шаралар жөнiнде ардагер ұстаз Жақсылық Жүсiпов, аудандық мәслихат депутаты Жангелдi Нұров, «Қатира ана» балабақшасының меңгерушiсi Гүлшара Төлендi өз пiкiрлерiн бiлдiрiп, кез келген мемлекеттiң ең басты байлығы Тәуелсiздiк екендiгiн ерекше атап өттi.

Шара соңында қазақ халқымен бiрге жасап келе жатқан сан түрлi диаспоралардың татулығы мен мемлекетiмiздiң ширек ғасырдағы жетiстiктерiнен сыр шертетiн бейнеролик көрсетiлдi.

Еңбектерi елендi

СарыаҒаш. «Ұлы дала елi – Тәуелсiздiктiң 25 негiзi» акциясы аясында Тәуелсiздiк жылдары азаматтық қоғамның дамуына елеулi үлес қосқан аудандық БАҚ және ҮЕҰ өкiлдерiне құрмет көрсету рәсiмi өттi. Салтанатты шараға аудан әкiмi Қайрат Әбдуәлиев қатысып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы ақылдасты.

Жиын соңында аудан әкiмi баспасөз саласы мен үкiметтiк емес ұйымдарында жемiстi еңбек етiп жүрген бiр топ азаматқа Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс еттi.

Сондай-ақ, «Жұлдызды 25 күн» iс-шарасы аясында қоғамдық келiсiм кеңесi мүшелерi «Бiрлiк — бiздiң басты байлығымыз» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездестi. Ал, Құркелес ауыл округiнде аудандағы этномәдени орталықтардың көрмелерi ұйымдастырылды.

Өз тiлiн сүйедi, шет тiлiн бiледi...

СозаҚ.  «Жұлдызды 25 күн» акциясы аясындағы «Мемлекеттiк тiл» күнiне орай «Шолаққорған» жалпы орта мектебiнде 8-9-10-сынып оқушылары арасында интеллектуалдық сайыс өттi.

Бес шарттан тұратын сайыста оқушылар өздерiн таныстырып, викториналық сұрақтарға жауап бердi. Сонымен қатар логикалық ойлау қабiлеттерiн паш етiп, өз өнерлерiн де жұртшылық назарына ұсынды. Ал, қорытынды кезеңде ел Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына арнап эссе жазды. Қазақ, орыс және ағылшын тiлiн еркiн меңгерген оқушылар мемлекеттiң ұстыны – мемлекеттiк тiл екенiне тоқталып, сайысты түйiндедi. Аудандағы «Ертөстiк», «Балауса» балабақшаларында да осындай сайыстар ұйымдастырылды.

25 күнге созылатын акцияны қолдаған созақтық жастар тек байқаумен шектелмей, қайырымдылық шараларын да қолға алды. Созақ аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Ардагерлердi ардақтайық» iс-шарасы арқылы оқушылар Ұлы Отан соғысының ардагерi Әуезхан Шайдазимовтың үйiне барып, қолғабыс жасады.

"Оңтүстік Қазақстан"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары