$ 443.85  474.3  4.8

Мұратымыз — мәңгiлiк елдi тұғырлы ету

«Жұлдызды 25 күн» акциясы аясында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң әскери кафедра меңгерушiсi, подполковник Жақып Кенжебаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойына арналған  «Тәуелсiздiк тұғырына — 25 жыл» атты конференция ұйымдастырылды.

Конференцияға студенттермен қатар тәжiк-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысушы, қоғамдық жұмыстардың белсендiсi  Нұрлан Қадыр, университет жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Бекзат Төлебай және әскери кафедраның  профессорлық-оқытушылар құрамы белсене қатысты.

Әлемде өз тәуелсiздiгiне жете алмай жүрген елдер аз емес. Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған азаттықтың ақ таңы атып, тәуелсiз мемлекет ретiнде шетелдерге танымал болған Қазақстанның бүгiнгi қол жеткiзген табысына тамсана да таңқала қарайтындар көп. Жиырма бес жылда жас мемлекеттен жасампаз елге айналдық. Толағай табыстардың басында сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтай Ұлт көшбасшысы тұрған елдiң мұраты асыл, мақсаты анық.

Конференция барысында жастарға мемлекеттiк тiл, мемлекеттiк саясат мәселелерi бойынша да тағлымды әңгiмелер айтылды.

Тәуелсiздiк тамыры терең тарихымызды тiрiлттi. Мемлекет екенiмiздi өзгеге мойындатар өз әскерiмiздiң барын, шекарамыз айқындалғанын айта келе, оқытушылар жастарды баға жетпес байлығымыз Мемлекеттiк рәмiздерiмiздi қастерлеуге шақырды. 

Мiне, осындай мазмұндағы өнегелi өсиет сөздер дәрiптелген конференцияға қатысушылар Қазақстанның азаматы екендiктерiне мақтана, марқая тарасқаны анық. Ендiгi мақсат, Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, тәуелсiздiктi тұғырлы ете отырып, Мәңгiлiк ел қалыптастыруға бар күш-қайратымызды жұмсауға мiндеттiмiз. Бұл iсте өз елiм дегенде өзегiн жұлып беруге дайын жастарды тәрбиелеу, ата-баба аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру мiндетi тұр. Ел азаматтарын осы iсте ұйымшылдық танытуын қалаймыз.

А.УРУСТАМБЕКОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң әскери кафедра оқытушысы, запастағы подполковник.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары