$ 444.22  476.38  4.82

Оңтүстiктi нұрландырған

Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы жақындаған сәтте өткенiмiздi саралап, табыстарымызды түгендеп жатырмыз. Осындайда «Тәуелсiздiк бiзге не бердi?» деген сауал ойға оралады. Азаттықтың жемiсi мемлекеттiң саяси һәм экономикалық еркiндiгiмен қатар, осы ширек ғасырда халықтың қолы жеткен игiлiктерiмен де сипатталады. Мiне, осы тұрғыдан қарағанда азаттықтың ақ таңы атқалы бүкiл республикамен қатар Оңтүстiк Қазақстан облысында да ғасырларға жүк боларлық ауқымды iстер атқарылды. Солардың бiрқатарына тоқтала кетсек...

Мақтааралды көркейткен – «Тәуелсiздiк» көпiрi 

1993 жылдың мамыражай мамырында Елбасының өзi «ел жүрегi, жер кiндiгi» деп атаған киелi Ордабасы жерiнде 150 мың адам қатысқан үлкен жиын өткенi мәлiм. Әйгiлi басқосуда Мемлекет басшысы «Береке басы – бiрлiк» атты тарихи баяндамасын жасап, ел болудың, тәуелсiздiктi сақтаудың басты шарты – халықтың ынтымақ-бiрлiгi екенiн айтқан едi. Содан берi Елбасы Оңтүстiкке әркез қамқорлық жасап келедi, өңiр халқы да Ордабасы мұратына адалдық танытып, бiрлiгiне бекем болып отыр. Осының арқасында күнгей өңiрде аз уақытта ауыз толтырып айтар iстер атқарылды. Соның бiрi — Сырдария өзенiнiң үстiнен салынған, Мырзашөл өңiрiн республиканың басқа бөлiгiмен байланыстырып тұрған Тәуелсiздiк көпiрi.

Сол жылдары экономикасы тоқыраудан арыла қоймаған жас мемлекет үшiн мұндай алып құрылысты бастау оңайға түспегенi түсiнiктi. Бiрақ Кеңес Одағы ыдырап, әр ел өз шекарасын бекемдей бастаған тұста Мақтаарал ауданы халқының облыс орталығымен байланысы қиындап, оқшауланып қалды. Үш жүз мыңға тарта тұрғын Шымкентке қатынау үшiн Өзбекстан аумағынан өтуге мәжбүр едi. Сол себептi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев батыл шешiм қабылдап, Сырдарияның үстiнен үлкен көпiр салуға пәрмен бердi.  Мақтаарал ауданының артта қалмай, әлеуметтiк-экономикалық тұрғыда дамуына сол көпiрдiң де ықпалы зор болды. Соның арқасында ауданның өңiрлiк жалпыiшкi өнiмi 25 жылда 644 миллионнан 112 миллиард теңгеге дейiн өскен.

Түркiстан қайта түледi

Тәуелсiздiк жылдарында исi түркiнiң рухани төрi – Түркiстан қаласы да қайта түледi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен 2000 жылы Түркiстан қаласының 1500 жылдығы ЮНЕСКО көлемiнде жоғары деңгейде атап өтiлдi. Бұл шара халқымыздың ынтымақ-бiрлiгiн арттырып, рухымызды асқақтатқан той ғана емес, қала дамуындағы бетбұрысты кезеңге айналды. Бiр мың бес жүз жылдық тойға дейiнгi және одан кейiнгi Түркiстан салыстыруға келмейдi. Кезiнде кеңестiк кертартпа саясаттың салдарынан шаң басқан даланың ортасында қараусыз қалған Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң маңы бүгiнде барынша абаттанып, жылына 1 миллионға тарта турист келетiн орталыққа айналды.

Елбасының тiкелей бастамасымен ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi бүгiнде әлемдiк стандарттарға сай бiлiм беретiн iргелi оқу ордасы. Бұл университет Түркiстанда үлкен ғылыми ортаның қалыптасуына, мәдениет, өнер мен спорттың дамуына ықпал етiп, көне қаланың заман ағымымен үндесiп, өркениеттi жолмен дамуына негiз болды.

Тәуелсiздiк жылдарында Әзiрет Сұлтан тарихи қорық-мұражайы, тарихи-этнография орталығы, қолөнер шеберлерi орталығы, туристiк орталық, үлкен мешiт сынды бiрегей нысандар ашылып, көптеген жаңа мектеп, балабақша, аурухана мен емханалар салынып, көпқабатты зәулiм үйлердiң бой көтеруi түркiстандықтардың күнделiктi өмiрiн жақсы жаққа қарай өзгертiп, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына сеп болуда.  

Қайта жаңғырған кеншiлер шаһары

Тәуелсiздiктiң игiлiгiн сезiнiп, Елбасының қамқорлығына бөленген қала жалғыз Түркiстан емес. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өтпелi қиындықтар кезiнде азып-тозған Кентау қаласы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған моноқалаларды дамыту бағдарламасының арқасында гүлденiп келедi. 2012 – 2015 жылдары аталған бағдарламаның аясында кеншiлер қаласының дамуына 4 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты. Бағдарламаның екiншi кезеңiнде бұл көрсеткiш еселене түспек. Нәтижесi жаман емес. Әйгiлi Кентау трансформатор зауыты бүгiнде бар қуатымен жұмыс iстеп, трансформатордың 300-ден астам түрiн шығарып келедi. Шағын қаладағы басқа өндiрiс ошақтары да ойдағыдай жұмыс iстеп, тұрғындардың екi қолына бiр күрек табуына жол ашуда.

Кентаудың бүгiнгi ажары көз қуантады. Инфрақұрылымдық, коммуналдық мәселелер оңтайлы шешiлiп, жолдар жөнделiп, жаңа әлеуметтiк нысандар қатары көбеюде. Кезiнде есiк-терезесi үңiрейiп, қаңырап бос қалған көпқабатты тұрғын үйлер күрделi жөндеуден өтiп, аулалары абаттанған. Қазiр онда асыр салып ойнаған сәбилердiң күлкiсi жаңғырып, тiршiлiк қыз-қыз қайнап жатыр. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың моноқалаларды көркейту жөнiндегi тапсырмасының жемiсi.

Шымкент – Елбасы назарындағы қала

Тәуелсiздiк жылдарындағы жаңғыру, жаңару туралы сөз қозғағанда Президент Н.Назарбаевтың пәрменiмен елдегi үшiншi қалаға, заманауи мегаполиске айналған Шымкентке тоқталмай өту әсте мүмкiн емес. Басқаны айтпағанда Шымқаланы қақ жарып ағып жатқан Қошқарата өзенiнiң сол бiр жылдардағы жағдайы мүшкiл едi. Айналасы күл-қоқысқа толып, жын-ойнаққа айналған-ды. Елбасы әлемнiң ең әсем қалаларының ортасында үлкендi-кiшiлi өзендер барын, бұл қаланың тамаша артықшылығы екенiн айтып, Қошқаратаның маңын абаттандыруды жергiлiктi билiк өкiлдерiне жүктеген болатын. Соның нәтижесiнде Қошқарата өзенiнiң маңы бүгiнде шымкенттiктердiң ең сүйiктi демалыс орындарының бiрiне айналды. 

Шымкент – Елбасының назарындағы қала. Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» стратегиясында «Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистiк орталықтары, iрi қалалары – Астана мен Алматы, одан соң Шымкент болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы бiлiм беру, медицина, әлеуметтiк-мәдени қызметтер көрсетедi» деген болатын.

Елбасының Шымкенттi Қазақстандағы үшiншi қалаға айналдыру жөнiндегi тапсырмасын мүлтiксiз орындау мақсатында соңғы жылдары көптеген iстер атқарылды. Қала аумағы үш еседей ұлғайып, жаңадан Қаратау ауданы құрылғаны мәлiм. Жаңа әкiмшiлiк-iскерлiк орталығында бой көтерген «Түркiстан» салтанат сарайы, Көрме орталығы, Жұмат Шанин атындағы облыстық драма театры секiлдi нысандар қаламыздың көркiне көрiк қосып, тұрғындарға қуаныш сыйлауда.

Миллионға тарта халқы бар Шымкент қаласы мәдени, тарихи-танымдық орындарға бай. Қаладағы «Қасiрет», «Даңқ» мемориалдары, «Тәуелсiздiк» саябағы, «Шәмшi» аллеясы, «Наурыз» алаңы, облыстық Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы, тарихи-өлкетану мұражайы, жақында ғана ашылған «Жайлаукөл» демалыс аймағы тек мәдени-демалыс орындары ғана емес, ұлттық құндылықтарымыздың қадiр-қасиетiн танытатын, жас ұрпақты отансүйгiштiкке тәрбиелейтiн бiрегей танымдық кешендер екенi сөзсiз. 

Көксарай көп түйткiлдi тарқатты

Тәуелсiздiк жылдарында жүзеге асқан аса маңызды жобалардың тағы бiрi – Көксарай су реттегiшiнiң құрылысы. Ұзақ жылдар бойы Оңтүстiк Қазақстан мен Қызылорда облысының тұрғындары су тасқынынан зардап шегiп келдi. Сырдариядан көктемде өте көп су келiп, жағалаудағы ауылдарды әбiгерге салады. Ал, жазда егiстiкке ағын су керек кезде диқан қауымы ылғалға зар болады. Әсiресе, 2008 жылы Оңтүстiктегi су тасқынының зардабы 15,8 миллиард теңгеге жетiп, соның кесiрiнен мемлекет қазынасы 130 миллион долларға шығындалды.  Мамандар жағдайды реттемесе, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы – 20, Қызылорда облысындағы 50 елдi мекеннiң мұз көшкiнiне ұшырау қаупi бар екенiн айтып дабыл қақты.  Мiне, осы тұста Елбасы тағы да халықтың мүддесiн ескерiп, оңтайлы шешiм қабылдады. Су қоймасының құрылысы 2008 жылы басталып, ұзындығы 45 шақырымдық бөгеттiң құрылысы 2011 жылы аяқталды. Ғасыр жобасына баланған осы құрылыстың арқасында қосымша 300 мың гектар жайылым пайда болып, Шардара су қоймасының қуаттылығы 25 пайызға артты, Арал теңiзiне түсетiн ылғал мөлшерi де молайды.

«Бейнеу—Бозой—Ақбұлақ» —  ғасыр жобасы

Тәуелсiздiктiң Оңтүстiк өңiрiне берген жемiстерiнiң тағы бiрi — «Бейнеу—Бозой—Ақбұлақ» отандық магистральды құбыры. Кешегi кеңестiк кезеңнiң өзiнде ошақтың отынан басқаны көрмеген облыстың 8 ауданындағы 248 елдi мекеннiң 700 мыңға тарта тұрғыны сол құбырдың арқасында «көгiлдiр отынға» қол жеткiзгелi отырса, мұны қалай Тәуелсiздiктiң жемiсi демессiз?! 2009 жылдан 248 елдi мекеннiң көпшiлiгi, нақтырақ айтсақ, 203-i газдандырылып үлгердi. Қалғандары да алдағы бiр-екi жылда «көгiлдiр отынның» рахатын көре бастайды. Ал, жалпы тәуелсiздiк жылдарында өңiрде 268 елдi мекен газдандырылыпты. Онда 1,6 миллионнан астам тұрғын өмiр сүредi.

Бiздiң санамалап өткенiмiз тәуелсiздiк жылдарында  Оңтүстiкте атқарылған оңды iстердiң бiр парасы ғана. Елбасының сарабдал саясатының арқасында ұлттың ұйытқысына айналған өңiр ширек ғасырда жайнап, жаңарып, өркендеп, адам танымастай өзгерiп, нұрын шашқан өлкеге айналды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары